Қазақстан Республикасының экономикалық жағдайы Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ең табысты болып саналатыны бәрімізге мәлім. 1995 жылдан бері ел бойынша ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсу қарқыны орта шамамен 5,60 пайызды көрсетіп келеді. Алайда, Қазақстан Республикасының экономикасы дамыған елдерге қарағанда, біршама артта келеді. Сондықтан, республикамыздың экономикасы толықтай ашылып, қарқынды даму үшін, біз ДСҰ-ға мүшелікке ертерек кіруіміз қажет еді. Осы мақсаттың орындалғанына Лондонда жүріп қуанған жайым бар.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республикамыздың ДСҰ-ға мүше болуып кіруін әуел бастан қолдап, осы ретте үлкен жұмыстар жүргізуі ғанибет. 2009 жылы Кеден одағы елдері – Қазақстан, Беларусь және Ресей бірыңғай кедендік аумақ ретінде ДСҰ-ға қосылатыны жөнінде мәмілеге келген. Көп ұзамай 2012 жылы Кедендік одақтың бір мүшесі Ресей ДСҰ-ға кірді, бірақ Қазақстан белгілі бір себептермен қалып қойды. Осындай жағдайға қарамастан, Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылдың соңына дейін Қазақстан ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздерді аяқтайтынын мәлімдеді.
Алайда, 2014 жылдың көктеміндегі Ресей мен Украина арасындағы жанжал Қазақстанның ДСҰ-ға кірмеуіне әкеліп соқтырды. Себебі, Нұрсұлтан Назарбаевтың өтініші бойынша құрылған Қазақстан-Ресей делегациясының бірлескен келіссөзі арқылы ДСҰ-ға кіру жүзеге аспақшы болған. Анығында, АҚШ Ресейдің федералдық ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау қызметінің (Россельхознадзор) мамандарын Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне қатысты келіссөздерге қатыстырудан бас тартқан еді.
Еліміздің экономикасы жылдан-жылға дамып келеді. Әйткенмен, Қазақстан экономикасы ДСҰ-ға мүшелікке дайын емес дейтіндер де болған. ДСҰ мүшелерінің айтуы бойынша, бұл ұйым дамушы елдердің ерекше қажеттіліктерін үш жолмен қамтамасыз етеді.
Бірінші жолы. ДСҰ-ның келісімдері дамушы елдерге қатысты үш ерекше ережелермен қамтамасыз етіледі. Бірінші – ДСҰ-ның келісімдері өздерінің міндеттерін жүзеге асыру үшін дамушы елдерден қосымша уақытты талап етеді. Екінші – ДСҰ-ның арнайы ережелері дамушы елдердің сауда мүмкіндіктерін нарық арқылы, яғни жеңіл өнеркәсіпті, әртүрлі сервистерді, саудада кездесетін техникалық кедергілерді ескеріп, дамыту үшін беріледі. Үшінші – дамушы елдердің мүдделерін қорғау үшін, отандық немесе халықаралық іс-шараларды қабылдау кезіндегі ережелер: қорғанысты нығайту, демпингке қарсы, саудада кездесетін техникалық кедергілер болып табылады. Төртінші – дамушы елдердің дамуына қажетті ережелер: техникалық, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар мен олардың отандық телекоммуникация секторын нығайтуын тексереді.
Екінші жолы. Сауда және даму жөніндегі ДСҰ комитеті дамушы елдердің сауда, борыш және технологиялар трансфертіне арнайы тақырып ретінде назар аударады. Бұл дамушы елдерге қаржылай көмек бере отырып, техникалық ынтымақтастықтарын арттыру, оған қоса, дамушы және дамыған елдер арасындағы сауда-саттық жүйесін нығайта түсу болып табылады.
Үшінші жолы. ДСҰ жыл сайын 500-ге жуық техникалық аймақта әртүрлі оқыту шараларын жүргізеді. Оның басты мақсаты – жаңа технологиямен таныстыра отырып, сауда ұйымы жайлы сауаттарын ашу.
Қазақстан қазір осы үш жолдың үшеуінен де өтті. Жоғарыда айтып кеткен ДСҰ-ның дамушы елдерге деген қолдаулары Қазақстан экономикасының қарқынды дамуына зор әсер етеді. Сондықтан, барша қазақстандықтар Президентімізді қолдап, ДСҰ-ға мүше болғандығына қуанайық! Сөзбен емес, іспен. Осы мәртебені барынша бекем ұстап тұрайық.
Біржан ӘЗІМБЕРДИЕВ,
«Болашақ» бағдарламасының халықаралық стипендиаты. Лондон қалалық университетінің магистранты, Оксфорд Брукс университетінің бакалавр түлегі.
Лондон.