Саясат • 29 Қаңтар, 2026

Ынтымақтастық бағыты салаланады

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Ауғанстанмен ынтымақтастықты дамыту жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының бірінші отырысы өтті.

Ынтымақтастық бағыты салаланады

Сурет: primeminister.kz

Вице-премьер атап өткендей, жұмыс тобы ауған бағытындағы келісілген жүйелі жұмысты қам­та­масыз етуге құрылған. Ауған тарапымен ағымдағы өзара іс-қимыл мәселесін үйлестіру жұмыс тобы төрағасының орынбасары – Президенттің Ауғанстан бо­йынша арнайы өкілі, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Еркін Тұқымовқа жүктелді.

Серік Жұманғарин Мемлекет басшысы көлік дәлізін дамыту, өзара сауда-экономикалық, гуманитарлық іс-қимыл бойынша нақты міндет қойғанын атап өтті. Бұл ретте ағымдағы қарқынды жұмыс ведомствоаралық үйлес­ті­ру­ді күшейтуді, бастамаларды неғұрлым терең пысықтауды талап етеді. Жұмыс тобының негізгі міндеті – біртұтас жүйелі тәсілді қалыптастырып, артық бюро­кра­тиялық рәсімдерді қыс­қарту. Ауғанстанмен ынтымақ­тастық барынша толық көлемде пайдаланылмай жатқаны атап өтілді. Жұмыс тобы бірыңғай келіссөз алаңына айналып, мәселелерді жедел шешуге тиіс.

Отырыс барысында көлік және логистика, энергетика, денсаулық сақтау мен білім саласындағы өзара іс-қимыл перспективасы, сондай-ақ тау-кен металлургия саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайы қаралды. 2025 жылы Ауғанстанға екі рет гуманитарлық көмек көрсетілген. Кейінгі бес жылдағы жеткізген жүк­тердің жалпы көлемі – 6,4 млрд теңге.

Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов жоспарлы режімде жүзеге асырылып жатқан Ауған­стан аумағы арқылы өтетін «Тур­гун­ди – Герат – Қандағар – Спин – Болдак» теміржол құрылысы жобасының (CASA) барысы туралы хабардар етті. Қазақстан тарапы БАӘ-нің Энергетика және инфрақұрылым министрлігіне үш­жақты меморандум жобасын әзірлеп, жолдаған. Оған биыл ақпанда қол қою жоспарланып отыр. Сондай-ақ Пәкістан темір­жол министрлігімен жекелей меморандумға қол қою пысық­та­лып жатыр. Пәкістан жағы ұсы­ныл­ған маршрутты қолдайды.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова қазір еліміздің 34 жоғары оқу орнында 610 ауған студенті білім алып жатқанын хабарлады. Қазіргі меморандум бойынша жыл са­­йын 30 білім беру гранты бөлінеді. Квотаны жылына 60 грантқа көбей­ту жайы қарастырылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар