Сурет: freepik.com
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі мобильді топтардың, рейдерлікке және заңсыз қылмыстық қудалауға қатысты өтініштерді қарайтын ведомствоаралық жұмыс тобына белсенді қатысады. 2025 жылы мобильді топқа 51 арыз келіп түскен. Нәтижесінде, 16 384 кәсіпкердің, 135 инвестордың құқығы қорғалды. 22 ұсыныс енгізіліп, 30 тұлға тәртіптік, 3-еуі әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
Кәсіпкерлерге қолжетімді байланыс арналары мен өтініш беру тетіктері палатаның ресми интернет-ресурстарында орналастырылып, үнемі жаңартылып отырады. Бұл шаралар – бизнесті қорғайтын құралдар бар екенін жұртқа жеткізудің бір тетігі әрі кәсіпкердің өтініштеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен де қарым-қатынас дұрыс жолға қойылған. Бұған қоса, өңірлік кәсіпкерлер палатасы Әділет департаменті, жеке сот орындаушылармен үшжақты меморандум жасасқан. Соның аясында жеке сот орындаушыларының қызметіне қатысты кәсіпкерлердің проблемалық өтініштері жылдам шешімін тапты. Яғни олардың шоттарындағы негізсіз бұғаттаулар алынып, қаржылық-шаруашылық қызметі қалпына келтірілді. Бизнесті қорғаудың маңызды құралдарының бірі – Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес. Былтыр Кеңестің 10 отырысы өтіп, 15 проблемалық мәселе қаралды.
Өңірлік кеңестердің жұмысы кәсіпкер құқығын бұзған кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартумен бағаланады. Осы ретте, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін салық органының және денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал Шымкент қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының бас мамандарына «сөгіс» түрінде тәртіптік жаза белгіленді.
«Палата жергілікті атқарушы органдардан келіп түскен 98 нормативтік-құқықтық акт жобаларының 23-іне ескерту мен ұсыныс беріп, сараптамалық қорытындылар әзірледі. Бұл – кәсіпкерлерге сын-қатерлерді азайтуға, құқықты күшейтуге мүмкіндік беретін нормалар», дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаева.
Маманның айтуынша, бизнес мүддесін қорғайтын заңдарды әзірлеу мен жүйелеу мақсатында қалалық Әділет департаменті жанынан мемлекеттік органдардың заң қызметтерін үйлестіретін кеңес құрылған. Оның құрамында Өңірлік кәсіпкерлер палатасы да бар.
Өңірде кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру мен құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар да қолға алынған. Соның шеңберінде өрт пен санитарлық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, авторлық құқық, сондай-ақ заңсыз тексеру мәселелері бизнес өкілдеріне түсіндірілді.
Қала әкімі өңір кәсіпкерлерімен жыл сайын кездесу өткізеді. Бұл билік пен бизнес арасында ашық диалог барын көрсетеді. Мұндай мазмұндағы жүздесу проблемаларды жедел шешуге, кәсіпкерлікті дамытуға, қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға өте тиімді, дейді мамандар.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы бизнесті қорғау, мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы сенімді нығайту, қолайлы іскерлік орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек.
Шымкент