Сурет: primeminister.kz
«Turkistan» газетінде жарияланған бұл сұхбат ел дамуының алдымыздағы жоспарда ғана емес, ұзақмерзімді стратегиялық межелердің мазмұнын ашып көрсеткен маңызды құжат десек те болады. Сұхбатта экономика, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, туризм, білім беру мен денсаулық сақтау саласына қатысты көкейкесті мәселелер жан-жақты қамтылды. Сұхбат алған басылым бас редакторының сауалдары да өткір. Президенттің жауаптары да нақты, қалың оқырман қауымға ұғынықты, бүкпесіз әрі шынайы деректер мен тұжырымдарға негізделіпті. Сұхбаттың өн бойынан Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі туралы анықтамадағыдай нағыз мемлекетшіл адамның қоғам өмірінің барлық саласына қатысты тұтас ой-идеялары мен нақты жоспарға негізделген стратегиялық көзқарасы көрінеді.
Алдағы жылдары елімізді күрделі саяси реформалар күтіп тұр. Мемлекет басшысы былтырғы 8 қыркүйектегі Жолдауында жариялағалы сол жоспарланған реформалардың сипаты сан саққа жүгіртілді. Тіпті конституциялық өзгерістердің Президент билігінің құзыретіне де қатысты болуы мүмкін деген болмашы болжамдар айтыла бастады. Рас, біз ашық демократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Қарапайым қоғам мүшесі де, аты мен заты танымал кәсіби сарапшы да өз ойын ашық айтуға құқылы. Айтып та жатыр. Алайда әлеуметтік желі мен ақпараттық технологиялар арқылы мұндай оңды-солды айтылған долбарлар қоғамдық пікірді ақиқат жолынан адастырары хақ. Бірнеше айдан бері желіде желдей ескен жосықсыз жорамалдарға Президент: «Мұндай пікір менің саяси қағидаттарыма қайшы келеді. Мен Қазақстанның президенттік басқару үлгісіндегі мемлекет екенін бірнеше рет айттым. Осыдан 8 жыл бұрын, яғни Ақордаға келгенге дейін «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын жарияладым. Жеке бастың қамын күйттеп, мемлекеттік жүйені тұтастай өзгерте салу барып тұрған жауапсыздық, тіпті адамгершілікке жатпайтын әрекет болар еді», деп нақты жауап беріп, соңғы нүктесін қойды.
Демек елімізде жоспарланған конституциялық реформалар тек заң шығарушы билік тармағына, яғни Парламентке ғана қатысты болады. Сондықтан көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымызды ендігі жерде долбарларға уақыт жоғалтпай, тек Парламенттік реформалар төңірегінде ой толғап, ел болашағына пайдалы ақыл-кеңес қосуға шақырар едім.
Саяси партия ретінде басым бағытымыз болған соң әрі Мәжілістегі аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы ретінде Президенттің ауыл шаруашылығы саласына қатысты саяси қадамдары мен ой-пікірлеріне ерекше назар аударамыз. Мемлекет басшысы ауыл мен ауыл шаруашылығы саласын жіті қадағалайды. Ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Кейінгі жылдары жарияланған маңызды бастамалар мен мемлекеттік құжаттарда ауыл шаруашылығы саласына ерекше басымдық беріліп келеді. «Turkistan» газетінде жарияланған сұхбатта да ауыл шаруашылығының дамуына қатысты соны пікірлері мен Үкіметке берілген нақты тапсырмалардың мазмұнын ашып берді. Әсіресе Президенттің мал шаруашылығын дамыту, кіші шаруашылықтарды қолдау мен кооперация жүйесін қалыптастыру бойынша көтерген бастамалары шаруалар қауымы тарапынан толық қолдау табатыны анық.
Ауыл шаруашылығы кооперацияларын құру елімізде жылдар бойы қордаланып қалған мәселелердің бірі екені анық. Алайда бұрынғы кезеңдерде атқарушы органдардың бұл мәселеде сапа емес, сан қуалап, жалған көрсеткіштерге арқа сүйеп кеткенін мойындауымыз керек. Мемлекет басшысы сол қателіктердің қайталанбауы үшін «Кооперация өзінен-өзі пайда бола салмайды. Ел ішінде егжей-тегжейлі түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу қажет. Алайда бірлестік құру ісін науқанға айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге, оларды мәжбүрлеуге жол берілмейді», деп нақты нұсқау берді. Яғни тағы да Президенттің тұжырымына арқа сүйей отырып, «Кооперацияны күнкөрістен өсіп-өркендеуге бастайтын жол, бірлік пен жасампаздық идеологиясы» деп қарастырғанда ғана жетістікке жетіп, ауыл халқы толайым табысқа кенеліп, ауыл шаруашылығы өркендемек.
Мемлекет басшысы «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Адал еңбек», «Таза Қазақстан» сынды бастамалардың маңыздылығына тағы бір мәрте тоқталып, идеялық мәнін тереңірек ашып берді. Бір ғана емес, бірнеше ұрпаққа азық болар аталған идеологемалар мемлекеттіліктің мықты ұстынына, нағыз отаншылдықты қалыптастырар ұлттық құндылықтарға айналуға тиіс. Президенттің өз сөзімен түйіндер болсақ, «Отаншыл болу – туған еліңнің, отбасыңның игілігі үшін аянбай еңбек ету деген сөз. Қоқысты жинау, тал егу, табиғатты аялау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету де – отаншылдықтың белгісі».
Серік ЕГІЗБАЕВ,
Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы