Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қостанай облысында болды
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қостанай облысындағы сапарын Ресеймен шекарадағы “Қайрақ” кеден бекетінен бастады.
Онда Үкімет басшысы Кеден одағы шеңберіндегі кеден, шекара және салық қызметтерінің жұмысымен жақынырақ танысты. Қостанай қаласынан 170 шақырым жердегі Қарабалық ауданында орналасқан “Қайрақ” кеден бекеті шекарадан жүк өткізу маңызына қарай еліміздегі ең ірі үштікке кіреді. Ресеймен шекарадағы 300 шақырым аумақты қадағалайды. Бұл кеден бекетінен тек жүк көліктері ғана емес, күніне қырық шақты жолаушылар автобусы және жүздеген жеңіл көліктер өтеді. Кеден одағының құрылуы “Қайрақ” кеден бекетіндегі жұмыстың да жаңаша ұйымдастырылуын талап етті. Қазір жүк көліктері бұрынғыдай бекетте иіріліп тұрмайды, тез өтіп жатыр. Ал жолаушы азаматтар тексеруге байланысты сәл аялдайды.
– Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Сондықтан шекарадағы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жұмыстар сол күйінше атқарылады, бүгінгі сөз тек кеденге ғана қатысты болады, – деді Премьер-Министр Кәрім Мәсімов. Кездесуде Үкімет басшысына Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрбозов, Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі директорының орынбасары Талғат Есетов Кеден одағы жағдайындағы жүзеге асып жатқан жұмыстарды баяндап берді.
– Кеден одағы шартына сәйкес бірінші шілдеден бастап кеден бекетінен өтетін жолаушылар мен жүк көліктері декларация толтырмайды, оларды есепке алып, тіркейміз де өткіземіз. Кедендік 12 бақылау түрінің қазір 9-ы қалды. Жыл аяғына дейін оларды сатылап азайтамыз да, 2011 жылдың басында жүктер мен жолаушыларды түгелдей кедергісіз өткізуге көшеміз, – деді Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрбозов.
Кеден жұмысымен танысқаннан кейін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов республикалық және облыстық ақпарат құралдарының өкілдеріне қысқа сұхбат берді.
– Мен Кеден одағына кіруімізге байланысты Елбасының тапсырмасымен Ресей шекарасындағы “Қайрақ” бекетінің жұмысын өзім көріп, танысу үшін келдім. Жаңа талаптағы жұмыс жаман ұйымдастырылмаған секілді. Адамдар Кеден одағы берген тиімділік пен қолайлылықты сезінуге тиіс. Істің о бастағы мақсаты да осы, – деді Кәрім Мәсімов.
Кеден одағы шеңберінде жұмыстар енді басталды. Мұның ел экономикасы мен бизнеске тиімділігінің болатыны айтылып жатыр. Ал Кеден одағының құрылуына байланысты Қазақстанда қандай да бір проблемалар туындауы мүмкін бе? Брифингте Үкімет басшысына журналистер осындай сауал қойды.
– Кеден одағы – бұл қоғамдағы жаңа көрініс, жаңа іс. Осы кезге дейін оның барлық заңнамалық негізі жасалды, яғни келісімдерге қол қойылды. Дегенмен барлығы қағазда мінсіз, ал өмірде кедір-бұдыр болып жатса, бұл еліміздің экономикасы үшін де, адамдар үшін де оңайға соқпайды. Сондықтан шекара, кеден қызметтері басшылары бірлесіп, проблемаларды дер уақытында анықтап, оның дер уақытында оң шешімін іздестіруіміз керек. Кеден одағындағы әріптестермен бірігіп анықталған проблемалардың илеуін қандырғанымыз абзал, – деді Кәрім Мәсімов.
Үкімет басшысы “білмеген жердің ой-шұқыры көп” дегендей, Кеден одағының алғашқы кезінде шикілі-пісілі сәттер болуы әбден мүмкін екенін ескертті. Әзірге кеткен қателіктерді жөндеу жұмыстары жүргізіледі, көш жүре түзеледі деген сенім бар. Дегенмен, Премьер-Министр Кеден одағының ұтымды жақтарын адамдар мен бизнес саласы сезінуі керектігін нақтылап қойды. Сонымен қатар Кәрім Мәсімов тәжірибе жинақталғасын, Кеден одағындағы әріптестермен екі жақты кездесулер ұйымдастырылатынына сенім білдірді.
Мұнан кейін Кәрім Мәсімов облыс орталығындағы “Қостанай су” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына барды. Онда облыс әкімінің орынбасары Виктор Мейестр Үкімет басшысын қаланы ауызсумен қамтамасыз етудің жай-жапсарымен таныстырды. Бұрын қала жерасты суын пайдаланатын, қазір тұрғындар мен кәсіпорындарға берілетін судың 80 пайызы ашық су қоймасынан да, қалғаны скважиналардан алынады. Ауыз су тарифін негізсіз өсірмеу үшін облыста жұмыстар жүргізілуде.
Қостанай қаласы табиғи газбен жылытылады. “Кісідегінің кілті аспанда” дегендей, сырттан алынатын көгілдір отынның бағасы тұрғындар үшін де амалсыз өзгеріп отырады. Осыған байланысты Виктор Мейестр тарифті тұрақтандыру үшін субсидия болса дегенді жеткізді Үкімет басшысына. Кәрім Мәсімов бұл мәселенің алдағы уақытта Үкіметте қаралатындығын айтты.
Жыл басынан бері облыстағы денсаулық сақтау саласы бірыңғай ұлттық жүйені іске асыруға кіріскен. Бұл Үкімет басшысы Қостанай қалалық перзентханасына келгендегі әңгіме желісіне айналды. Алдымен жаңа жүйенің талабы бойынша барлық ауруханалар мен емханалар аккредитациядан өтті. Оған жөндеуден өткен, науқастарға қызмет көрсетуге барлық әлеуметтік жағдай жасалған емдеу мекемелері ғана жауап бере алады. Облыста осыған сәйкес барлық аудандық ауруханалар мен ФАП-тарда жөндеу жүргізілді. Кездесуде Меңдіғара аудандық ауруханасының бас дәрігері Әнуарбек Ахметов ауылдық жердегі жаңа жүйенің қадамын баяндап берді. Алғашқы екі айда қиын болғанымен, қазір дәрігерлер де, тұрғындар да бұл жүйенің тиімділігін түсініп келеді. Соңғы екі айда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жақсарды.
Дәрігерлерді тыңдап болғаннан кейін Кәрім Мәсімов денсаулық сақтау саласындағы міндеттерге тоқталды.
– Алдағы бес жылда осы бірыңғай ұлттық жүйемен жұмыс істейміз және оның ең тиімді жақтарын жетілдіретін боламыз, – деді Кәрім Мәсімов.
Салаға бюджеттен бөлінетін қыруар ақшаның 80 пайызы туберкулез, жүрек-қан тамырлары, жарақат сияқты аурудың бірнеше түрін емдеуге ғана кетеді екен. Қаржыны тиімді жұмсау үшін осындай кең тараған ауру түрлерінің алдын алуды, профилактикалық жұмыстарға басымдық беру керектігін ескертті Үкімет басшысы.
– Оның ең жақсы жолы – саламатты өмір салтын қалыптастыру, – деді Кәрім Мәсімов. – Сол үшін спорт, аула клубтарының жұмыстарын жандандыру керек. Бұл орайда отбасы, мектеп, денсаулық сақтау, білім, спорт, мәдениет салалары атқаратын істер бір арнаға тоғысады.
Жақында ғана Қостанай ауданында “Қарасу-Ет” қасапханасы және ет өңдеу кешені ашылған болатын. Премьер жаңа кәсіпорында да болды. Бұл инвестициялық жобамен салынған кәсіпорын жылына 5,4 мың тонна ет өндіреді. Осында жиналған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесуінде Кәрім Мәсімовке Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұрқанов биылғы жылдың құрғақшылығына байланысты жемшөп дайындаудың қиындығын жеткізді. Әсіресе, жеке сектордағы малдың амалсыздан пышаққа ілінетін түрі бар. Тоннасы 15-20 мың теңгеге жеткен шөпті қалай аларын білмей ауылдағы ағайын аңтарылып отыр. Осыған байланысты жиналғандар жемшөпке мемлекеттен субсидия сұрады. Кәрім Мәсімов Ауыл шаруашылығы министрлігіне құрғақшылыққа байланысты жемшөп дайындау үшін шаруаларға субсидия беру мәселесін қарауды тапсырды.
– Жемшөп болмаған соң малдың басы кемиді. Бұл маңызды проблема. Оны біз шешеміз деп ойлаймын, – деді ол.
Мұнан кейін Премьер-Министр мінген тікұшақ Арқалық қаласына беттеді. Онда Премьер-Министрдің бағдарламасы толыққанды болды. Ол “Қайрат” спорт кешеніне, Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогика институтына барды. Содан кейін Торғай боксит кен басқармасының өндіріс аймағында болды.
Кәрім Мәсімов “Қайрат” спорт кешенінде арқалықтықтарға саламатты өмір салтын қамтамасыз ету үшін жақсы жағдай жасалғандығына куә болды. Мұнда жас боксшыларды белгілі боксшы Болат Жұмаділов баулиды. Үкімет басшысы оны әңгімеге тартты. Болат кәсіпкер Қ.Боранбаевтың шақыртуымен Арқалықта былғары қолғап шеберлері мектебінің негізін қалау үшін арнайы келіп жұмыс істеуде. Премьер-Министр боксшыға табыстар тіледі.
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогика институты – Торғай өңірін педагог мамандармен қамтамасыз етіп отырған оқу орны. Соңғы екі жылда мұнда оң өзгерістер болды. Институт ғимаратын аралаған Кәрім Мәсімов оқу орнының бай материалдық базасы мен жөндеу жұмыстарын көрді. Премьер-Министр Қазақстандағы жоғары оқу орындары алдында дамудың жаңа сатысына көтерілу мақсаты тұрғандығын айтты. Оқытушылар ұжымы оқу үдерісіне жаңа технологияларды енгізіп, жетістіктерін тиімді пайдаланса ғана олардың сапалы әрі білікті жас мамандар дайындай алатынын ескертті. Осы институттың соңғы жылдары айқай-шудан ада болып, даму жолына түсуіне көп еңбек еткен ректор Жасұлан Шаймерденовтің Білім және ғылым министрлігімен жасаған шарты аяқталып келеді. Білім ордасының жас оқытушылары Премьер-Министрге ректорды өздерінде қалдыруға өтініш айтты.
– Игілікті істер тындырып отырған жерден ректорды қозғай берудің де жөні бола қоймас, сондықтан өтініштеріңіз орындалды деп біліп, менің құттықтауымды қабыл алыңыздар, – деді Кәрім Мәсімов.
Осы кездесуде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов арқалықтықтарға “Арқалық-Шұбаркөл” темір жолының құрылысы түсетіндігі туралы ақжолтай хабарын жеткізді. Үкіметте қаралып жатқан жоба бойынша енді Арқалық көлік тұйығынан транзиттік бекетке айналмақ.
Осы кездесуде облыс әкімі Сергей Кулагин Арқалық қаласының қиын уақытты артқа тастауына Үкіметтің беріп отырған көмегіне рахмет айтты. Арқалық қазір баяғыдай қыста бүрсеңдеп тоңып отырмайды, жылу мәселесі шешімін тапқан. Соңғы жылдары екі коммуналдық үй берілді, биыл тағы да бір үйдің кілті тапсырылады. Ірі инвестициялық жобалардан Арқалық та сырт қалып отырған жоқ, сонымен қатар “Арқалық-Торғай” тас жолы төселіп жатыр.
Торғай боксит кен басқармасының директоры Виктор Родин кәсіпорындағы экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштермен қонақтарды таныстырды. Кәрім Мәсімов кеншілермен кездескенде Үкіметтің Арқалық қаласын қаржы-көмегінсіз қалдырмайтынын айтты. Ал арқалықтықтардың міндеті Президент алға қойып отырған міндеттерді орындауға барынша үлес қосу болмақ.
Әрине, Үкімет басшысына қай облыста да алдымен тәуір жұмысты көрсетуге тырысатыны түсінікті. К.Қ.Мәсімовтің өз пікірін өз көргендері бойынша айтатыны да түсінікті. Бірақ біз облыста атқарылған істер баршылық екенімен бірге шешімін күткен мәселелер де аз еместігін жақсы білеміз. Негізгі назар да осы мәселелерге аударылуға тиіс. Тоқмейілсушілік жарға жықтырмай қоймайтынын мұндағы басшылар да білеріне сенгіміз келеді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ.