Білім • 28 Қаңтар, 2026

Алматының 100-ден астам колледж студенті шетелде тағылымдамадан өтті

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде Алматыдағы колледж студенттерінің 60 пайызға жуығы грантта оқиды, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматының 100-ден астам колледж студенті шетелде тағылымдамадан өтті

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласы Білім басқармасының стратегия және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Ерік Әбішаев техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесін мемлекеттік қолдау мен колледж инфрақұрылымын дамыту барысы туралы баяндап, биыл ТжКБ жүйесінің бюджеті 53,3 млрд теңгені құрайтыны атап өтті.

Бұл тегін білім алуға қолжетімділікті кеңейтіп, студенттерге әлеуметтік қолдауды күшейтуге мүмкіндік береді.

«Техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы мемлекеттік саясат әр студенттің үй-ішіне салмақ салмай, сұранысқа ие болып отырған мамандықты оқып, олардың барынша білім алып, жүріп-тұруына қажетті жағдай жасауға бағытталған», деді Ерік Әбішаев.

Қазір Алматыдағы 88 колледжде 86 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Олардың 50 пайыздан астамы мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында тегін оқиды. Былтыр мемлекеттік тапсырыс бойынша 17 491 студент қабылданып, алдынғы жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткішті көрсетті.

«Бұл әр жастың үй-ішіне салмақ салмай, сапалы кәсіптік білім алуына нақты мүмкіндік беретін қадам. Кадр даярлау экономиканың басым салалары бойынша 131 мамандық пен 220 біліктілікті қамтиды, бұл жастардың еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді меңгеруіне жол ашады», деді спикер.

Колледждер инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Былтыр мемлекеттік колледждерді жөндеу мен жабдықтауға жергілікті бюджеттен 2,4 млрд теңге бөлінді. Әлеуметтік әріптестердің есебінен төрт колледждің материалдық-техникалық базасы да 538 млн теңгеге жаңартылды.

Алматыдағы колледж студенттері сондай-ақ шетелде практикадан өтіп жатыр. Ерік Әбішаевтың айтуынша, колледждер өндіріс орындарымен тығыз байланысып білім береді. Қазір 22 мыңнан астам студент, яғни тегін оқитындардың 43,7 пайызы осы дуальды оқыту жүйесі бойынша білім алып жатыр. Бұл модельді іске асыру мақсатында 71 мамандық бойынша 770 кәсіпорынмен келісімшарт жасалған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша колледж түлектерін жұмысқа орналастыру деңгейі 94,3 пайызды құрап, 17 мыңнан астам түлек тұрақты жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, шетелдік серіктестермен ынтымақтастық аясында Алматының алты колледжінен 110 студент Қытайда, тағы 16 студент Германияның кәсіпорындарында ақылы өндірістік практикадан өтіп қайтты.

Сонымен қатар қаладағы мемлекеттік колледждерде WorldSkills стандарттары бойынша демонстрациялық емтиханы енгізілген.

Соңғы жаңалықтар