09 Шілде, 2010

МАҢЫЗДЫ БАСЫМДЫҚТЫҢ БІРІ

602 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақстан бастапқы кезде-ақ сыбайлас жемқорлықпен күресті қолға алған еді. Бүгінде осынау қау­іпті дерт – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің мемлекеттік саясатындағы басымдықтардың бірі болып отыр. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу жұмыстарында прокуратура органдарына ерекше жауапкершілік жүктелген. Өйткені, прокуратура құқық қорғау органдары жүйесінде маңызды институттың бірі болып табылады. Қазақстанда прокуратура құқық қорғаушы және арнайы орган­дардың қызметін үйлестіруді жүзеге асырады және заңдарға сүйене оты­рып, жоғары қадағалауды жүзеге асы­ратын бірегей орган саналады. Бүгінде прокуратура органдары сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстарды тергеуде және ашуда ауқымды жұ­мыстар жүргізіп келеді. Бұл жұмыстар – аудандағы басқа да құқық қорғау органдарына ортақ өзекті мәселелер. Нақты мәліметтер келтірейін. Өткен жылы Еңбекшілдер ауданы­ның прокуратурасы сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес заңнама­ла­рына сәйкес 14 тексеру жүргізген еді. Тексеру барысында 34 заң бұзу­шылық анықталды, бір қарсылық қанағаттандырылып, бес ұсыным қаралды. Сонымен қатар, прокурор­лық ықпал ету бойынша бір заңсыз акт жойылды. Осы тексерулерге байланысты төрт тұлға тәртіптік жау­ап­кершілікке тартылды. Ал биыл жыл басынан бері аудан проку­ра­турасы осындай төрт тексеру жүр­гізген болатын. Нәтижесінде 71 заң бұзушылық анықталып, төрт адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сыбайлас жемқорлығы үшін жауапкершілікке тартылғандардың арасында аудандық ішкі істер бөлімі мен мемлекеттік санитарлық-эпи­демиологиялық қадағалау мекемелері қызметкерлерінің кездесуі өкінішті. Мысалы, Ақмола облысы бойынша экономикалық және сыбайлас жем­қор­лықпен күрес департамен­ті­нің тер­геу басқармасы Еңбекшілдер аудан­дық ішкі істер бөлімі көші-қон поли­циясының инспекторлары С.Тілеу­бергенов пен А.Керейбаевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 177-бабының “а” және “в” пункті бой­ын­ша қыл­мыс­тық іс қозғады. Бұл полиция қызметкерлері өздерінің қызметтік міндеттерін орындау барысында қа­былдаған мемлекеттік қызметші ан­тын бұза отырып және қызмет лауа­зымдарын пайдалану арқылы баю мақсатында пара алған. Екеуі де кінәлі деп табылып, 2009 жылдың 27 мау­сымында аудандық соттың үкімімен бас бостандық­та­рынан айырылды. Үкім Ақмола облыстық соты қыл­мыстық істер алқасының қаулысымен де өзгеріссіз қалдырылды. Прокуратураның бұл бағыттағы міндеті өзге құқық қорғаушы ор­гандарға қарағанда, аса ауқымды және кең екенін атап өткім келеді. Өйткені, прокуратура басқа да заң бұзушылықтарды қадағалауға, оның алдын алуға мүдделі. Сондықтан да прокуратура қандай бағытта тексеру жүргізбесін, бірінші кезекте біз мем­лекеттік органдардағы лауазымды тұлғалардың қызметіне баға беруге тырысамыз және олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңна­малары талаптарын қатаң сақтауына назар аударамыз. Прокурорлық тәжірибе көрсеткеніндей, сыбайлас жемқорлықтағы құқық бұзушылық­тың басты көзінің бірі – мемле­кеттік сатып алу жүйесінде жатыр. Мысалы, ауыл әкімі А.Жүзбаев “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заң талаптарын бұза отырып, жеткізіп берушілермен өз таңдауы бойынша келісім-шарт жасаған. Аудан прокуратурасының талап етуімен келісім-шарттардың күші жойылып, кінәлілер жазаланды. Сыбайлас жемқорлық сипатын­дағы құқық бұзушылық басқа са­лаларда да кездеседі. Мәселен, аудан прокуратурасы санитарлық-эпи­де­миологиялық қадағалау саласында 10-нан астам заң талаптарын бұзу фактілері бойынша әкімшілік-құ­қық бұзу ісін қарап, қорытын­ды­сын­да аталған мекеменің алты қыз­мет­керіне айыппұл салынды. Сондай-ақ, аудан прокуратурасының бас­та­масы бойынша бүгінде шағын биз­нес субъектілерінің құқықтық ста­тис­тика органдарында тіркелген­ді­гіне тексеру жүргізілуде. Бұлар – ша­ғын және орта бизнес субъек­ті­лерінің қыз­метіне бақылаушы органдардың жөнсіз араласуына тосқауыл қою үшін жасалып жатқан шаралар. Прокуратура органдары сыбай­лас жемқорлықпен күресте, сондай-ақ партиялармен, қоғамдық бірлес­тіктермен, жастар қозғалыстарымен және кәсіпкерлермен өзара тығыз іс-қимылда шаралар өткізіп отырады. Себебі, сыбайлас жемқорлықпен күрес азаматтық қоғам институт­та­рын кең көлемде тартқанда ғана тиімді болмақ. Осыған байланысты проку­ратураның бастамашы болуы­мен ағым­дағы жылдың сәуірінде “Ше­неу­нік және кәсіпкер” акциясы өткізілді. Бұл акция бірінші кезекте бизнес субъектілерін тексеруді азай­ту­ға және төрешілдік кедергілерді төмендетуге, проблемаларды бірлесе талқылап, заңнамаларды жетілдіруге қатысты ұсыныстар дайындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біз аудандық әкімдікпен және аудандық мәсли­хат­пен сыбайлас жемқорлықты жою жо­лында белсенді жұмыс істеп келеміз. Қадыржан МАМАТАЕВ, Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданының прокуроры, әділет кеңесшісі. Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы.