Спорт • 10 Қаңтар, 2026

Волейболды жүрегімен сезінген спортшы

40 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Волейбол – спорттық ойын ғана емес, ол тәртіп пен төзімділікті, бірлік пен сенімді, жеңіске деген жігер мен жауапкершілікті қалыптастыратын үлкен өмір мектебі. Осы қасиеттерді өз болмысына сіңіріп, волейболды өмірлік серігіне айналдырған жандар ғана бұл саланың шынайы жанашыры бола алады.

Волейболды жүрегімен сезінген спортшы

Қазақстанда волейболдың дамуына саналы ғұмырын арнап, ойыншы, жаттықтырушы әрі тәлімгер ретінде өз қолтаңбасын қалдырған сондай тұлғалардың бірі Шалбарбаев Әмра Мұхатайұлы. Ол 1972 жылдың 3 наурызында Алматы облысы, Ұйғыр ауданыны, Кетмен ауылында дүниеге келді. 

Асқар тау әкесі Мұхатай Шалбарбаев колхозда адал еңбек етіп, ел ырысын маңдай терімен арттырған болса, анасы Тұрсынбибі Азииева ауыл тіршілігінің ауыр жүгін көтеріп, алты баланы дүниеге әкеліп, мейірім мен сабырды, еңбекқорлық пен татулықты бойына сіңіре тәрбиелеген аяулы ана еді. Осындай қарапайым да парасатты отбасында өсуі Әмраның өмірлік ұстанымдарының қалыптасуына берік негіз қалады.

Әмра Мұхатайұлы 1995 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың Спорт және туризм институтына оқуға түсіп, 1999 жылы «Волейболдан жаттықтырушы» мамандығы бойынша жоғары оқу орнын сәтті тәмамдады. 2000–2004 жылдар аралығында еңбек жолын Алматы қаласындағы №104 қазақ орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып бастады. 2004 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Алматы қаласындағы Нархоз университетінде аға оқытушы қызметін атқарып келеді. Осы жылдар аралығында білім мен спортты қатар ұштастырып, жоғары оқу ордасында болашақ мамандарды тәрбиелеуге бар күш-жігерін арнады.

Аға оқытушы ретінде тек кәсіби білім берумен шектелмей, студенттердің бойына тәртіп пен табандылықты, жауапкершілік пен салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше мән берді. Волейбол спорты арқылы жастардың жігерін жанып, командалық рухты, өзара сенім мен жеңіске ұмтылысты тәрбиелеп келеді. Оның жетекшілігімен дайындалған студенттер түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, университеттің абыройын асқақтатты.

Дене тәрбиесі, волейбол, спорттық педагогика және спорттық іс-шараларды ұйымдастыру саласында кәсіби беделі қалыптасқан Шалбарбаев– педагогика ғылымдарының магистрі, 25 жылдан астам еңбек өтілі бар тәжірибелі аға оқытушы әрі жаттықтырушы. Ол – Қазақстан Республикасы Волейбол ардагерлері федерациясының белсенді мүшесі. Қазақстан намысын қорғап, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Бразилия мемлекеттерінде өткен халықаралық турнирлерге, сондай-ақ ел ішіндегі ірі жарыстарға бірнеше рет қатысқан.

Ұзақ жылдар бойы жоғары оқу орнында қызмет атқарып, волейбол командаларын дайындаған кейіпкеріміздің жетекшілігінен өткен спортшылар қалалық, республикалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, ел намысын қорғады. Оның тәлімін алған шәкірттердің көпшілігі ірі қалалық, республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпаздары атанып, кейін кәсіби спорт клубтарында, сондай-ақ білім беру мекемелерінде жаттықтырушы, педагог ретінде өз жолын жалғастырды.

Оның қолынан тәлім алған, волейболдан спорт шеберлігіне үміткер атанған шәкірттер қатарында: Азарова Алёна Владимировна, Еркенгазина Айдана Ерболовна, Ержан Аружан, Станкевич Елизавета Дмитриевна, Төлегенова Ақниет Берікқызы, Тян Дарина Дмитриевна, Усеинова Алина Рустамжановна, Мәмбет Амина Серікқызы, Кондратенко Ангелина Валерьевна, Сағнай Мәншүк Қуанышқызы, Әлжан Інжу Талғатқызы, Каратаева Диана Сергеевна, Оразбаева Далия Қайратовна бар.

Амра Мұхатайұлының жетекшілігімен Нархоз университетінің студенттік командалары мен ардагерлер құрамалары ұлттық және халықаралық ареналарда тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Әсіресе 2024 жылы оның жүйелі дайындығы мен кәсіби басшылығының арқасында сегіз студентке бірдей «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат» атағының берілуі – жаттықтырушының дарынды спортшыларды қалыптастырудағы ерекше қабілетінің дәлелі.

Оның педагогикалық мәдениеті, терең әдістемелік дайындығы, жастарды сендіре әрі шабыттандыра білу қасиеті өңір спортының дамуына ұзақ мерзімді серпін беріп отыр. Сонымен қатар ардагерлік спорттағы жаңа көшбасшылардың қалыптасуына ықпал етіп, волейболды ұрпақтар арасын жалғайтын рухани әрі спорттық құндылық деңгейіне көтере білді.
Ал Ардагерлер волейбол федерациясы аясында ол тек қатысушы ғана емес, негізгі ұйымдастырушы тұлға ретінде танылған. Ардагерлер арасында өтетін жарыстардың барлығына дерлік белсене қатысып, турнирлердің жоғары деңгейде өтуіне жетекшілік жасап келеді.

Амра Мұхатайұлы спорт пен білім саласындағы ұзақ жылғы жүйелі еңбегі үшін көптеген беделді марапаттарға ие болды. Олардың қатарында халықаралық ардагерлер турнирлерінде қол жеткізген жеңістері үшін табысталған медальдар мен атақтар бар. Бұл жетістіктер оның жоғары деңгейдегі спорттық дайындығын ғана емес, жарыс тәжірибесі мол, тактикалық ойлауы қалыптасқан кәсіби спортшы екенін айқын көрсетеді.

Амра Мұхатайұлының отбасы – білім мен парасат, сүйіспеншілік пен татулық үйлескен берекелі шаңырақ. Өмірлік серігі, жан жолдасы Қаламқас Алайдарқызы – ғылым жолында өз орнын тапқан, экономика ғылымдарының кандидаты, ұлағатты ұстаз, жоғары оқу орнында дәріс оқып, саналы ғұмырын жастарға тәлім мен тәрбие беруге арнаған жан.

Бұл өнегелі шаңырақта үш ұл өсіп келеді. Тұңғышы – Айбек Әмраұлы, Алматы қаласындағы «Qalam High School» жеке мектебінің 10-сынып оқушысы, ізденімпаз да зерек жас, ата-анасының үмітін ақтап келе жатқан талапты шәкірт. Ортаншы ұл Әлібек пен кенже ұл Алихан — Алматы қаласындағы №173 мектеп-лицейінде білім алуда. Әлібек – сегізінші сыныптың, ал Алихан – төртінші сыныптың оқушысы. Екеуі де зерек, тәрбиелі, спорт пен білімге бейім ұлдар.

Амра Мұхатайұлы волейболды жүрегімен сезінген, спорт арқылы рух тәрбиелеген, жеңістен бұрын адамды биік қойған жан. Оның волейбол спортына қосқан үлесі жылнамамен емес, тәрбиелеген шәкірттерінің тағдырымен, қалыптастырған мінезімен өлшенеді. Осындай азаматтар барда волейбол да, спорт рухы да биіктей бермек.

Нұрпейіс ҚОНЫСБАЙ,

Волейболдан Қазақстан құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы

Соңғы жаңалықтар