Басылым • Бүгін, 08:10

Тұлғатанудағы ерекше туынды

150 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ публицистикасында дара қолтаңбасымен танылған белгілі қаламгер Шархан Қазығұлдың «Сегізінші нота» атты жаңа кітабы жарық көрді. Жуырда оқырман қолына тиген бұл еңбек – автордың тұлғатану бағытындағы ұзақ жылғы шығармашылық ізденісінің нәтижесі.

Тұлғатанудағы ерекше туынды

Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, публицист-жазушы Шархан Қазы­ғұл есімі көпшілікке «Әлем әй­не­гіндегі әсемдік», «Дүбәра дүние», «Тоғыз тарау туынды», «Оңа­ша­дағы онлайн ойлар», «Палит­­­расыз портреттер», «Футбол филосо­фия­сының фрагмент­тері» секілді пуб­ли­цистикалық кітап­тарымен, сон­дай-ақ «Меценат» әдеби байқауын жеңіп алған «Күлпет» атты романымен жақсы таныс. Енді, міне, қаламгер «Сегізінші нота» атты ке­зекті кітабымен мазмұндық тұр­ғы­дан жаңа белеске көтеріліп отыр.

Жинаққа билік, әдебиет, өнер және журналистика саласын­дағы танымал тұлғалар туралы порт­рет­тік эсселер мен публицис­тика­лық толғамдар еніпті. Мәселен, әде­биетіміздің классиктері Әкім Тарази мен Әбдіжәміл Нұрпейісовтер туралы «Тасжарған Тарази» мен «Санадағы сарытап сағыныш», Абай мен Мұқағали сынды ақындар­ды орыс тіліне аударған, телевизия мен көсемсөздің майтал­маны, мемлекет және қоғам қай­раткері Ғаділбек Шалахметов туралы «Ша­лахме­тов шеңберіндегі штрихтар», белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов туралы «Сегізінші нота» сынды бірнеше эссесін оқы­ғанда қаламгердің белгілі бір тұл­ғаның өмірбаяндық деректерін тіз­бек­темей, әр кейіпкердің болмыс-бітімін заманның тынысымен астастыра әңгімелейтінін аңғардық.   Біздің пайымдауымызша, «Сегізінші нота» кітабы жатық тіл, дәл деталь, астарлы ой арқылы оқырманға көзге көрінбейтін, бірақ жүрекпен ғана сезуге болатын әуенді естірте алған.

Сондай-ақ бұл кітапты бұған дейін жарық көрген «Палитра­сыз портреттер» публицистикалық жи­на­­ғының заңды жалғасы іспеттес және тұл­ғатану үдерісіне қосылған қо­мақ­ты үлес деп айтуға болады.

Шархан Қазығұл жинақтың ал­ғашқы бөліміндегі  портреттік эссе­лерінде кейіпкерлерінің ішкі әлеміне үңіліп,  кезеңнің рухын, уақыттың мінезін көркем суреттесе, екінші бөлімдегі мақалаларында қоғамдағы кейбір келелі мәселелерді өзіндік таныммен тасқа қашаған.  Қысқарта айтсақ, ұлтқа қызмет ету деген ұстанымдағы ұлтымыздың публицистика өнері бір ғасырдан астам уақыттан бері талай кезеңді бастан өткерді. «Сегізінші нота» сол өнердің өрісін кеңітер жинақ боларына үміт етеміз. 

Соңғы жаңалықтар