Фото: istockphoto.com
Ресми мәліметке сүйенсек, 2025 жылдың басында Ұлттық қордың жалпы активтері 29,85 трлн теңгені құраған. Есепті кезеңде қор қоржыны 3,84 трлн теңгемен толығып, одан 5,95 трлн теңге жұмсалған. Осылайша, қордан алынған қаражат көлемі түсімнен 2,1 трлн теңгеге артық болып отыр.
Түсімдердің негізгі өзегін, дәстүрлі түрде, мұнай секторы ұйымдарынан түсетін тікелей салықтар құрады. Оның көлемі – 3,81 трлн теңге. Салықтық түсімдердің құрылымына үңілсек, корпоративтік табыс салығынан 1,27 трлн теңге, өнімді бөлу бойынша Қазақстанның үлесінен 1,20 трлн теңге түскен. Сондай-ақ пайдалы қазбаларды өндіру салығы 680,9 млрд теңгені, экспортқа салынатын рента салығы 442,1 млрд теңгені құрады. Ал жер қойнауын пайдаланушылардың қосымша төлемдері 180 млрд теңгеге жетсе, бонустар мен артық пайда салығынан түскен қаржы 38 млрд теңгеден аспады.