
Еліміз қоғамдық дамудың жаңа белесіне көтерілді. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздерді табысты аяқтады. Мұны Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Үндеуінен оқып, көңіліміз марқайып қалды. Бұл жай айтыла салатын мәселе емес екенін оған 19 жыл дайындалғанымыздан да аңғаруға болады. Елбасы ДСҰ-на мүше болудың үлкен жауапкершілік жүктейтінін, оның қиындықтары болуы да мүмкін екенін осы жылдарда ұдайы ескертіп келеді. Соған алдын ала дайын болу үшін қолдан келген жағдайларды туғызды да. Кәсіпкерліктің кең құлаш жайып дамуы үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар қабылдап, бәсекелестікке қабілетті өнім өндіруге алғышарт жасады. Көптеген дайындықтар да жасалды.
Қазірдің өзінде сауда-саттығымыздың 90 пайызы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдердің үлесіне тиеді екен. Мұны күнделікті өмірімізде де айқын сезініп отырмыз. Дүкендер мен базарлардағы сауда сөрелерінен қазір іздегеніңді табасың. Арзан да сапалы өнімдер мен тауарларды тұтыну тұтынушыға да тиімді. Тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымын таңдауға жол ашылды. Алайда, біздің кәсіпкерлеріміз бен кәсіпорындарымыз шеттен келетін өнімдерге бәселестікке қабілетті өнімдер шығаруға ұмтылып, қызмет сапасын жақсартуға, арзанға ұсынуға дағдыланулары керек. Олай болмаса, өз өнімдеріміз өзгелердікінің тасасында қалып, қызметтер көрсету нарығын да өзгелер игеріп кетуі, кәсіпорындардың экономикалық жағдайын әлсіретіп алуы әбден мүмкін. Сондай-ақ, елімізде өндірілетін өнімдерді шетелдерге анағұрлым көбірек шығаруды ойластыратын да кез жетті. Кәсіпкерлікті әртараптандырып, өндірілетін өнім және тауар түрлерін кеңейтуге бағыт ұсталуы тиіс. Әзірге экспортқа шығаратын өнімдеріміздің көлемі көп емес екенін жасырудың реті жоқ. Ең бастысы, мұнда ұлттық мүддеге нұқсан келмеуі керек.
Бұрын да кедендік және экономикалық одақ жағдайында шетелдерден келген тауарлар мен өнімдерден кенде емес едік. Енді арзан да сапалы тауарлар мен өнімдер ел нарығын толтырары сөзсіз. Бұл бір қарағанда, тұтынушы үшін жақсы. Таңдау бар, ұнатқаныңды сатып аласың. Оның екінші жағы, тағы да сол өз тауарларымыздың сапалы болуына тәуелді. Қайткенде де, әлемдік дамудың қарқынына ілесуіміз керек. Бұл бізге дамыған 30 елдің қатарына енуіміз үшін де керек. Осы бағдарламаны жүзеге асыра отырып, тауарлар мен өнімдеріміздің сапасын уақыт оздырмай әлемдік стандарттарға сай етуді қолға алуымыз қажет. Бәсекелестік жүрген жерде баға мен сапа ғана ұтыс шығарары сөзсіз. Шыны керек, бұл бағытта отандық тауар өндірушілер мен кәсіпкерлеріміздің әлде де ширақ қимылдауларына тура келеді. Отандық өнімдерді өркениетті елдердегідей өңдеп, орап, мәдениетті ұсыну және жарнамалау да ұмытылмауы тиіс.
Мен қарапайым тұтынушы көзімен қарасам, бізге неғұрлым арзан, анағұрлым сапалы тауарлар мен өнімдер, қызметтер керек. Сондықтан ДСҰ-ға кірудің өзіндік ауыртпалықтары бар екенін де естен шығармаған жөн. Ең бастысы, бәсекеге қабілетті тауарлар мен өнімдер өндіру, сапалы қызмет көрсету кәсіпкерлеріміз бен кәсіпорындарымыздың күнделікті өмір дағдысына айналуы тиіс. Сондай-ақ, отандық өнімді тұтынуға деген көзқарасты қалыптастыру да қажет. Біз ДСҰ-ның өзімізге пайдалы қағидаттарын тиімді пайдалануымыз керек. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу өркениет көшіне ілесудің нақты көрінісі деу орынды. Ал біздің ел көшке ілесу емес, озық елдердің алдыңғы легінен көрінуге бағыт ұстауда. Олай болса, бұл бізге өте-мөте қажет үрдіс.
Нұрия ҚАЛЕШОВА,
дәрігер эпидемиолог.
АҚТӨБЕ.