Ол үшін балық аулауға мораторий қажет
Құқық қорғау органдарының браконьерге қарсы күрес ашқалы біраз жылдың жүзі ауды. Елбасының өзі де браконьерлермен қарқынды күресті ұдайы назарында ұстап отыр. Браконьерлік әсіресе, Жайық-Каспий су бассейнінде белең алып тұр. Тұйық су қоймасы саналатын теңіздің қазақстандық бөлігінен ілуде біреуі болмаса, қазақстандық браконьерлерді топ-тобымен ұстау әзірге мүмкін болмай отыр. Керісінше, теңіздің Қазақстандағы бөлігіне Каспий маңындағы елдердің браконьерлері емін-еркін кіретіні жиі көрініс беруде. Соңғы дерекке жүгінер болсақ, мамырдың екінші онкүндігінде Әзірбайжан елінің 18 азаматы бар 2 жүзу кемесі Қазақстан аумағынан ұсталды. Облыс прокуроры Бауыржан Сматлаевтың жетекшілігімен өткізілген бірлескен құқық шарасы кезінде қолға түскен қос кемеден 2,2 тонна бекіре тұқымдас балық, 106 жәшікке салынған “коллада” ау құралдары тәркіленді. Облыс прокуроры Бауыржан Сматлаевтың айтуынша, бұдан мемлекетке 14,3 миллион теңге зиян келтірілген. Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 287-бабының 3-бөлігімен 2 қылмыстық іс қозғалып отыр. Жалпы, облыстық прокуратура үйлестіріп отырған бірлескен шарада су жануарларын және өсімдіктерін заңсыз алу, көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу фактілері анықталған. Осыған байланысты 130-дан астам қылмыстық іс қозғалған екен. Ал заңсыз айналымнан 110,3 тонна бекіре тұқымдас және өзге де балықтар тәркіленген.
Әрине, мәселе қылмыстық іс қозғаумен шектелмек емес. Мұның артында бірнеше мәселенің басы қылтияды. Алдымен, бұл еліміздегі су айдынының шекарасы қаншалықты берік қорғалатынына байланысты өрбиді. Өйткені, теңіздің қазақстандық бөлігі күні-түні жіті қорғалатын болса, көрші мемлекеттердің браконьерлері су айдынымен ел аумағына өтіп кетпес еді. Жыл сайын дағыстандық, не әзірбайжандық браконьерлердің Қазақстанның құқық қорғау органдарына ұсталуы жиіледі. Олар серуенге шығып, адасып, не теңіз желімен ығып келгендер емес, бірнеше тонна бекіре тұқымдас балықты заңсыз жолмен аулауға кәсіптенген кәнігі браконьерлер екені талас тудырмайды. Бұлар сонда сонау Дағыстаннан, Әзірбайжаннан Қазақстан аумағына дейін неге келеді? Бекіре балықтарын заңсыз аулау үшін келеді. Оны өз елдері аумағынан неге ауламайды? Өйткені, бекіре балықтарының көбірек өсіп-өнетін мекені – солтүстік Каспий. Ал бір бекіреден шамамен 28 кило қара уылдырық алынады. Бір кило қара уылдырықтың бағасы – 140 мың теңге! Бұл –“Атыраубалық” зауытында дайындалған қара уылдырықтың құны. Ал Ресейде, өзге де шет мемлекеттерде бұдан да қымбат.
Міне, осылайша Каспийдің қазақстандық бөлігіндегі браконьерлік халықаралық деңгейде өрбуіне жеңсік астың қымбаттығы себеп болуда. Браконьерліктің дәл бұлайша өрістей түсуі теңіздегі бекіре тұқымдас балықтар қорының күрт азаюына әкеліп соғатыны мына деректерден байқалады. Өткен ғасырдың 70-жылдарымен салыстырғанда, қазір бекіре тұқымдас балықтар қоры 9 есеге азайса, “пілмай” аталатын түрінің кәсіпшілік маңызын мүлдем жоғалтқаны белгілі болып отыр. Ал қорытпаның өнеркәсіптік қоры 2005 жылы 326 тоннаны құрағанымен, былтыр 170 тоннамен шектелген. Соңғы 5 жылдың ішінде балықтың дәл осы түрі 5 есеге азайғаны анықталып отыр. Осыған орай бекіре тұқымдас балықтарды кәсіпшілік аулау көлемі де төмендегені аңғарылады. Мәселен, 1975 жылы Жайық-Каспий су бассейнінде 8,2 мың тонна бекіре тұқымдас балықтар ауланса, қазақстандық балықшылар өткен жылы тек 50,48 тоннасын сүзумен шектелген. Демек, кәсіпшілік аулау көлемі 162 есеге азайып отыр.
– Бекіре тұқымдас балықтар – табиғи байлығымыз. Оны қорғау мемлекетіміз үшін маңызды мәселе, – деді облыс прокуроры Б.Сматлаев газет тілшісімен әңгімесінде. – Ал бекіре тұқымдас балықтар қорына суық қолын сұққан браконьерлермен ымырасыз күрес жүргізу құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі. Өйткені, бекіре тұқымдас балықтар қорының күрт азаюының басты себебі – браконьерліктің өрістеуі. Сондықтан өткен жылдың қыркүйегінде Бас прокурор Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткізілген құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінде Жайық-Каспий су бассейніндегі браконьерлікке тиімді қарсы күрес жұмыстарын күшейтуге баса назар аударылды. Биыл облыста 3 рет құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесін өткізіп, олардың күштері мен мүмкіндіктері сараланды. Өзара іс-қимыл әрекеттерін пысықтап, браконьерлікпен күресті пәрменді жүргізу, бекіре балықтарының қорын сақтау, молайту мәселелерін бірлесе шешу жолдарын қарастырдық. Облыстық жедел штаб құрдық. Бірлескен шараға әскери техникалар, соның ішінде, тікұшақ пен жүрдек қайықтарды пайдалану мәселесі шешілді.
Жайық-Каспий су бассейніндегі браконьерліктің өрістеуінде қазақстандықтардың үлесі де барын жоққа шығаруға болмайды. Облыс прокурорының айтуынша, биыл бекіре тұқымдас балықтарды кәсіпшілік аулауға лимит бөлінбегенімен, табиғат пайдаланушылардың ау тарту телімдерін рейдтік тексеру кезінде бекіре тұқымдас балықтардың ауланатыны анықталған. Биылғы сәуір айында балықшылар торына түскен 36 шоқыр су айдынына кері жіберілген. Сонымен бірге, табиғат пайдаланушылардың ауланған балықты сақтауға жіберуге дейінгі қоймаларында да бекіре балықтары табылып, “тордан” босатылған. Тор демекші, балық инспекциясымен жыл сайын иесіз аулар жиі анықталады. Былтыр қылмыстық сипаттағы 102 құжаттың 89-ы (87,2%) иесіз ауларды анықтаумен байланысты болған. “Балықты кәсіпшілік аулаумен шұғылданатын табиғат пайдаланушылар қара балықты аулау кезінде ауларынан бекіре балықтарын кездестіреді. Өйткені, табиғат пайдаланушылар Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасына ау құралдарын құрып қойған. Бұл аулар бекіре балықтарының уылдырық шашу мекеніне барар жолын бөгейді. Сол бірнеше ау торынан бекіре балықтарының өтіп кетуі мүмкін емес. Алайда, табиғат пайдаланушылардың бекіре балықтарын қайтадан су тоғандарына “адал” ниетпен жіберетіндігі үлкен күмән туғызады”. Бұл облыс прокуроры Б.Сматлаевтың пікірі.
Бекіре балықтары уылдырық шашатын қазіргі кезеңде Жайық өзенімен жоғары өрлеп, Батыс Қазақстан облысының аумағына дейін жетеді. Биыл алғаш рет прокуратураның ұйытқы болуымен бекіре балықтарының Махамбет, Индер аудандары арқылы Батыс Қазақстан облысы аумағына еркін жетуі үшін барынша мүмкіндік жасалды деген сенімде облыс прокуроры. Дегенмен, балықтардың еркін жүзуіне, уылдырық шашуына Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендігі, ағыстың баяулығы да кері әсер етуде. Соңғы он жылда Жайық өзенінің орташа ағысы 11,4-тен 5,3 текше шақырымға дейін елеулі азайғанын ескерген жөн. Ал балықтың өсіп-өнуіне ағын көлемі 8 текше шақырым болғанда, яғни, уылдырық шашу орындары 1 метрге дейін сумен толғанда ғана қолайлы болады екен. Осыған орай Жайық өзенінің басты проблемасы – Ресейден су жіберу және оның экожүйесін сауықтыру мәселелері шешілуі тиіс. Бұл, әрине Қазақстан-Ресей үкімет басшылары деңгейінде шешілетін мәселе.
– Бекіре балықтарының табиғи қорын молайту үшін алдымен оны аулауға 10 жылға дейін мораторий жариялау қажет. Мұны Елбасының өзі тапсырма етіп жүктеді. Бірақ нақты шешім жоқ. Уылдырық шашатын кезеңде бекіре тұқымдастармен бірге қара балықтарды аулауға да тыйым салу қажеттігі туындап отыр. Сонда ғана судағы табиғи байлығымыздың қоры табиғи жолмен молаяды. Бас прокуратура Үкіметке Жайық-Каспий су бассейнінде уылдырық шашу кезеңінде балық аулауға тыйым салу туралы ұсыныс жолдады. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде оң шешімін тапса, құқық қорғау және өзге де уәкілетті органдар бірлескен іс-шараларын тек қана су нысандарын заңсыз қол сұғушылықтан қорғауға бағыттар еді. Балық аулауға тыйым салу табиғи қоры айтарлықтай азайған бекіре тұқымдас балықтар қорының көбеюіне жол ашады. Ал браконьерлерге қарсы қолданылатын жазаны күшейту үшін тиісті нормативті құжаттар қабылдау қажет. Жалпы, Қазақстан аумағында балық және балық өнімдерінің айналымын реттейтін тиісті нормативтік құқықтық акті қабылдау мәселесіне назар аударуға негіз бар, – дейді Атырау облысының прокуроры Бауыржан Сматлаев.
Елбасының бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий жариялау жөніндегі тапсырмасын прокуратура жоғарыда айтқандай деректермен қуаттап отыр. Бекірені молайтудың тағы бір жолы – оның шабақтарын арнайы зауытта өсіру. Атырауда мұндай зауыттың екеуі бар. Жыл сайын Каспийге осы зауыттардан 7 миллион шабақ жіберіледі. Ал Ресейден 56 миллион, Ираннан 22 миллион, Әзірбайжаннан 15 миллион шабақ Каспий теңізіне жол тартатынын ескерсек, Қазақстан аумағында өсірілетін бекіре шабақтарының саны әрине, өте төмен. Сол себептен оның санын көбейту үшін Атыраудағы бекіре зауыттарын жаңарту қажеттігі де оң шешілмей келеді. Елбасы былтыр Атырауға сапары кезінде жылына 30 миллион шабақ өсіретін жаңа зауыт салу мәселесіне ерекше назар аударған еді.
Міне, осы мәселелердің оң шешілуі үшін Үкіметтің қолдауы ауадай қажеттігі жасырын емес. Өйткені, Каспийдегі бекіре тұқымдас балықтар жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр. Демек, Каспий теңізіне бекіресіз қалу қаупі бар. Бұған Үкіметтегілер, Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер не дейді?
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.