Сурет ЖИ көмегімен жасалған
Құрылтайдағы құнды ұсыныс
Мемлекет басшысы Вице-президентті өзі ұсынатынын, бірақ Парламенттің келісімімен, көпшілік дауысына сүйене отырып тағайындайтынын айтты. Вице-президент Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанның мүдделерін халықаралық форумдарда және шетелдік делегациялармен келіссөздерде таныстырады, Президенттің ұстанымын Парламентте білдіреді, отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен байланыс орнатады, сондай-ақ өзге де жауапты тапсырмаларды орындайды.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Вице-президент қоғамның қажеттілігінен туған лауазым екенін айтады.
«Президенттің қазіргі жұмыс кестесі айрықша қарқынды. Қысқа мерзім ішінде бірнеше құрлықта сапарлап, халықаралық деңгейдегі келіссөздерге қатысу, сонымен қатар ел ішіндегі ірі қоғамдық-саяси іс-шараларға төрағалық ету – мұның бәрі орасан жүктеме. Бұл тек жұртшылық көретін жария бөлігі ғана. Оның тасасында ауқымды аналитикалық жұмыс, құжаттармен күнделікті жүйелі айналысу, шешімдердің салдарын алдын ала бағалау секілді көзге көрінбейтін еңбек жатыр. Осындай жағдайда Президенттің командасында конституциялық мәртебесі айқын, саяси салмағы жеткілікті тұлғаның болуы басқару тиімділігін арттырады», дейді сарапшы. Ол бұл лауазымды президенттік институттың орнықтылығын күшейтетін құрал ретінде қарастырады.

Ержан Жиенбаев Вице-президенттің өкілеттігіне қатысты конституциялық өзгерістерге тоқталды
Әлемдегі тәжірибе
Әлемдік тәжірибеге қарасақ, күллі құрлықта Аустралиядан өзге, 70-тен астам елде мемлекет басшысының орынбасары бар. Көбіне бұл қызмет «Вице-президент» деп аталады, кей елдерде «кеңес төрағасы» деп қолданылады. Ал республикалық басқару нысанындағы 80 шақты елде президенттің өкілетін уақытша атқару міндеті Парламент спикеріне немесе Премьер-министрге жүктеледі. Мұндай алуандықтың ішінде классикалық үлгі ретінде көбіне президенттік республикалардағы модель аталады.
АҚШ тәжірибесі осы тұрғыда жиі мысалға алынады. Бұл елде Президент пен Вице-президент лауазымдары 1787 жылғы Конституцияда бекітіліп, 1789 жылдан бастап қолданысқа енді. Алғашқы кезеңде Вице-президенттің өкілеттігі шектеулі болды. Ол Сенатқа төрағалық етеді, дауыстар тең түскенде шешуші дауыс береді және Президент тапсырмасымен жекелеген міндеттер атқарады.
Негізгі қызметі – Президент отставкаға кетсе, импичмент жарияланса немесе қайтыс болса, өкілеттікті қабылдап, мерзім соңына дейін мемлекет басшысы міндетін атқару.
Бастапқыда сайлауда екінші орын алған кандидат автоматты түрде Вице-президент болатын. 1796 жылғы сайлаудан кейін Президент пен Вице-президент әртүрлі партиядан шыққан соң, 1804 жылы 12-түзету қабылданып, бұл екі лауазымға бөлек дауыс беру тәртібі енгізілді.
Ұзақ уақыт бойы АҚШ-та да Вице-президенттің саяси салмағы төмен бағаланды. Дегенмен ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап бұл қызметтің мазмұны айтарлықтай кеңейді. Вице-президенттер үкімет отырыстарына, ұлттық қауіпсіздік мәселелерін талқылайтын кеңестерге тұрақты қатыса бастады, Конгресспен байланысты нығайтуға атсалысты, халықаралық сапарларда президенттің өкілі болды.
1967 жылғы 25-түзету президенттік орын бос қалған жағдайда Вице-президенттің толық құқықты Президентке айналу тәртібін нақтылап, билік сабақтастығын құқықтық тұрғыдан бекітті. АҚШ тарихында бірнеше Президент дәл осы жолмен билікке келген. Сонымен қатар сайлау арқылы Президент атанған бұрынғы Вице-президенттер де бар. Бұл тәжірибе Вице-президент институтының саяси маңызын айқындап берді.
Эльвира Азимова Конституциялық реформаның басты мақсаты мен міндеттерін атады
Ерекше бетбұрыс ретінде Джимми Картер әкімшілігіндегі Уолтер Мондейлдің қызметі жиі аталады. Ол Вице-президентті Президенттің тұрақты кеңесшісі әрі әкімшілік ішіндегі үйлестіруші тұлға деңгейіне көтерді. Кейінгі кезеңде бірқатар Вице-президент осы үлгіге сүйенді, дегенмен олардың ықпалы әрдайым Президенттің басқару стилі мен саяси ахуалға тәуелді болып келді.
Латын Америкасында Вице-президент институты ерте қалыптасқанымен, оның нақты ықпалы әр елде әрқилы. Кей мемлекетте бұл қызмет билік транзитінің негізгі тетігі ретінде сақталған, ал кей жерде формалды сипатта қалып отыр. Мысалы, Мексикада Вице-президент лауазымы өткен ғасырдың басында жойылса, Аргентина мен Бразилияда Президенттің орнына өту тетігінің ажырамас бөлігі ретінде жұмыс істейді.
Еуропада аралас және парламенттік республикалар басым болғандықтан, классикалық Вице-президент институты сирек кездеседі. Болгарияда Вице-президент сайланады, Кипрде конституциялық модельде көзделгенімен, саяси себептермен ұзақ уақыт бос тұрған. Швейцарияда мемлекет басшылығы ұжымдық сипатта болғандықтан, бұл ұғым өзге мағынада қолданылады. Азия мен Африка елдерінде де модельдер алуан түрлі: кей жерде Вице-президент сайлау арқылы келеді, кей жерде президенттің тікелей тағайындауына тәуелді.
Вице-президент өз тарихымызда да жоқ емес
Қазақстан тәжірибесіне тоқталсақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Вице-президент институты енгізілген болатын. 1991 жылы бұл лауазым өтпелі кезеңдегі басқару жүйесін нығайтуға бағытталды.
Сол кезде Вице-президент қызметін атқарған Ерік Асанбаев атқарушы билік құрылымының қалыптасуына, алғашқы саяси реформалардың іске асуына араласты.
Алайда 1996 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен бұл лауазым жойылды. Содан бері шамамен отыз жыл өтті. Енді осы институтты қайта жаңғырту мәселесінің көтерілуі елдің саяси жүйесі жаңа деңгейге өткенін, басқаруда қосымша тетіктерге сұраныс артқанын аңғартады.
«Вицені» бүйтсе қазақшалаймыз»
Бұл ретте Вице-президент атауын қазақ тілінде қалай қолдану мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Филолог Арман Әлмембет бұл сөзді тілдік заңдылыққа бейімдеп, «уәйіс-президент» нұсқасын ұсынады.
«Келешекте «в» мен «ц»-дан құтыламыз. Ағылшынша бұл сөз вайс-президент, немісше фице-пхезидент, французша вис-пғезидон, итальянша виче-президенте, испанша висе-президенте, португалша висе-президенчи деп айтылады екен. Көшіре беруді қояйық. Көрші тілге масыл болуды қояйық», деді ол жазбасында.

Бұл көзқарас Халел Досмұхамедұлы мен Ахмет Байтұрсынұлының жат сөздерді тіл табиғатына икемдеу жөніндегі ұстанымдарға иек артқаны аңғарылады.
Жалпы алғанда, Вице-президент институтына қатысты пікірдің әртүрлі болуы заңды. Бірақ саясат тарихы мен халықаралық тәжірибе бұл қызметтің символдық атақ қана емес, нақты жағдайда басқару тиімділігін арттыратын, билік сабақтастығын қамтамасыз ететін маңызды институт екенін көрсетіп отыр. Сондықтан оны артық құрылым деп емес, заманауи саяси жүйенің бір қажетті тетігі ретінде бағалауға негіз бар.