Фото: 24.kz бейнесінен скриншот
Ұлттық стендке қазақ әдебиетінің классикалық және заманауи үлгілері, сондай-ақ елдің тарихы мен мәдениетін танытатын басылымдар қойылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге баспагерлер мен аудармашылар ғана емес, Үндістанның жетекші университеттерінде оқитын студенттер де ерекше қызығушылық танытқан.
Тарих ғылымдарының докторы Саттар Мәжитовтың айтуынша, қазақ тарихына деген сұраныс айрықша байқалған.
«Бүгінгі Делидегі көрме үндістандық студенттер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Әсіресе Дели университеті, Джавахарлал Неру университеті, Ганди университеті секілді жоғары оқу орындарының өкілдерінен көп сұрақ қойылды. Олардың басым бөлігі Қазақстан тарихына қатысты болды. Көрмеде ел тарихына арналған кітаптар, қазақ тіліндегі бес томдық «Қазақстан тарихы», Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасы туралы басылым, сондай-ақ Мырза Хайдар Дулатидің еңбектері ұсынылды», дейді ол.
Үндістандағы халықаралық кітап жәрмеңкесі жарты ғасырдан астам уақыттан бері өткізіліп келеді және Азиядағы ең ірі әдеби алаңдардың бірі саналады. Сонымен қатар бұл ел әлемдік кітап нарығы бойынша алдыңғы үштікте тұр. Осы себепті мұндай алаңға шығу қазақ әдебиетін халықаралық кеңістікке танытуға жол ашады.
«24KZ» жариялағандай, филолог Айнұр Ахметова соңғы жылдары қазақ әдебиетінің ағылшын тілді аудиторияға жүйелі түрде таныстырылып келе жатқанын атап өтті:
«Соңғы жылдары біз Кембридж университеті шығарған екі антологияны ұсынып жүрміз. Оларға ХХ-ХХІ ғасырдағы қазақ авторларының шығармалары енді. Бірі прозаға, екіншісі поэзияға арналған».
Жазушы Әлішер Рахат болса көрмеде қазақ әдебиетінің бірнеше тілде ұсынылғанын ерекше маңызды қадам деп бағалады.
Нью-Делидегі халықаралық кітап жәрмеңкесі 18 қаңтарға дейін жалғасады. Қазақстан экспозициясын әзірлеуге Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ұлттық кітапхана және Қазақстанның Үндістандағы елшілігі атсалысты. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай жобалар шетелдік оқырманды қазақ әдебиетімен таныстырып, елдер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтады.