Абай елі исі қазақтың назарындағы киелі мекен. Шыр етіп туғаннан күллі ғұмырын туған елден табаны ажырамай, іргесі сөгілмей өткізген жазушы Кәмен Оразалинның айтары бөлек. “Абай ауылына саяхат” атты кітабында Кәмен аға әңгіме басын ә дегеннен Ырғызбай әулетінің қуғын-сүргін көрген ұрпақтарының бірегейі Шәкәрім ақынның қайғылы тағдыры туралы сөзден бастайды. “Халитов болса Қарасартовтар кезең асысымен-ақ Шәкәрімді аузынан атқан”. (“Абай ауылына саяхат”, “Жалын” баспасы, 1994 жыл). Абзал Қарасартов ойшыл ақын, әулиелігі дау тудырмайтын, қазақ өлеңінде теодицея (аллашылдық сарын, діни поэзия) жанрын ерекше суфийлық деңгейге, толық адам дәрежесіне жеткізген, Алланың сүйген құлы Шәкәрімді өлтірген жалдамалы жендет. Кеңес өкіметі ескіні түп-тамырымен құртуға бет қойғанда осы Қарасартов сияқты аяусыз адамдарды жазбай танып, таңдап алған. Тап күресінен алабөтен бір мистикалық құбылыс Шәкәрім әулие мен Қарасартов текетіресінің нышаны болды. “Қарасартовтың Шәкәрімді атуға арналған сапарында жанына ерткен адамдарының ішінде бір де бір жергілікті жердің кісілері болмаған”. “Бүкіл Шыңғыстау ауданында бұрын бес жүзге тарта шаңырақ Абайдың руы Ырғызбайдан ғана – Балтақай Толғанбайұлынан басқалары тегіс босып кетіп, бүкіл бір рудың адамдары бастары ауған жаққа қайыр тілеп, қаңғыды”, дейді жазушы.
Абайтану, шәкәрімтану, мұхтартану ғылымдары мен тарихшылар үшін айналып кетуге болмайтын кітаптың бірі Кәмен Оразалиннің осынау кітабы. Мұхтар Әуезов сияқты ғұламаның жаулары аз болмағанына Кәмен аға осы еңбегінде тоқталады. Абайдың әдеби мектебі мен оның ізбасарлары туралы айтқызбауға тырысқан. “Әдебиет зерттеушілерінің ендігі бір тобы 1925 жылы Семейде Шәкәрім, Тұрағұл, Мұхтардың тікелей араласуымен шығып тұрған “Таң” журналын көрсе де көрмей, аттап өтіп жатты”. (Сонда).
Жазушы мұнымен нені айтқысы келді? Абай елінің зорлық-зомбылық пен қиянаттың неше түрін бастан кешірсе де орнында бар оңалып, замана соққыларынан жеңіп шығатыны тек, генетика деген құдіреттің қасиеті болса керек.
Бұл кітапта Мұхаңдай дана жазушымен қоштасу мезеті мен жоқтауды Кәмен аға өзі көріп куә болған жағдайды суреттейді. Кәмен аға ұлы жазушы үйінде ақтық рет түнеткенде күзеткен үш адамның бірі, ең жақын адамдарының бірі болған. Тонның ішкі бауындай араласқан. “Мұхаңды Абай ұрпақтарының бәрі паналады. Оның қамқорлығынан қағаберіс қалған бірде-бірі жоқ” дейді ол. Бұл деректі проза қасиетті Абай әлеміне деген қимастық. Кәмен Оразалин үшін осы әлемнен асыл жоқ. Соның үшін ол Абай, Мұхтар синтезін, осы өлке мен сөз құдіретіне, қазақтың Абай деген қазынасына қатысы бар дүниені тегіс қамтып айтады. Мұнда Мұхаңның айналасына қатысы бар белгілі де, белгісіз ізгі жандардың есімдері айтылады. Мысалы, Мұхаңды ата дәстүрімізбен жоқтап жыр айтқан әйелдердің есімі. Мұхаңның құлпытасына ойылған сөз де Абай қайнарынан шыққан, жақсының рухы өлмейтіні туралы сөз. Кәмен аға Семей қаласының әр тасының тарихын біледі. Бұл да Абай әлемі. “Мұхтар аға өз еліне ешуақытта жалғыз келіп көрген адам емес” деді ол. Кәмен Оразалин ол кісінің қасында жүрген. Шежіре деректер мол әрі құнды. Жазушының сөз қорынан бұл кітапта “...әке мен аға абыройын пайдаланып, үнемі бұзықтық жағында жүретін дәулетмас адам” деген тіркестегі “дәулетмас адам” деген тың әрі тіркес кезікті, расымен дөп ұғым. “Енді тобықтылар малымызды шауып қанжуар алады деп қорыққан матайлар...” – бұл Еңлік пен Кебектен кейінгі оқиға, “қанжуар алу”, бұл да мәйегі күшті ескі сөз. Қазір мұны кек қайтару дей саламыз.
“Абай ауылына саяхат” – жолбасшы кітап. Расымен жазушымен бірге сапар шегесіз. Ұлылардың ізі қалған жерлерді сүйіп жазудан танбау. Мұхаңның “Қорғансыздың күні” атты әңгімесіндегі Ғазиза бейнесі қиялдан тумағанын осы шығарма айқындайды, себебі жас қызға қиянат қылған тасжүректердің есімдері Шәкәрім қажының аузымен айтылады. 114 бетте Күшікбай асуында тоқтап, қабірге дұға еткенде Шәкәрім қажы “Біздің иттердің зорлығынан өлді ғой” дейтін тұсы бар. “Ол кім? – деп сұрағанымда, “Шөпіш пен Бәйтік” деп айтады. Ғазизаның соңында аңырап қалған екі анасы дүние салғанда “екі сорлының қырқы мен жетісін берген” Шәкәрім ақын екенін оқырман осы кітаптан оқып біледі. Сондай-ақ, Мұхаңның шыққан тегі туралы да анық та мол дерек бар.
“Қазақ даласына өнер шыңы, өлең тауы боп орнаған, Абай өлеңдерінің ата мекені – Ақшоқы”. “Ақшоқының топырағына Еңлік пен Кебектің қаны сіңген”. Мұндай тарихи деректер шығармада аяқ басқан сайын кездесуі заңды. Кәмен Оразалин Абай ауылының абызы деп мақтанамыз. Абай елінің шежіресі мен тарихын бұл кісіден артық білетін жандар сирек шығар. Жазушының “Абайдан соң” атты төрт томдық кітабы соның айғағы. Ол енді өз алдына бөлек әңгіме.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА.