Саясат • 24 Қаңтар, 2026

Ержан Жиенбаев Вице-президенттің өкілеттігіне қатысты конституциялық өзгерістерге тоқталды

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Қазақстанда енгізілетін жаңа институт – Вице-президенттің өкілеттігіне қатысты конституциялық өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ержан Жиенбаев Вице-президенттің өкілеттігіне қатысты конституциялық өзгерістерге тоқталды

«Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы «бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып келе жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйіні» ретінде тарихи әрі маңызды ұсыныс айтты. Президент бірқатар елде бар Вице-президент институтын енгізуді ұсынды. Мемлекет басшысының өзі атап өткендей, «біздің жағдайымызда бұл лауазымды енгізу мемлекетті басқару процесін тұрақтандырады. Сондай-ақ билік иерархиясын біржола айқындап береді». Сонымен қатар реформалардың жаңа кезеңінде қоғам дамуының барлық мәселесіне қатысты тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құру ұсынылды», деді Е.Жиенбаев.

Эльвира Азимова Конституциялық реформаның басты мақсаты мен міндеттерін атады

Оның айтуынша, аталған орган халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қоғамдық-саяси бірлестіктер мен құрылымдарды қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын орындауды жалғастырады. Осы екі маңызды институт бойынша негізгі ережелер Конституция деңгейінде тиісті регламенттеуді талап етеді.

«Вице-Президентті жалпы депутаттар санының көпшілік дауысымен білдірілген Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды. Вице-Президентті қызметінен Президент босататын болады», деді Е.Жиенбаев.

Вице-Президент:

– Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіреді;

– Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік етеді. Сонымен қатар Вице-Президент Қазақстан Республикасы Президенті атынан Қазақстан Республикасының және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады.

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы басталды

Вице-Президенттің өзге де өкілеттері Президентпен айқындалады. Вице-Президент институтының енгізілуіне байланысты Конституциядан Мемлекеттік кеңесші туралы нормалар алынып тасталады. Конституция деңгейінде Вице-Президентке қойылатын талаптарды көздеу қажет. Вице-Президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде Вице-Президент саяси партияның мүшесі болмау керек. Мұндай тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымға сәйкес келеді.

Соңғы жаңалықтар