Қазір ел аумағында спутниктік байланыс инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл әсіресе географиялық тұрғыдан қолжетімсіз ауылдарды интернетпен қамтуда тиімді шешім болды. Бүгінде республикада үш оператор спутниктік интернет қызметін ұсынып келеді. Жыл соңына дейін осы салаға тағы екі шетелдік компанияның келуі жоспарланған. Олар бойынша пилоттық сынақтар биылғы жылы жүзеге асады.
Бұдан бөлек, биыл «Қазақстан темір жолы» пойыздары мен Air Astana әуе кемелерінде спутниктік интернет қызметі енгізіледі. Бұл жолаушыларға қолайлы жағдай жасау әрі цифрлық қызметтерді мобильді кеңістікте де қолжетімді етуге бағытталған. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интелект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.
Әкімдіктерге туристік жерлер мен қолжетімсіз өңірлерде спутниктік интернет орнату міндеті жүктелді. Бұл жұмыс жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Мұндай талап ең алдымен ішкі туризм инфрақұрылымын дамытуға ынталандыруды көздейді.
Еліміздің геостратегиялық орналасуы цифрлық транзиттік мүмкіндікті күшейтуге жағдай жасайды. Мемлекет Еуропа мен Азия арасындағы халықаралық интернет-трафик тасымалының маңызды буыны саналады. Осы бағыттағы транзиттік әлеуетті кеңейту үшін Каспий теңізінің түбі арқылы Әзербайжанға дейін созылатын оптикалық-талшықты кабель жобасы басталды. Жоба жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Бұл бастама халықаралық байланыс бағыттарын әртараптандыруға, транзиттік кірісті ұлғайтуға әрі деректер алмасу қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары елімізде әлемдік деңгейге сай деректерді өңдеу орталықтарының (Data Center) құрылысы жанданған. Мұндай орталықтар мемлекеттік және жеке сектордың ақпараттық жүйелерінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Соның қатарында жасанды интеллект министрлігі іске қосқан мемлекеттік секторға арналған деректер орталығы ерекше маңызға ие. Оның техникалық қуаты жоғары, резервтік жүйелері мен қауіпсіздік тетіктері халықаралық талаптарға сәйкес келеді. Биыл орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін осы нысанға көшіру жоспарланған.
Бұл қадам мемлекеттік жүйелерді орналасқан жеріне тәуелсіз, үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысқа бейімдейді.
Жасанды интеллект министрлігіне қарасты кәсіпорында отандық спутниктерді құрастыру ісі қолға алынды. Бұл еліміздің жоғары технологиялы өнеркәсіпке қосқан маңызды үлесі болады.
Алдағы жылдары кәсіпорын Жерді қашықтан зондтауға арналған кемінде 5-6 спутник құрастырып шығаруды жоспарлап отыр. Бұған қоса жоба экспортқа бағытталып, жалпы құны 75 млн АҚШ долларын құрайтын өнімді сыртқы нарыққа шығару көзделген. Бұл – ел тарихында алғаш рет жүзеге асатын жоғары технологиялы экспорт.
Өткен жылы киберқауіпсіздік саласында бірқатар маңызды шара қабылданды. Ең алдымен мемлекеттік органдарда ақпараттық қауіпсіздік үшін жауапты бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілді. Азаматтардың дербес деректерін қорғау нормалары да күшейтілді.
Пойыздар мен ұшақтарда Starlink деңгейіндегі интернет пайда болады
Бір миллионнан астам азамат кибергигиена бойынша оқытылып, мемлекеттік органдарда бұрын-соңды болмаған көлемде тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде ақпараттық қауіпсіздік талаптарының жиі бұзылатыны анықталды.
Осыған байланысты орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдарға деректер қауіпсіздігіне қатысты бақылауды күшейту міндеті қойылды. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерден азаматтардың дербес деректерінің сыртқа таралуы жағдайында жауапкершілік тікелей басшыларға жүктелетіні ескертілді.
Еліміз цифрлық трансформацияның жаңа белесіне қадам басып отыр. Спутниктік интернет, деректер орталықтары, жоғары технологиялы спутник өндірісі мен киберқауіпсіздік салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар орта мерзімде елдің цифрлық егемендігін нығайтуға, экономикасының ашықтығын арттыруға әрі халықаралық бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді.