Спорт • Бүгін, 18:59

Қысқы ойын түрлері қарқын алып келеді

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір ел қысқы спорт түрлері бойынша кезекті олимпиадалық циклдің соңына келіп отыр. Осы аралықта ұлттық құрамалар толық дайындықтан өтіп, барлық негізгі лицензиялық жарыстарға қатысып үлгерді. Ал бұл циклдің ең басты белесі 2026 жылғы ақпанда Италияның Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпия ойындары болмақ, деп жазады Egemen.kz.

Қысқы ойын түрлері қарқын алып келеді

Бүгінде қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі қатар дамып келеді. Олардың қатарында конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, биатлон, керлинг, шаңғы жарысы, тау шаңғысы, фристайл, сноуборд, шаңғымен қоссайыс, трамплиннен секіру, шайбалы хоккей және ски-альпинизм бар. Бұл бағыттардың барлығында ұлттық құрамалар жасақталып, жоспарлы жұмыс жүргізіліп отыр.

Спортшылардың дайындығы тек ел ішіндегі жаттығумен шектелген жоқ. Құрамалар шетелдерде оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, халықаралық жарыстарда бақ сынады. Төрт жыл ішінде қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық командалар 612 оқу-жаттығу жиынын өткізсе, спортшылар 434 халықаралық жарысқа қатысқан. Бұл тәжірибе жинауға да, әлемдік деңгейдегі қарсыластармен күш сынасуға да мүмкіндік берді.

Ел спортшылары қысқы Олимпиада ойындарында қандай киім үлгісімен өнер көрсетеді?

Дайындық сапасын арттыру үшін шетелдік мамандар да тартылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Нидерланд, Польша, Германия, Румыния, Ресей, Беларусь, Болгария және Словения елдерінен әлемдік деңгейдегі 13 жаттықтырушы-кеңесші жұмысқа шақырылған. Олар ұлттық құрамалардың әдістемелік және техникалық дайындығын күшейтуге атсалысты.

Олимпиадалық төрт жылдық циклді қаржыландыруға барлығы 13,3 млрд теңге бағытталған. Қаражат республикалық және жергілікті бюджеттен, сондай-ақ бюджеттен тыс және демеушілік көздерден бөлінді. Бұл қаржы спорттық құрал-жабдық пен киім-кешек алуға, бапкерлер мен спортшылардың еңбекақысын төлеуге, медициналық және фармакологиялық қолдауға, халықаралық жарыстарға қатысуға және оқу-жаттығу жиындарын өткізуге жұмсалды.

Конькимен жүгіру: 2026 жылғы қысқы Олимпиадаға кімдер қатысады?

Қысқы спорт түрлерін дамыту Мемлекет басшысының спорт саласын жаңғырту және жоғары жетістіктер спортындағы нәтижені арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып келеді. Туризм және спорт министрлігі бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып, қысқы спорттағы резервті күшейтуге және болашақ спортшыларды дайындауға басымдық беруді көздеп отыр.

 
 
Соңғы жаңалықтар