09 Шілде, 2010

ЖАМБЫЛҒА ШӘКІРТ, КЕНЕННЕН САРҚЫТ МӘШҺҮРБЕК

1114 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Қолыма Мәшһүрбек Аманжолұлы деген кі­сі­нің артында қалған балалары шығарған “Өсиет” атты өлең кітабы тиді. Өзінің дүние сал­ғанына отыз жылдан аса уақыт өткен көрінеді, ал бүгінде көзі тірі болса, жүз жасаған жан­дар­дың қатарын толтырғандай екен. Бірақ пәнидегі дәм-тұзы ертерек таусылғанмен, өмірдегі өнегесі мен өлең сөзінің ғұмыры ұзақ болатынына ол кі­сінің азды-көпті мұрасымен танысып, ша­ңы­ра­ғының туын жықпай ұстап отырған Гүлжиһан апамен һәм ұрпағымен әңгімелесе келе, көңіліміз сенгендей, көзіміз жеткендей, әдемі әсерге бө­лен­дік. Кітаптың ашылар бетінде аруақ аунатып ай­тылған бір-екі жылы лебіз де біздің Мәшекеңе деген қызығушылығымызды арттыра түсті десек, ар­тық емес. Мәшекең қырық жылдай мұғалім, со­ның ішінде жиырма жылдай мектеп директоры болып, талай ұрпақты тәрбие те­зі­нен өткізген ұлағатты ұстаздықпен тіршілігін то­лымды етіпті. Сонымен бірге тумыс-та­биғатынан дарыған өлең-жырды кәсіп пен нә­сіп қылмаса да, өмір бойы сыр ашар жан сер­і­гіне, мұңдасар жұба­ны­шына айналдырғанын аңғарамыз, қайда жүрсе де домбырасын қолдан тастамағанын, бұл кісі бірер ауыз ән шыр­қамай, жанынан жұптап суырып салып өлең айтпай, мәжіліс сәні келмегенін бай­қаймыз. Осы қасиеттеріне орай әрі тағдырдың жа­зуымен жыр алыбы Жамбыл Жабаев пен за­мана бұлбұлы Кенен Әзірбаевтың жақын тұт­қан, жақсы көрген шәкірті болады. Майданға аттанып бара жатып: “Қош енді, Отар, Қордай – өскен елім, кір жуып, кін­ді­гімді кескен жерім” деп өлеңдетіп жа­з­ға­нын­дай, Мәшһүрбек әуелі өнерпаз ағасы Кененмен елдес, ауылдас. Қазақтың ән-жырының ұшпағына Кенекеңдей біртуар дарынды шығарған Ұмтыл атты ұлағатты, қордалы да қатпарлы ауылдың тумасы. 1909 жылы дүниеге келіпті, яғни Жамбылды іздеп тапқан, хатшысы болған қайраткер ақын Әбділда Тәжібаевтың құрдасы. Әкесі Аманжол ескіше оқыған молда, онан соң үш сайлау бойы болыс, кейінірек би болыпты. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, нашарға көп болысқан, халыққа сыйлы, әділетті адам болса керек. Сөйткен әке жаңа өкімет орнап, заман өзгеріп жатқан 1922 жылы, қазылы қария кезінде дүние салады. Сонда 13 жастағы Мәшһүрбек әкесіне дауыс айтқанда үш ауыз өлең жазып қосады. Барасың, әкем, қайда мені тастап? Қасыңда әлім кетіп тұрмын қақсап. Тентектік талай істі көрсетсем де, Реніш етпеуші едің ешбір жасқап. Ауызға алыныпсың бала жастан, Жасынан ел қорғауға араласқан, Ел-жұртың әділетті деп айтушы еді, Аруақты, қатарынан ақылы асқан деген жолдар сөзімізге дәлел. Ақындық пен әншілікке аздап құдай берген қабілеті бар, оның үстіне алдында Кенендей маңдайы жарқыраған үлгі бар. Десе де соның бәрі қызды ауылдың маңайын күзеткен жастық-мастық дырдуының, көкпар шаңының астында қалып бара жатқанын байқаған жақын ағайы Қапасбек Егізбаев оны 19 жасында 8-ші ауылдық кеңес төрағасына хатшы етіп алғызады. Әр іске икемді қағылез жігітті келесі жылы шақырып алып аудандық атқару комитетінің жауапты хатшылығына ұйғарып отырса, Кедей ауылдық кеңесінің төрағасы: “Бұл бидің баласы” деп жамандап, әлгі қызметке алғызбай қойыпты. Осыған қамыққан Мәшһүрбек хатшылықты тастап, мұғалімдікке ауысады. Қолында білім туралы ешқандай құжат болмаса да, оқу бөлімі қабілетіне қарап мектепке қабылдайды. Осы­лайша қырық жылға созылған ұстаздық еңбек жолы басталады. Әуел тұстағы халықты жаппай сауаттандыру науқанына да белсене қатысады. Мұғалім болғаннан бастап өзі де асықпай мұқият дайындалып, педагогикалық училищені бітіреді. Ал КазПИ-де сырттай оқып, жоғары білім алып шығуы кейінірек, соғыстан кейінгі жылдарда. Соғысқа дейінгі кезеңдегі атап айтарлық жағдай сол, 1935 жылдан бастап атақты ақын Жамбылдың ауылында мұғалім болып, бала оқытады. Ақындық өнерімен, басқа жастардан өзгеше сал-серілігімен ұлы ақынның ілти­па­тына ілінеді. Жәкеңнің балалары Алғадай, Те­зек­баймен дос болады. 37-нің сүргіні ша­рық­тап, әркімдер ұсталып жатқан шақта Жәкең күнде таңертең келіп терезесін қамшысының сабымен тықылдатып: “Әй, қасқарау, амансың ба, қалайсың, барсың ба?” деп елден ерекше Мәш­һүр­бектің амандығын біліп, тек содан кейін ғана көңілі тынышталып, ары қарай жүріп кетеді екен. “Қасқарау” дегені – сол кездегі дағды бойынша руының атымен ата­ға­ны. Қалай десек те, Мәшһүрбек Жамбыл ауы­лында сыйлы болады. Жәкеңнің өзі бас болып ел іші той-тома­лағынан, алқалы жиынынан қал­дырмайды. Мейлі, қайда барсын, қашан бол­сын, мәжілістің гүлі – Мәшһүрбек. Олай бо­латын себебі, Кененге іні боп келетін бұл қас­қарауыңыз әрі ақын, әрі әнші. Домбырамен ән де салады, күй де тартып береді, өлеңді суы­рып салып та айтады. Сөйтіп жүріп, Мәш­һүр­бек Жәкеңнің баласындай боп кетеді, сол ауыл­дағы ең талапты әрі сүйікті шәкірті атанады. Жәкеңнің әсерімен болар, әрі сол уақыт­та­ғы кең тараған дәстүр бойынша жиын-той­ларда қыз-жігіттің қайымдасып айтысу сал­тымен Мәшһүрбек те мұндай сәттерде сөз ата­сын өлтірмеген. Кегенде Гүлбаршын деген қыз­бен, Жамбыл ауылындағы Айжан, соғысқа атта­нып бара жатқанда Шу стансасында кез­дес­кен Меруерт деген келіншектермен іштегі шер­ді тарқата сырласып айтысқан көңіл наз­дары әлі күнге дейін әдемі тартымдылығын жо­ғалт­паған. Сол заман суретін елестететін, Мәш­һүрбек пен айтысушы келіншектердің тағдыр жайынан әртүрлі сыр ұшығын суыртпақтайтын, қағазға хатталып сақталған осынау айтыс­тар­дың қай-қайсысы да кеңірек сөз етіп, бажайлай талдауға тұрарлықтай. Бірақ оған мақа­ла­мыз­дың көлемі көтере қоймас. Тек “Қайтейін, алыс­тадың Мәшһүрім-ай, Көрік едің ақ отау­дың бас­құ­рын­дай” деген Айжан келіншектің ар­манды сөз­дерінен жігіт сұлтанының сұл­басын тани­тын­даймыз. Ал Шу стансасында, по­йыз бір сағатқа тоқтаған уақыттың тығыздығы мен жердің тарлығына қарамастан тамаша да сирек айтыс үлгісі туған. Бұл айтыстың соңында Мәшһүрбек: “Ой салып алау сәтің, көздің құрты, Қымбатты ер жігітке елі-жұрты. Жеңіспен кездесерміз кешікпей-ақ, Шара жоқ бұзылмасқа жаудың шырқы. Қош-сау бол, құрбым Меруерт,  жолыққанша, Кім білсін созыларын соғыс қанша? Көңілімде сақталарсың ұмытылмай, Есен-сау қайта айналып тоғысқанша”, – деп ерге тән сабыр-толғамды парасатпен түйіндесе, Меруерттің: “Қош болғың, қол бұлғадым сасқанымнан, Абырой арылмасын бастарыңнан. Жас бөбек қолды байлап жібермей тұр, Болмаса қалмас едім қастарыңнан”, – деуінен ер жігіттің соңынан соғысқа бірге еріп кетуден та­йынбайтын қазақ әйелінің өжеттігі мен ел­жанд­ы­лығы өрттей қаулап елес бергендей. Біздің пайымдауымызша, Мәшһүр­бек Аман­жол­ұлының жоғарыда аталған сөз сайыстары қазақтың ақындар айтысы антологиясынан орын алуға хақылы һәм лайықты деуімізге әбден сияды. Мәшһүрбек өлеңдерінде оның өмір жо­лының іздері сайрап жатқандай. Әкесіндей боп кеткен Жамбыл тәтесінің ұлы Алғадаймен 1942 жылы бір лек­те майданға атта­ныпты. “Ал­ындым армияға январьда, Табиғат медет бер­гін шы­бын жанға”. Мұн­да­ғы “табиғат” де­гені “құдайым” де­ген сөз. “Та­мыз­дың 11-інде бұй­рық келіп, Жүр­гізді Алматыдан жан­ның бәрін”. “Мәс­кеу­ден аттың ба­сын бір-ақ тарт­тық, Бабушкин қа­ла­сынан орын таптық”. “Май­дан­ға қарашада жақын бардық, Жауменен белдесуге жақындадық”. “Белдестік қарашаның отызында, Халық үшін қан майданда түстік сынға. Оқ тиіп үш жерімнен жараланып, Күндізгі сағат 5-те қайттым тылға”. Бұдан соң санрота, төрт айдай госпитальда жатып, тағы да майданға қосылады. “Басылар жаудың тасып асқандығы, Тентектің өрге аспайды қастандығы. Төлейді бар бейнетті соғыстағы, Мәңгілік халқымыздың бос­тан­дығы”. Майдандағы қазақ жасының өршіл де өрелі ойы осындай. “Ұстап ап шолушысын жүр­ген аңдып, Босатып жау қолынан Киевті ал­д­ық. Штабқа қаз-қатар тізген бойда, Тұт­қынды қолға түскен айдап бардық”. “Поль­ша­дан қу немісті қуып шығып, Босаттық орта­лығы Варшаваны”. “Ашылды әшкере боп былықтары, Қираттық Данцигтегі группаны”. Мәшһүрбек майданда бойкүйездікке бой алдырмайды. Сергек. Ширақ. Арттағы елін де ұмытпайды. “Ел-жұртым дұғай сәлем барлығыңа, Болмайды жауға намыс алдыруға!” деп бір түйеді. “Сағындым ел-жұртымның кәрі-жасын, Ағайын, аманбысың, қарлығашым?”. Ел мен жеріне са­ғынышты сәлем жырлары толассыз жазылады. Бірақ та “Қайтпаймын жау қамалын бұзып бер­мей, Отанның шекарасы түзіктелмей, Тал­қан­дап жауды қуып Берлинге шек, Қолыма Жеңіс туын іліп келмей”. Мәшһүрбек бұл сертіне де жетеді. От кешіп жүрген Мәшһүрбектің 1944 жылдың 5 мамырында жазған “Кенен Әзір­баев­қа майданнан хат” атты сағынышты толғау жыры үлкен жүректің ұлағатты сырындай. Үшбу өлең хатты: “Ассалау­ма­ғал­айкүм, Кенен аға, Жүйріксің нағыз шешен сөзге дана” деп бастап, асыл ағаның көркем дауысы майдандағы бауырларының құлағында жүргенін кішілік ізетпен жыр етеді. “Ақынсың әнге шебер, сөзге кемел, Тілеулес көп достарың киген шинель”, “Алтынның қолда барда қадірі жоқ, Дәл сіздей туа бермес ер өнерлі”, – деп өзі өмір-өлім орта­сын­да жүрсе де Кенекеңдей сирек туар саң­лақ­тың қадіріне жете білуінің өзі неткен өнеге, неткен ғажап. Әкесіндей болған Жамбыл тәтесі дүниеден өтті деген хабарды естігенде 1945 жылдың 4 шілдесінде баласы Тезекбайға көңіл айту өлең хатын жолдайды. “Иманды болсын атаң, Тезекбайым, Балқытқан шешен еді сөздің майын” дей келе, “Шақырған ел ұранын ақсақал ед, Қалғай-ды арт жағында аруағы” деп үлкен ой айтып, игі тілек қосады. “Жәкеңнің өзі өлгенмен, сөзі өлген жоқ, Жақсының батасын ап көгерген көп. Орнын бас талаптанып, Тезекбайым, Арттағы мирасқор сен көңілге тоқ. Сайраған сандуғаштай шешен еді, Бақыты қартайғанда еселенді. Істеген еңбегіне разы боп, Шақырып қос орденді көсем берді”, – деп, жыр алыбының асқар биігін, әдебиеттегі орынын дұрыс та дәл пайымдай білген сұң­ғы­ла­лығын аңғартады. Қырық бестің қарашасында құдай тілегін беріп туған елге, Отарға оралады. Жаудан елдің кегін алып келеді. “Сағынған ел мен жерін ұлың келді... Халқымның орындадым тап­сыр­масын” деп баян етеді. Ауылдан төрт жарым жыл көз жазып, жырақ жүрген Мәшһүрбек сөйтіп, аяулы мектебімен қуана амандасады, жасынан еңбек еткен қасиетті ордасына қай­тадан қадам басады. “Жинақтап тәрбиелік ша­ра­ларды, Шашын сипап, бетінен сүйе бердім, Көп­тен тыс сағын­ғаннан балаларды”... Осы­лайша жаңадан жарқын өмір бастайды. Бірінші жары қайтыс болып, екінші әйелі көп опық жегізген Мәшһүрбек Отардағы темір жол бо­йының №29 мектебінде өзімен бірге мұғалім боп жүрген жас бойжеткен Гүлжиһанмен көңіл жарастырып, бастарын қосады. Бұл Гүлжи­һан­ның өзі Кененге аталас қарындас болып келетін­діктен, ардақты ағамен бұрынғыдан да жақын араласып, екі үйінің бірі болып кетеді. “Момынның тұқымысың берекелі, Ағаңыз ақын Кенен ел ертеңі”. Жас жары Гүлжиһан ұзағынан сүйіндіріп, мерекелі қызық дәурен сүргізді, өзі айтқандай, өмірлі бөбектерді бірге тәрбиелесіп, өзінің де, өлеңінің де бағын ашты. Сол қырқыншы жылдардың аяғында Мәшһүрбек ағаның алдынан оқыған Кенен атаның қызы Төрткен бүгінде Мәшекеңнің сол кездегі келісті сыр-сымбатын, зифа қасиет­терін, ұстаздық ұлағатын, кейінгі жастарға көр­сет­кен әсерлі өнегесін сүйінішпен еске алады. Мәшһүрбек одан соң дәм жазып отбасымен сонау Семейдің Жарма ауданының Жалғызтөбе ауылындағы мектептің жа­ғ­да­йын көтерісіп, төрт-бес жыл бас­қарып еңбек жасайды. Бірақ со­ғыста алған жаралары бар, денсаулығы нашарлауына бай­ла­нысты 1954 жылы Жал­ғыз­тө­беде бауыр басып қалған дос-жаран­дармен қимай қоштасып, дәрі­герлердің кеңесімен Алматы іргесіндегі Қаскелең ауданына қарасты Ұзынағаш стан­са­сына ат басын тіреп орнығады. Осын­дағы бас­тауыш мектепті қолға алады. Жылма-жыл бала саны көбейгесін қол қусырып қарап отырар Мәшекең бе, ата-аналармен сөйлесіп, аудан мен облыс басшыларының табалдырығын тоздырып жүріп, әуелі жаңа мектеп үйін салғыздырып, мек­тепті сегіз жылдыққа жоғары­ла­та­ды. Кейін осында совхоз ор­на­ғанда бала саны күрт кө­бе­йгенде мектеп директоры Мә­ше­кеңнің қамшылауымен орта мектеп ашылады. Ынтымақты мұғалімдер ұжымын жасақтап, үлгілі білім ордасына айнал­ды­рады. Алпысқа толып мек­теп­пен қоштасқанда: “Көп тентектің түзедім көз­қара­сын, Баулыдым болашақтың бел ба­ласын” депті. Бұл да рас еді. Қа­зіргі ел тұтқасын ұстап отыр­ған­дар қы­рық жыл ұстаздық еткен Мәшекеңдердің шә­кірт­тері емес деп кім айтар. Иә, “Еңбек еттім 40 жыл – аз ба, көп пе? Көп айтыстым өмірмен жекпе-жекте. Ғалым бопты шәкіртің десе біреу, Қуанамын жеткендей төбем көкке” деген ұстаз ақынның шынайы жан сыры шынымен де көңілімізді толқытқандай. Сонымен, 1969 жылдан бастап: “Жас жетті, денсаулық жоқ, дема­ла­йын, Тапсырып ендігіні Гүл­жи­һанға” деп Мәшекең мектебімен мұңая қоштасса да, өмірде опти­мист болады. Бойдағы сырқатына бой бермейді. Уайымды маңайына жо­латпайды. Ауыл-айма­ғының тір­шілігінен қол үзбейді. Ақылман ақ­­сақал, ел ағасы болады. Ескі жолдас өлеңі мен домбырасы өзінің ғана емес, жұртының да көзайымы бола береді. Абзал азамат Шәріпжан Шатенов басқарған “Күрті” кең­шарындағы келелі істерге қуанып, оның он жылдық тойына сүйінішті жыр толғайды. Енді бір сәт сол кездегі Алматы об­лыстық партия ко­митетінің бі­рінші хатшысы, ар­­қалы азамат Асанбай Асқаров Күрті ауда­нына келгенде: “Мүбәрак жайлы болсын кел­ген­де­рің, Сіздерсіз мият тұтып сен­гендерім. Көз салып көме­гің­ді беріп қайт­саң, Ті­лейді ті­ле­уің­ді жүрген же­рің” деп ел­дегі өрен-жа­ран­ның аты­нан өлең­­дете қарсы алғаны да біраз жайды аң­ғартса керек. Енді бірде Ұз­ын­­а­ғаш­тағы ұқ­ып­с­ыз­дық­тарды сын са­дағына алып: “Өсер ел, өсек пенен аяңды қой, Сіздерге ке­ректісі ақыл мен ой” деп ақсақалдық насихат айтуы Мәшекең жырында жағымды жарасым тапқан. “Көп көрген тарих сынын қазақ халқы, Жайылды шетелге де атақ-даңқы”, “Алматы анамыздай туған жерім, топтады маңайына қазақ елін”, “Үстінде астананың желбірейді, Қазақтың аспанға өрлеп елдік туы” деп келетін сонау кеңес кезіндегі отаншыл, қазақшыл шумақтары, Қазақстаны мен ару Алматысын мақтан тұтқан рухы биік өлеңдері Мәшһүр­бек­тің ақындығын да, азаматтығын да, ұлт­жан­дылығын да айғақтап тұрғандай. Ал, “Өсиет” атты ұзақ ғақлия толғауынан кәдімгі үлкен Мәшекеңнің – қазақтың қазыналы данагөйі Мәшһүр-Жүсіп атамыздың ұлы сарыны құлағымызға келгендей болады. “Жақсының сөзі балдай тамшылаған, Жүйрікте баға болмас қамшылаған. Жаманның лас жүрегі тазармайды, Суындай ескі құдық аршылмаған.” Иә, ағамыз Мәшһүрбек атын текке алып жүрмеген екен. Жамбыл тәтесінің 125 жылдығында елден ерек қуанып: “Жасыңнан жұртқа мәлім ақын даңқың, Келтірдің сұлу сөзбен жырдың шартын. Алыбы көркем сөздің деп атанып, Тарихта мәңгі қалды Жамбыл атың. Отанның сайрандадың алқасында, Өнерден өрен жүйрік шаршасын ба? Жайылды асыл сөзің шартарапқа, Жырыңды сүйген халқың арқасында”, – деп үдемелете шалқып, шабыттана жырға қосып Шығыс Гомерінің шын шәкірті екенін тойға жиылған қауымға осылай бір өрнекті өлеңмен білдірген екен. Ал, Мәшһүрбектің өзінің алпыс жыл­ды­ғында Кенен ағасы қызығын бөлісіп, түнімен дом­бы­расын қолдан тастамай өлең айтып, мәр­тебесін өсіргенін бүгінде Гүлжиһан апай ел­жірей еске алады. Кенекең дегенде Мәшекеңнің де шығарда жаны бөлек болыпты. Ағаның ауылы Кировқа бір барғанында: “Көркейген Киров колхоз ауылдарың, Жиналған неше түрлі ұлт қауымдарың. Келгенше қайта айналып кім бар, кім жоқ, Есен-сау қош болыңдар бауырларым. Сыйлаңдар Кенекеңді ренжітпей, Қария қадірменді ауылдағың”, – деп өлеңмен аманат айтуы бауырмал ізгі жүректің лүпілін қапысыз сездіргендей. Кенекеңе арнаған өлеңдерінің өзі тұтас бір цикл дерлік. “Ақындық атаңыздан ауысылған, Жібектен әуеніңнің бауы ысылған” деп өзі де әдемі өлеңнің зерін ызып жіберетін тұстары аз емес. Саңлақ дарынның 1974 жылдың жазында арқа-жарқа бүкіл ел боп атап өткен 90 жылдық тойына су жаңа “Жи­гулидің” рөліне үлкен ұлы Дүйсенді отыр­ғы­зып, жары Гүлжиһанды қасына, кенжесі Қанатты алдына алып Кировке елдің алды болып қолтығына қанат байлағандай аңыратып жетуі қандай десеңізші. Сондағы: “Өнердің шаң тимеген Құлагері, Сен де бір арнасы кең жыр әлемі. Ассалаумағалайкүм, асқақ дауыс, Жамбылдың қайталанбас мұрагері!” – деп соқтырған Мәшекеңнің өзінің жыры да неткен асыл еді. Аға Кененді қазақтың мәртебесіне балаған, қасиетті домбырасын айналып-толғанған жүрегі неткен әзіз еді. Сол әзіз жүрек содан бес жыл өткенде соғуын тоқтатып еді. ...Қазір, міне, Мәшекеңнің “Өсиет” деген кітабын парақтап отырмын. Сексеннің жетеуіне келген Гүлжиһан апайдың сандығында сақтаулы әдеби жазба мұрасы бұдан әлдеқайда көп көрінеді. Өткен жылдың желтоқсан айында қыздары Светлана мен Гүлнафистің мұрындық болуымен Алматының Чехов атындағы кітап­ха­на­сында ұстаз ақын Мәшһүрбек Аман­жол­ұлы­ның 100 жылдығына орай еске алу кеші болып өтіпті. Жамбылға шәкірт, Кененнен сарқыт болған Мәшекеңнің кейінгіге қалдырған сөзі ұзақ жасайтынына деген сенім менің көңіліме де берік ұялағандай. Суретте: Мәшһүрбек бәйбішесі Гүлжиһанмен; Ұлы Отан соғысының отты жылдарында (оң жақтағы Мәшһүрбек).