Сурет: inbusiness.kz
Құжат көлеңкеге ығысу қаупі жоғары денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтер, сауда, білім беру, құрылыс пен ауыл шаруашылығы сияқты бес негізгі саланы қамтиды. Бұл ретте жоспарды әзірлеу кезінде бизнес үшін жаңа міндеттер енгізу немесе реттеуді қатаңдату шаралары алынып тасталды.
Болжамды көрсеткіштерге сәйкес, «ІЖӨ-дегі бақыланбайтын экономиканың үлесі» нысаналы индикаторын биыл 14,5%-ға, келесі жылы 14%-ға, 2028 жылы 13,8%-ға төмендету жоспарланып жатыр. Кешенді жоспар төрт негізгі блоктан және 30 іс-шарадан тұрады. Олар – тауар өндірісі, қызметтер өндірісі, фискалдық әкімшілендіруді жетілдіру мен заңсыз әрекетке қарсы тұру.
Сауда саласындағы «сұр» импорт көлемін азайтуға ерекше назар аударылып отыр. Өйткені одан нарыққа адал жолмен қатысатындар зардап шегіп жүр. Сауда және интеграция министрлігіне бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, теріс жолмен әкелінетін тауарлар номенклатурасын айқындау, Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, өркениетті нарықты қорғау шараларын әзірлеу тапсырылды.
Жоспарды жүзеге асыруда цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект құралдары маңызды рөлге ие болады. Іс-шаралардың орындалуын бақылау мен мониторинг жасау Smart Data Finance АЖ-ның цифрлық платформасы арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Барлық іс-шараларды жүзеге асыру тиісті салалардағы салық түсімінің өсуін қосқанда, цифрландыруға, ЖИ модельдерге, өлшенетін KPI-ға баса назар аудара отырып, бірлескен жол карталары мен жұмыс топтары шеңберінде жүргізіледі.
Кешенді жоспардың жобасы мақұлданды. Белгіленген рәсімдер жасалғаннан кейін Үкімет оны одан ары жүзеге асыру үшін қабылдайды.