Саясат • 10 Қаңтар, 2026

Бірпалаталы жаңа Парламенттің атауы қарастырылды

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының төртінші отырысы өтті.

Бірпалаталы жаңа Парламенттің атауы қарастырылды

Жұмыс тобы былтыр 8 қазанда Президент өкімімен құрылған еді. Алғашқы отырысы Мемлекет басшысының қатысуымен 14 қазанда өтті. Сол күні Президент тапсырмасы бойынша азаматтардың парламенттік жүйені жетілдіруге қатысты ұсыныстарын жинақтау мақсатында e-Otinish платформасы мен eGov сервисінде «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі ашылды.

Жұмыс тобының 2 желтоқ­сан­да өткен екінші отырысында жаңа Парламентті қалыптастыру мәселелері қарастырылды.

Үшінші отырыс 29 желтоқ­санда ұйымдастырылып, бола­шақ Парламенттің заң шығару үдерісінің негізгі тетіктері талқыланды.

Мемлекеттік кеңесші алдағы реформаға қатысты қоғамда жар­ты жылға жуық уақыт бойы кең көлемде талқылау жүр­гізі­ліп келе жатқанын еске сал­ды. Сонымен қатар Ерлан Қарин парламенттік реформа Мем­лекет басшысы бастамашы болған ауқымды саяси жаңғырудың бір бөлігі екенін атап өтті. Оған 2019–2021 жылдары жүзеге асырылған саяси реформалардың төрт пакеті мен 2022 жылғы Конституциялық реформа жатады. Жалпы алғанда, Президенттің барлық реформасы мемлекеттің институционалдық орнықтылығын нығайтуға, саяси жүйені заманауи талаптарға бейімдеуге бағытталған.

Жиында Парламентаризм инсти­туты­ның директоры Наталья Пан азаматтардан, са­рап­­­шы­лардан және қоғам бел­­сен­­ділерінен келіп түскен ұсы­­ныстар жөнінде жинақтал­ған ақ­па­ратпен бөлісті. Бүгін­ге дейін e-Otinish және eGov платформаларын­дағы «Пар­ламенттік реформа» арнайы бөлімі арқылы Жұмыс тобына халық арасынан, сарапшылар қауымдастығынан және қоғамдық бірлестіктерден 500-ден астам ұсыныс келіп түсті.

Бұл жолғы отырыстың не­гізгі тақырыбы болашақ Парла­менттің басқа да билік институттарымен өзара іс-қимыл мәселелеріне және бірпалата­лы жаңа Парламенттің атауын қарастыруға арналды.

Жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев бола­шақ Парламенттің мемле­­кет­­тік биліктің басқа да инсти­тут­­тары­­мен өзара іс-қимылы кезіндегі өкі­лет­тіктеріне қатысты жалпы тә­сілдер туралы айтты. Бұл тәсілдер Жұмыс тобы мүше­лері мен саяси партиялардың ұсыныстары негізінде әзірленген.

Жұмыс тобының Азат Перуашев, Марат Шибұтов, Ел­нұр Бейсенбаев, Марат Башимов, Индира Әубәкірова, Асхат Рахымжанов, Алуа Ибраева, Үнзила Шапақ, Қарлы­ғаш Жа­ман­құлова, Ерлан Сәрсем­баев секілді мүшелері күн тәртібін­дегі мәселелерге қатысты өз идеялары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Отырыс барысында Жұмыс тобының мүшелері ел Консти­туциясына енгізілетін алдағы өзгерістердің ауқымды екенін жеткізді. Бұл өзгерістер заң шығарушы билік жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай, негізгі мемлекеттік инс­титуттар арасындағы өзара іс-қимылдың тұтас жүйесін едәуір жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Жиын қорытындысы бойынша Жұмыс тобының жетекшісі – Мемлекеттік кеңесші келіп түскен ұсыныстардың барлығын жинақтап, жан-жақты талдауды тапсырды.

Парламенттік жүйені жетіл­діруге қатысты тәсілдерді әзірлеу ісі Жұмыс тобының алдағы отырыстарында кезең-кезеңімен жалғасады. 

Соңғы жаңалықтар