Саясат • Кеше

Болгария президенті қызметінен кететінін мәлімдеді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Болгария президенті Румен Радев отставкаға кететінін жариялады. Мемлекет басшысы өтінішін 20 қаңтарда ресми түрде тапсыратынын айтты. Ол азаматтардан кешірім сұрап, өзіне сенім артқан жұртқа алғыс білдірді, деп жазады Egemen.kz.

Болгария президенті қызметінен кететінін мәлімдеді

«Осы кезеңде президент пен вице-президенттің бір мақсатқа жұмылып, үйлесімді әрекет ете алатынын көрсеттік. Мен Илияна Йотова Болгарияның лайықты басшысы болатынына сенімдімін», деді Румен Радев.

Ол өз президенттігі тұсында ел екі ірі қоғамдық толқынды – 2020 және 2025 жылдардағы жаппай наразылықтарды бастан өткергенін еске салды. Осы аралықта уақытша үкімет жеті мәрте құрылған.

«Бүгін мен сіздерге Болгария президенті ретінде соңғы рет үн қатып тұрмын. Осы тоғыз жылда ел еуропалық интеграция үдерісін аяқтады. Біз бүгінде Шенген аймағы мен еуроаймақтың мүшесіміз. Бұл – 1990-жылдардың соңында белгілеген стратегиялық меже», деді ол.

Мемлекет басшысы елдегі саяси түйткілдердің түп-төркінін «сырттай демократияға ұқсайтын, бірақ шын мәнінде олигархиялық тетіктермен жұмыс істейтін» басқарудың қасаң моделінен көретінін айтты.

«Болгариядағы саясат мемлекеттік институттардан тыс дамып отыр. Қуыршақтар камера алдында ашық көрініп, Ұлттық жиналысқа нұсқау береді. Олар премьер-министрдің көзінше үкімет атынан сөйлейді, партияларды, банктерді, кәсіпорындар мен бұқаралық ақпарат құралдарын иемденеді. Билікті саяси қарсыластарға қарсы таяқ ретінде пайдаланады», деп мәлімдеді президент.

Румен Радев 2025 жылдың күзінде наразылыққа шыққан жастардың әрекеті өзіне ерекше жігер бергенін атап өтті.

«Бұл – халқымыздың психологиясындағы бетбұрыс. Енді бейжайлыққа, жеке бас қамын ғана күйттеуге нүкте қоятын уақыт келді. Бізді өткенге байлап тұрған алауыздықты артта қалдыру қажет. Алға бастар жолды алаңдағы бірлік көрсетті», деді ол.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, президенттің бұл шешімі күтілген қадам саналады. Болгария алдағы айларда өтетін кезектен тыс парламент сайлауына дайындалып жатыр, бұл соңғы төрт жылдағы сегізінші науқан болмақ. Ақпарат көздерінің дерегінше, Румен Радев алдағы сайлауға қатысу үшін жеке саяси партия құруы ықтимал.

2025 жылдың қараша айының соңынан бері Болгария аумағында жаппай наразылықтар өтті. Шерушілер салық саясатына, әлеуметтік аударымдардың өсуіне қарсы шығып, биліктің ауысуын және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуді талап етті. 11 желтоқсанда ел премьер-министрі Росен Желязков үкіметінің отставкаға кететінін ресми түрде жариялаған еді.

Соңғы жаңалықтар