09 Шілде, 2010

БӘРІНЕН ДЕ КӨҢІЛ ҚЫМБАТ

4653 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Адам шыр етіп дүниеге кел­ген­нен бастап сезім пернелерін ұғына түседі. “Айналайын”, “Күнім”, “Ботам”, “Жаным” дегенді көп ес­тіген баланың жаны шуақты боп өссе, кішкентайынан қатыгездікті көп көрген жеткіншек айналасына нем­құрайды қарайды. Адам та­биғаты осылай қалыптасады. Өзіңді қор­шаған ортадан шапағатты ұғын­ған сайын өмірге деген іңкәрлігің, құш­тарлығың арта түседі. Әйтсе де... өмір болған соң қаншама жәйттерді бастан өткеретінің рас. Санаңды ез­гілеген сұрақтар, жаныңды ауырт­қан минөттер оңай соқпасы анық. Мұндайда парасатты дүниені көрген адам ұстамды, сабырлы жүреді. Дегенмен кейбіріміздің өзінен екі есе ауыр жүк арқала­ған­дай қиналып күй кешеріміз жасы­рын емес. Ондайда өмір деген осы деп жүре береміз-ау... Көп жағдайда адам­ның көңілі темірден жарал­ма­ғанын естен шығарып аламыз. Иә, бүкіл дүниенің тұтқасы адамдардың сыйластығына ғана сыйып тұр десек, артық айтқандық емес. Көрші екеш көршімен жақсы болмасаң, арада береке кетеді. Оны айтасыз, бір отбасының ынтымағы болмаса ше, бүкіл шаңырақ шай­қалып кетпей ме?! Адамдарға адамдар жақындауға асы­ғып жүрсе қандай жарасады. Ай­тыңдаршы, мына өмірде бір-бі­ріңді іздеп жүргеннен, адамға қуа­ныш сыйлағаннан артық бақыт бар ма?! Ақ ниетті жандарға шын кө­ңілді білдіріп, таза пейіліңді арнап жат­саң, одан артық шаттық бар ма?! Қарап отырсаң, өмірде таң қала­тын, кейін аңғаратын жәйттер көп екен. “Көре көре көсем бола­сың” де­мекші, айналадағы өзіңді қоршаған жандардың ішкі психо­ло­гия­сына үңіле түссең, бәрі де айналып келгенде, адамдық көңілге келіп тіреледі екен. Азаматтық намысын төмен­дет­кісі келмеген Зұлқайырдың мына әңгімесі түрлі сұрақтарға жетелей түсері хақ. – Өмірде әбден қиындық көріп өс­тім. Жастай әкеден жетім қал­дық та бар тауқыметті өз басы­мыз­дан кештік. “Жағдайы қиын екен” деп өзгелер айтпасын деп на­мыс­қойлықпен жан аямай еңбек еттім. Бірде жетті, бірде жет­педі... Темірлан мен біздің ауыл Көк­тө­бенің арасы он бес шақырымдай. Аудан орталығындағы шаруам бітіп, кеш­кі автобусқа келіп отырдым. Би­лет құны 20 теңге. Қалтамда қал­ғаны да сол еді. Бір кезде ішке ауылд­ағы Сәттібек деген дәулетті кісінің баласы Мақұлбек бастаған екі-үш жігіт кірді. – Ей, Зұлқайыр! 20 теңгең бар ма? – деді ол салған жерден бүкіл жұр­тшылықтың назарын аудара. “Жоқ” деп айта салсам, “мына бей­ша­рада ол болушы ма еді?” — дей­тін­дей көрінді. Әрі оның қал­та­сын­да бар бола әдейі сұрап тұрғанын да сездім. Марқұм боп кеткен әкеме сөз келмесінші деген оймен қал­там­дағы тиынды бере салдым. Сөйтіп, өзім жүргелі тұрған автобустан түсіп қалдым. Есесіне шаршап-шалдығып, әбден қалжырап түннің бір уағында үйге жаяу жеттім... Әрине, пенде болған соң жақ­сыны да, жаманды да бастан өткересің. Өзіңше ой түйесің. Бол­ған істі қорытындылайсың. Кейде түзу дегенің қисық, қисық дегенің түзу болып шығады. Бұлтарыс-қалта­рыстары... өткелдері... көктем­дері... күздері... іздері... көп өмір ғой бұл! Таныдым деген адамыңның өзі ер­тең, тіпті басқаша болып шы­ға­ды. Ал, мүлде білмейтін, бейтаныс жан бір пәсте таудай тұлғаланып кетеді. Гүлде де тікен болатынын саусағыңды қанатқанда білерсің. Сөйтесің де тағы да қым-қиғаш, бірнеше тараулы жолды өмірге таңқаласың. Өйткені, аңқаулығы, сұмдығы, айласы, шындығы басым өмір ғой бұл! Өмірдің қарама-қайшылық­т­а­ры­ның бірі: жақсылық пен жа­ман­дық. Кейбіріміз осы екеуін ажырата алмай азаптанамыз. Сондықтан да адам баласы қуанышы мен мұңын бөлісетін дос іздейді. “Жаман жол­дас­тан жалғыздық артық. Жа­л­ғыз­дықтан жақсы жолдас артық. Жаман сөз сөйлегеннен үндемеген жақсы. Үндемегеннен жақсы сөз айтқан жақсы”. (Мұхаммед пайғам­бар­дың хадисінен) Ізгілікті сезімің, сенімің достығыңды сақтайды. Абайша айтқанда, “Жаман дос көлеңке, басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың”. Осынау сөзді орыс жазушысы Лев Толс­той “Қорқақ дос дұшпаннан да жаман, өйткені дұшпаннан сақтанасың, ал досқа сеніп қаласың” деп жалғастырады. Мектепте бастауыш сыныпта оқып жүргенде ғой, “Жаман жол­дас” деген әңгімені оқып, ұстазбен бірге талқылағанбыз. Бүгінде мектеп бағдарламасынан көрін­бей­тін осы қысқа әңгіме кездескен жәйттерге орай әр кез есіме түсіп тұрады… Ол кезде бала қиял “жақсы” мен “жаман” дегенді ғана білетін еді ғой. Бәрі де басқа түскен шақта сыналады. Есейгеніңде қараңғы­лық­тан күн іздейтін жағдай бо­ларын ешкім де білмейді екен-ау. Әрине, әрбір жан өзін жаманмын демейді. Бірақ, өзіне-өзі есеп беріп, ойланатыны, толғанатыны хақ. Әйтсе де тереңіне жетіп бойла­май­ды да. Әрбір адам өзінше бір әлем, өзінше бір дүние. Ол дүниеде бәрі де бар... * * * ...Ақиық ақынның дәптерін оқып отырмын. Адамдық сыры мен жан күйзелісін білген сайын оның жанын ұғынғандай боласың... “Ашығын айтқанда, өзімнің қан­дай адам екенімді де білмеймін... Алайда, жаным менің тым мейірбан, жү­регім менің өте жұмсақ. Сірә, сон­дықтан шығар, Толстойдың “жа­уыздыққа, зорлыққа қарсы­ла­суын” менің де қолдайтыным? Солай ма?! Адамдарды жауыз деп айта алмаймын, өйткені оларды аз білем. Мен зерттеуші емеспін, ақынмын. Адамзаттың қайғысы мен қуанышы мені жеке адамның өзінен артық қызықтырады. Адамдардың жаман екенін, жақсы екенін ажыратушы мен емеспін, өйткені өзім де со­лар­дың бірімін. Мені жұрттың тағ­ды­ры, оларды қоршаған ортаның шын­дығы, олар өмір сүріп отырған уа­қыт, оларды басқарып отырған қо­ғам қызықтырады...” (Мұқа­ға­лидің күнделігінен) 10 маусым, 1974 жыл. ... Қаласа да, қаламаса да жұрт мені ақын ретінде түсінеді; ал адам ретінде кім түсіне қояр дейсің. Тіпті ең жақындарым да... Түсін­сең­дерші, мен туғаннан адаммын, адам қал­пым­да қалам... – дейді ақын одан әрі. Күнделіктегі осы жазуларды оқығанда, көп жағдайда адамдық көңілдің, ықыластың жетпей жатқандығын аңғарасыз. Өсіп келе жатқан гүлге су қан­дай қажет болса, адамға да көңіл сондай қажет. Бір-біріне деген ықы­лас болмауы салдарынан пенденің көңілі суый түседі. Әрине, қысына жетпей, күзінде, тіпті жазыңда жаурау барып тұрған азап емес пе? Сол көңілмен ғана мынау дүние ғажап емес пе, адамдар?! Ертеде бір көгершінге қара ниетті көкек келіп, жазықсыздан-жазықсыз тап беріпті: “Бұл менің ұям, босат тезірек”, – дейді көгер­ген көкек. Сол кезде мұны естіген әділ­дік үшін жаны шырылдаған қаз­дар, тіпті балапандар қатыгез көкектен көгершінді әупірімдеп жү­ріп, арашалап алыпты. Төркіні те­рең­де жатқан осы әңгімені еске алған сайын адамдар туралы ойланам. Адамдар шын мәнінде сендер қандайсыңдар? Түрі бөлек болса да тілегі, атқарар жұмысы басқа болса да жүрегі неге бір болмайды? Ауыздан шығар сөз өзге де, ішкі дүниенің толғанысы, тіпті басқаша. Көкіректеріңнің сарайы неге кең болмайды?! Іші неге маржанға, меруертке толмайды? Адамдар ешқашан да бір-бірінің көңілін жараламаса екен деймін. Бірін-бірі ешуақытта жек көрмесе екен. Иә, өмірде асқақ адамдар, адал жүректі жандар да жоқ емес екен! Соны көрдім, соны сезіндім. Мейірім-шапағаттың арқасында мерейің тасиды екен. Аспанды бұлт басқанда, көңілге көлеңке түскен­де, күн көрінбей қалғанда... адам­дар­дың жарқын жүзін анық көрдім. Бұрын-соңды бұлай ашық көре алмаған едім. Не нәрсе болса да бетпе-бет келу оңай емес. Әйтсе де, шындықтың шырағы басым болып, жарық орнады. Көңіл экра­ны­на қарап көптеген ақниетті адам­дарды байқадым, адамдық жүрегінің дүрсілін естідім. “Ер жігіттің қадірін іс түскенде бі­лерсің, қара етіктің қадірін қыс түскенде білерсің” деп атамыз қазақ қалай тура айтқан десеңші! * * * Өзіңді бағындыру оңай іс емес. Адамдық қасиетіңнің бірі – қажет кезінде өзіңді тоқтата білу. Ашуға, ызаға, өкпеге, берілмеу. Сонда қателік жібермеуге мүмкіндік туады. Өзіңнің іс-әрекетіңе көзің жету – қабілетіңді сезінгеннің белгісі. Әрине, біздегі бір кемшілік ар-намысымыздың, жүрегіміздің үніне құлақ аспаймыз. Не істесең де, қандай қадам жасасаң да алдыңнан шығып жататынын ойламаймыз. Ертеде бір патшалықта жасы алпысқа келген қарттарды өлімге бұ­йыратын салт болса керек. Қар­та­йып, қуаты қашқан адам­дар­дың ендігі жерде патшалыққа пай­дасы жоқ деген оймен арнайы тауға апар­ғызып өз балаларына өлтір­т­кі­зе­ді екен. Күндердің күнінде бір жігіттің әке­сі де алпысқа толады. Ең бол­ма­са соңғы сапарына құрметпен апа­ра­йын деген оймен жігіт әкесін ар­қалап жолға шығады. Орта жолда шаршап, бір тасқа отырып дема­лыпты. Сөйтсе, қасында отырған әкесі мырс етіп күліп жібереді. – Әке неге күлдіңіз? – деген баласына: – Мен де тап сен сияқты әкем­ді ар­қалап келе жатып, осы тасқа оты­рып дем алып едім. Сол күннің өз ба­сы­ма айнымай келгеніне күлдім, – дейді. Бұны естіген жігіт “Апырай әкемді тірі алып қалсам, сол алдыма келіп, мен де тірі қалармын” деген ой­мен түн ішінде жасырын шаһарға қайта әкеліпті. Әкесін үйінде ешкімге білдірмей, сандыққа салып асырайды. Біраз уақыттан кейін патшалық жорыққа шығады, жол­дан адасып қу далаға шығып ке­тіп, әскер шөлден қырылуға айналады. – Балам, жұрт неге шулап кет­ті? – деген әкесінің сұрағына жі­гіт жағдайды баяндайды. Сонда шал: – Бір топ сиырды қуалап айдап қоя берсеңдер, бәрі үймелеп бір жер­ге жиналады, сол тұсты қазсаңдар, сол жерден су шығады, – депті. Әлгі ақылмен су табылып, әскер қырғыннан аман қалыпты. – Бұл ақылды тапқан кім? – деп іздеткенде, патшаның алдына дедек­тетіп әлгі жігітті алып келсе керек. – Қырық уәзіріммен қосылып мен білмегенді сен қайдан таптың? – деп сөзіне сенбей қинағанда, жі­гіт амалсыз шынын айтыпты. Сон­да ойланып отырып қалған патша: – Қарттар енді өлтірілмесін! – деп жарлық шығарса керек. Әкесіне істегені жігіттің алдына келіпті. Өзі де қартайған шағында осылай тірі қалыпты. Иә, бұл өмірде бәрі де бір-біріне байланысты. “Ар-ұятыңа қарай жаза немесе сыйлық аласың! Өлшеміне қарай үлес аласың” деген сөзді бүгін күнделігіме жазып қойдым. * * * Кейде ойланамын... кімдер келіп, кімдер кетпеген дейсің бұл өмірге? Жақсы да, жаман да, дана да, батыр да... бәрі-бәрі тұрақты орын ала алмаған бұл жалғаннан. Тұрлаусыз өмір дейтіні де сон­дықтан шығар, бәлкім. “Өмірден пәленше өтті” дегенде немесе қабір басына барғанымызда ғана бұл өмірге келген мейман екенімізді еске түсіреміз. Біреулерді жоқтап жылап тұрғанда, күнде көріп жүрген адамыңның о дүниелік болып кеткенін білгенде өмірдің жалған екенін ұғынамыз. “Біз де сіздей болғанбыз. Сіз де біздей боларсыз” деген қабір басындағы жазуды оқығанда ғана “ойпырмай, неге мынау дүниеде мәңгілік жан құсап, тасыраңдап жүреміз?!” деп өзімізге-өзіміз сұрақ қоямыз. Әйтсе де, көбіміз іле-шала осының бәрін естен шығарып алатынымыз жасырын емес, ағайын. – Мәңгі бақи ата бермес таң күліп, Мәнін ойла бұл өмірдің, әңгүдік Үйің сенің он болса да – уақытша, Молаң біреу болғанменен – мәңгілік, – дейді мұндайда Қадыр ақын. Адамдар әрқилы. Мынау жалған дүниеде әке өліміне барып бір уыс топырақ салуға да жарамаған шіріктер бар екені де кездесіп жатады. Сәл бір биіктікке жетсе өткенін ұмытып кететіндер де бар. Бір күнін ғана ойлайтын бей­шаралар да табылады екен, бұл өмірден. Әлдебіреу байлығына мастанып, өзгені көзге ілмеуге тырысады. Бәрін сатып алуға болатынын дәлелдейтіндер де бар. Бірақ ештеңеге сатылмайтын адал көңілдің де бар екені мерейіңді өсіреді, өмірге деген құштар­лығыңды арттырады. Жерлесім Бөріхан Тәменнің өмір шындығын айтқан мына әңгімесі де естен кетпейді. Арыс өзенінің бір саласын белуар­дан кешіп өткен үш бала кішкене аралдан отын теріп, әрі ойын қызығына беріліп кеткен. Кешегі тау­ға жауған жаңбырдан кейін өзен­нің көтеріліп жатқанын байқа­майды. Бір кезде гүрілдеген тас­қын­ның үнінен балалардың зәресі ұшып “құтқарыңдар!” деп шыңғырады. Жа­ғада жиналған жұртта жәрдем бе­руге дәрмен жоқ. Әсіресе ана­ла­рының ащы зарына адамның шыдауы мүмкін емес. Жұрттың көз алдында үш бала ажал аузына кетіп бара­ды… Жан тәтті. Ешкімнің батылы барар емес. Бір кезде алыстан атпен жет­кен Құрманбек көкпаршы жағдайды түсініп, ойланбай суға қойып кетті. Бар қауіп-қатерге қарамай, өзі де өлім­мен арпалысып жүрген Құ­рм­ан­бекті біреулер құптаса, біреу­лер ақымаққа балап тұрды. Не керек, ал­дымен екі баланы әупірімдеп құт­қарған Құрманбек екінші рет “нар­тәуе­кел” деп көк айғырымен қай­­тадан суға үшінші балаға ұм­тыл­ды. Шынында жанкештілік еді. Арал­дағы балаға сәт сайын су жа­қын­дап келеді. Арал су түбіне батып барады. Құрманбек те жетті-ау! Қолы­нан көтере тартып, баланы артына мінгестіріп алды. Жаны көзіне кө­рініп қатты қиналған көк қасқаның басы асау толқынға бір батып, бір шығады. Қатты қиналған жануар бір кезде кісіне шыңғырып қоя берді. Асау ағыспен арпалыса бір батып, бір шығып бара жатқандардың тілеуін тілеп халық тұр! Әупірімдеп әйтеуір жағаға да аман-есен жет­ті-ау! Сталиндік репрессиямен Қазақстанға көшіп келген қарашай отбасының ағайынды үш баласын – Жүсіп, Сүлеймен және Маханбет Евзеев­терді осылай қазақ Құр­ман­бек құтқарып алды. Зорыққан көк­қасқа басын көтере алмай жатты. Иесіне адалдығын дәлелдеді. Енді оның ешқандай бәйгеге, аламан көк­парға қатыса алмайтынын Құр­манбек те сезді. Жаңағы үш бала­ның ағайындары рахмет айтып, жік-жапар болғанда Құрманбек “Бұл елдік, ізгілік парызымыз ғой”, – деді. Міне, нағыз адамдық көңіл! Кейін елдеріне көшіп кеткен сол қарашай ағайындар әліге дейін қа­зақ­тардың жақсылығын ұмыт­пап­ты. Сонау Қапқазда бір қазақты көрсе, үйіне шақырып, дәм беруге асығады екен. Қазақстаннан барған қарашайлардың отбасында дүниеге келген ұл балаларға қарапайым­ды­лы­ғымен, адамдық көңілімен қаза­ғым­ның мерейін көтерген Құрманбек ағаның есімі қойылыпты. * * * Адамдық көңіл... Дүниенің төрт бұрышында да пенделер осы бір ниетпен, сезіммен өмір сүреді. Адамдар арасында мейірім, сыйластық достық бар десек, бәрі де осы бір ауыз сөзге тіреліп жататындығы анық. Сондықтан да айналадағы жандарға кейде көңіл қымбат екенін жеткізгің келеді. – Бұл фәниде қашанда-ай өмір қымбат, Өмір қымбат - адамдық сенім қымбат. Байлығың да, дүние, бәрінен де, Көңіл қымбат, көңіл қымбат... – дегің келеді. Әкім ЫСҚАҚ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.