Аурухананың бас дәрігері Динара Жұмаділованың айтуынша, шеберлік сағатының негізгі мақсаты – дәрігерлер арасында өзара тәжірибе алмасу. Сонымен қатар емдеу мекемесін болашақта заманауи технологиялармен жабдықтау жоспарланған. Бұл жүрек ақауы бар балаларға осындай күрделі операцияларды кедергісіз жасауға мүмкіндік береді. Тәжірибе алмасу барысында кардиохирургтер жасанды қан айналымы жағдайында қарыншааралық перде ақауын пластикалау, ашық артериялық өзекті байлау, ашық сопақша тесікті тігу, трикуспидальді қақпашаны қалпына келтіру секілді күрделі процедураларды жүзеге асырды. Шетелдік қонақтар – Беларусь Республикалық балалар хирургиясы ғылыми-практикалық орталығының жетекші мамандары.
«Операция жасау арқылы біз баланы қалыпты өмірге қайтарамыз. Қазір медицинаның дамыған кезі. Егер құрсақтағы сәбидің асқазан немесе ішек жолдарынан ақау анықталса, ол өмірге келмей жатып та операция жасала береді. Бірақ мұндай операциялар көбіне Астана, Алматы қалаларында жүргізілетін. Бүгінде қалалық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Шымкенттің перинаталдық орталығында да осындай күрделі емшаралар қолға алынып жатыр», деді Д.Жұмаділова.
Бас дәрігердің сөзіне сүйенсек, қалалық клиникалық балалар ауруханасы жанынан былтыр ақпанда ашылған кардиохирургия бөлімшесінде осы уақытқа дейін 16 баланың жүрегіне ашық операция жасалған. Бұрын мұндай науқастар республикалық орталықтарға немесе Түркістан облыстық ауруханасына жолданатын. Ал жеңіл түрлеріне ангиограф аппараты арқылы сан тамырынан операция жасалады.
Мамандардың пікірінше, кейінгі жылдары жүрек ақауымен туатын сәбилер саны азайып келеді. Бұл – жүкті әйелдердің уақтылы скринингтен өтуі мен алдын алу шараларының нәтижесі. Дегенмен қаны аздық, жоғары қан қысымы, жүктілік кезіндегі вирустық инфекциялар әлі де қауіп факторы болып қала береді.
Айта кетейік, игі іске «BI Group» құрылыс холдингі мұрындық болды. Шетелдік мамандарды шақыру, олардың жатын орны мен қаламақысын төлеу секілді шығындарды компания толықтай өз мойнына алған. Холдингке қарасты «BI Жұлдызай» қорының медицина жөніндегі директоры, «Мүмкіндік» жобасының жетекшісі Ұлжалғас Мұхамбетованың айтуынша, 2013 жылы бастау алған бұл қайырымдылық жобасы қазір еліміздің 9 қаласында жұмыс істейді. Жобаның басты міндеті – науқас балаларға қымбат операцияларды тегін жасату, отандық дәрігерлердің біліктілігін арттыру. Мәселен, былтыр компанияның 30 жылдығына орай жоспарланған 300 операцияның орнына 325 күрделі операция жасалып, меже асыра орындалған. Осы мақсатта Түркия, Жапония, Ресей, өзге де елдерден білікті мамандар шақыртылған.
Беларусьтік анестезиолог-реаниматолог Алексей Цилько былтыр ақпан айында Шымкентте болғанын еске алды. Оның бағалауынша, бір жыл ішінде жергілікті кардиохирургия бөлімшесінің жабдықталуы мен мамандардың кәсіби деңгейі едәуір өскен.
«Жалпы, статистика бойынша, өмірге келетін сәбилердің шамамен 1,5%-ы жүрек ақауымен туады. Бұл көрсеткіш демографиялық өсімге байланысты өзгеруі мүмкін. Ақаудың нақты себебі белгісіз болғанымен, экология, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс негізгі факторлар ретінде қарастырылады. Біз өткізген үш операцияның екеуін жергілікті хирургтердің өздері жасады, бұл олардың тәжірибесі мен шеберлігі артқанын көрсетеді», деді А.Цилько.
Беларусь мамандары үш күнге созылған сапар барысында барлығы 6 балаға күрделі операция жасады.
ШЫМКЕНТ