Digital • Кеше

Спорттық коучингке арналған бағдарлама

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде жасанды интеллект пен компьютерлік көру технологиясына негізделген жеке жаттығуға арналған интеллектуалды спорттық коучинг бағдарламасы әзірленіп жатыр. Жоба «Iron-BARS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылмақ.

Спорттық коучингке арналған бағдарлама

Бағдарлама спортшылар мен әуесқой пайдаланушылардың қозғалыс техникасын автоматты түрде талдап, жеке физикалық көрсеткіштеріне сәйкес жаттығу түр­ле­рін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект ал­го­ритмдері арқылы қоз­ғалыстағы қателіктер анық­та­лып, жаттығу барысында тиімділігі артады. Жобаның ғы­лыми жетекшісі – информатика және ақпараттық технологиялар кафед­ра­сының доценті, PhD Әділжан Кереев. Оның айтуынша, бұл жоба ғылым мен практиканың тоғысқан нақты нәтижесі.

«Жасанды интеллект негізіндегі бұл бағдар­лама спорттағы жеке дайын­дықты жаңа деңгейге кө­те­ру­ге мүмкіндік береді. Ең ма­ңыздысы – студенттер нақты өндірістік тапсырмаларды шешу арқылы заманауи технология­ларды тәжірибеде меңгеріп жатыр. Жобаны әзірлеу барысында ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетіп отырған маман – университетте көп жылдар бойы дене шынықтыру пәнінен сабақ берген, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Сейіткерей Мұхтаров. Оның кәсіби тәжірибесі мен спорт саласындағы ғылыми білімі жобаның физиологиялық, әдістемелік талаптарға сай орындалуына зор ықпал етеді», дейді жоба жетекшісі.

Жобаны іске асыруға «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» білім беру бағдарламасының сту­денттері Ерлан Аймұ­қанов пен Кирилл Пили­пенко да жоба аясында жұмыс істеп жатқанын білдік. Орындаушы Ерлан Аймұқановтың айтуынша, бағдарлама компьютерлік көру технологиясы арқылы адамның қозғалысын дәл сол сәтте тануға негізделген. «Бұл жоба бізге машиналық оқыту мен деректерді талдау әдістерін практикада қолдануға мүмкіндік берді. Жасанды интеллект жаттығу сапасын арттыруға нақты үлес қоса алады», дейді ол.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интел­лек­тіні ғылым мен инновацияны да­мы­тудың негізгі тетігі ретінде атап өткені мәлім. Президенттің айтуынша, жасанды интеллект саласын­да­ғы ғы­лыми зерттеулер мен кадр даярлау – ел дамуының стратегиялық бағыты. Осы тұрғыдан алғанда, Қ.Жұбанов атын­да­ғы Ақтөбе өңірлік университетінде жүзеге асырылып жатқан бұл жоба еліміздегі қолданбалы жасанды интеллект зерттеулерін дамытуға және жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болмақ.

Жобаға қатысушылардың айтуынша, әзірленіп жатқан жобаның мүмкіндігі көп. Атап айтқанда, жүйе жаттығулар санын автоматты түрде есептейді. Со­нымен қатар  қозғалыс техникасындағы қателіктерді анықтайды. Тіпті пайда­ланушының дайындық деңгейіне қарай жеке ұсыныстар бере алады. Сондай-ақ жарақат алу қаупін төмендетіп, жаттығу тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырады. Алдағы уақытта бұл технология­ны спорт залдарында, білім беру меке­ме­лерінде және үй жағдайындағы жаттығуларға бейімдеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жоба отандық спорттық жабдықтарды цифрландыруға және интеллектуалды тренажерлерді дамытуға бағытталған. Мұндай жобалар өңірлік ғылымның әлеуетін арттырып, жас­тарды инновациялық қызметке тартуға және Қазақстанда жоғары технологиялы отандық өнімдер үлесін көбейтуге мүмкіндік береді.  

Соңғы жаңалықтар