Мамандардың айтуынша, «Fizmat Al Olympiad» додасы – жасанды интеллект, бағдарламалау және деректерді талдау саласындағы білім мен тәжірибелік дағдыны дәріптейтін ірі сайыстардың бірі. Осы жылы халықаралық байқауға жеті мемлекеттен келген үздік командалар қатысып, өзара кіл мықтыны анықтады.
Қатысушылар келтірген дерекке жүгінсек, байқаудың іріктеу кезеңінің өзі тартысты өткен көрінеді. Білім додасына қатысуға ниет білдірген үміткерлердің ішінен бар болғаны 150 оқушы ғана келесі кезеңге жолдама алған. Ал қорытынды кезеңде бақ сынаған елу команданың қай-қайсысы болсын, өз жобларын шегелеп келген кіл мықты ұжымдар санатына жатады. Олардың қатарына енген тараздық білім алушылар да халықаралық олимпиадаға үлкен дайындықпен келгенін дәлелдей білді.
Алматы қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің базасында ұйымдастырылған финалдық кезеңде кіл мықтылар жиналғаны анық. Мұнда білім додасына қатысушылар практикалық тапсырмаларды орындады. Нақтырақ айтсақ, жасанды интеллект моделін құру, деректерді өңдеу және оңтайлы шешім шығару секілді күрделі міндеттерді шешуге ден қойды.
«Халықаралық деңгейде өткен білім бәсекесі қатысушылар үшін үлкен тәжірибе алаңына айналғаны анық. Өзіміздің осы күнге дейін жиған білімімізді бір тексеріп алуға мүмкіндік туды. Өзге елден келген оқушылармен бәсекеге түсу – зор жауапкершілік. Сол жауапкершілік жүгін айқын сезіндік.
Дайындық үдерісі кезінде біршама қиындық туындаған еді. Кейбір тапсырмалардың соған сай қиын болғаны рас. Алайда команда ретінде жұдырықтай жұмылып, барлық кезеңде күрделі тапсырманы бірлесіп шешуге күш салдық. Бекем бірлігіміз ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетуімізге себеп болған секілді. Білікті ұстаздарымыз мен ардақты ата-аналарымыздың демеуі мен қолдауы да бізді қанаттандырды», деді Нұрасыл Серіков.
Тараз