25 Маусым, 2015

Қатарда жүр қарт солдат

511 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
УОС-ЦВЕлге соғыстан аман-есен оралған аталар мен апаларымыздың да саны күннен-күнге азайып келеді. Биылғы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойын қарсы алған санаулы аталарымыздың бірі бүгінде Ордабасы ауданы Шұбар елді мекенінде тұратын Дәрмен Кенжебайұлы ақсақал. Өзінің тоқсан төртінші жазын қарсы алған Дәрмен ақсақал әлі ширақ, сергек. Одан соғыс жайында сұрай бастасаң, есте сақтау қабілетіне таң қалмай тұра алмайсың. Барлық оқиғаларды түгел бүге-шігесіне дейін айтып береді. СнимокДәрмен атамыз 1942 жылдың мамыр айында Алматыдағы атты әскерлерді дайындайтын жаттығу орнында 4 ай дайындықтан өтіп, қыркүйек айында 4-ші Беларусь майданына аттанған. Полковник Потапов басқаратын атты әс­кер­лер полкі Минск қаласын азат ету үшін шайқасқан. Осы полк құрамында 1943 жылы 1-ші Украина майданында Житомир, Ровно, Луцк қалалары үшін болған ұрыстарға қатысып, бұдан кейін 2-ші Украина майданында Львов, Люблин қалаларына жақындап, Карпат тауларынан біраз уақыт аса алмай тұрған. 1944 жылы Румыния арқылы айналып өтіп, Венгрияның Дербцен қаласын азат еткен. 1945 жылы көктемде Дунай өзенінің бойымен Словенияның Братислава қаласына қарай жылжыған. Бұдан кейін Австрияның Вена қаласын азат еткен уақытта неміс фашистері толық жеңіліс тапқаны туралы хабар жеткен. Бірақ соғыс аяқталғаннан кейін де  немістің арнайы дайындалған СС дивизиялары соңғы оқтары қалғанша берілмейтін болғандықтан, тағы да бір аптадай соғысқа қатысуға тура келген. Соғыс аяқталғаннан кейін атты әскерлерді Житомир қаласына қайтарып, барлық аттарды құрал-саймандарымен жергілікті халыққа таратқан. Ол кісі 1942 жылдың мамырынан 1945 жылдың мамырына дейінгі 3 жылда талай қиян-кескі ұрыстарға қатысқан. Ал­ғашқы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін Житомир қаласын азат ету үшін болған шайқаста, екінші «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін Кишинев қаласының маңында қоршауда қалған 5-ші полкті құтқаруға қатысқаны үшін алған. 1944 жылы танкке қарсы ататын қарумен танкті атып өртеген, өзі де аяғынан жара­ланып, есінен танып қалған. Дәрмен атамызға «Қызыл жұлдыз» ордені немістің СС дивизияларын талқандау үшін болған ұрыстағы ерлігі үшін берілген. Немістің арнайы дайындалған СС дивизиялары соғыс біткеннен кейін де қаруларын тастамай, соңғы оқтары қалғанша атысқан ғой. 1945 жылы 10 мамыр күні Мюнхен қаласына қарай тез жүретін механикаландырылған колоннамен, танктермен жақындаған. Алдымен одақтастардың және Кеңес Одағының ұшақтары тынымсыз бомба тастаған. Бұдан кейін артиллерия снарядтарымен атқылаған, содан соң «айып батальондарының» сарбаздары, іле-шала танктерге мінгескен жау­ынгерлер соғысқа кіріскен. Соғыс бір аптаға созылып, соңында 700-ге жуық неміс әскері қолдарын көтермеген күйі қолға түскен. Дәр­мен атамыз сол қолға түскен немістердің ішінен офицерлерді бір бөлек, сарбаздарды бір бөлек және жай адамдарды бір бөлек сұрыптау ісіне қатысқан. Сұрыптау ісі өте қиын жағдайда жүргізілген, өйткені, тікелей майдан жоқ, айнала түгел қолға түсіп жатқан немістер, қай жағыңнан оқ атылары белгісіз. Талай жауынгер Жеңіс күнін  көргенімен, жаулардың тасадан атқан оқтарынан елге аман орала алмады... Дәрмен атамыздың тағы бір әңгімесі жылқы жануары туралы болды. «Жылқы жарықтық өте сезімтал, ақылды келеді. Се­зімталдығы сонша, оқтың қай жақтан атылғанын байқап, иесіне белгі береді. Сонымен қатар, снарядтар жарылып жатқанда топтасып, ешқайда қашпайды. Атты әскерлерді қолбасшылық көбінесе маневр жасау үшін пайдаланатын. Бір күнде немістің тылына 30–40 шақырым еніп тұтқиылдан  шабуылдап, жау әскерлерінің үрейлерін қашырып, бекіністерін тастай қашуы үшін жағдай жасайтын, – дейді майдангер. Дәрмен ата елге 1946 жылы оралып, 1948 жылы Көктөбе ауылындағы Рахматулла қызы Дәмелі апамызға үйленеді, 6  ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі де еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтар. Араларында ғылым докторы да, жауапты мемлекеттік қызметте істейтіндері  де және кәсіпкерлікпен айналысатындары да бар. Ал өзі соғыстан кейін ауыл шаруашылығында еңбек етіп, бригадир, ферма меңгерушісі және  бас­тауыш партия ұйымының хатшысы дәрежелеріне дейін көте­рілген. 1966 жылы мақта ша­руа­шылығында рекордтық көрсет­кішке жеткені үшін Мәс­кеудегі «Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері» көрмесіне қатысып, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен мара­патталған. БЛКЖО-ның 60 жыл­д­ығы атындағы кеңшардың қойма меңгерушісі қызметінен зейнеткерлікке шыққан. Зейнет­керлікке шыққаннан кейінгі 34 жылдың ішінде қолынан кетпен-күрегін тастамай, балаларының, кейіннен немерелерінің де  жоғары білім алуларына жағдай жасап отырған... Міне, осындай ұлағатты ғұ­мыр кешкен сүйегі асыл ата­мызға биылғы Наурыз мере­кесі қарсаңында Ордабасы ауда­нының басшылығы арнайы келіп, атамызды туған күнімен құттықтап, иығына шапан жауып және «Ордабасы ауданының құрметті азаматы» атағы берілгендігі туралы Ордабасы ауданы мәслихатының шешімін жария еткен еді. Атымтай СЕРІКБАЙ, №18 колледж директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары. Оңтүстік Қазақстан облысы.