Жақында Норвегияның астанасы Осло қаласында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының жыл сайынғы сессиясы өз жұмысын бастаған болатын. Кезекті 19-шы сессия барысында Қазақстанның Ұйымға төрағалығына жоғары баға берілгенін бұған дейін хабарлаған едік. Бүгін аяқталатын алқалы жиын барысында Қазақстан тарабы “Құқықтың үстемдігі: трансұлттық қылмыспен және коррупциямен күрес” тақырыбында баяндама жасады.Бұл баяндаманы ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев жасауы тиіс болатын. Бірақ Қазақстанда өтіп жатқан бірқатар ірі халықаралық шараларға және 16-17 шілдеде Алматыда өтеді деп жоспарланған ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде жан-жақты дайындықтарға байланысты Қ.Саудабаевтың Ослоға атбасын тіреуге мұршасы болмады. Сондықтан, ол өзінің сөзін ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.П. де Бришамбоның оқып беруіне өкілеттік етті.
Мен Парламенттік Ассамблея бүгінгі күннің аса көкейкесті және маңызды мәселелерінің бірін талқылауға бастама көтеріп отыр деп есептеймін, делінген ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының сөзінде. Заңның үстемдігі адам өлшемі саласында өте маңызды. Сессия тақырыбына сәйкес және күн тәртібіндегі мәселеге орай мына үш мәселеге баса назар аударғым келеді:
– Қырғызстан және ЕҚЫҰ-ның алдын алу әлеуетін іске қосу қажеттігі;
– Корфу үдерісі бойынша пікірталастар қорытындысы;
– Алматыдағы алда өтетін министрлердің бейресми кездесуі мен ЕҚЫҰ саммитін өткізу.
Іс басындағы төрағаның сөзін оқыған Бас хатшы заңның үстемдігін қамтамасыз ету қажеттігі жақында Қырғызстанда орын алған қайғылы оқиғалар барысында анық байқалғанын атап көрсетті. Бұл демократиялық институттардың әлсіздігінен, экономикалық дамудың тұрақсыздығы мен коррупциядан бастау алып отыр. Ал бұл өз кезегінде трансұлттық қылмыстың өсуіне алып келуі әбден мүмкін. Қ.Саудабаев осындай тұрғыда қауіп білдіре келіп, Қырғызстандағы ахуалды тұрақтандыруға байланысты төрағалық етуші ел – Қазақстан тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Сөйтіп, Қырғызстанда референдум өткізуге қол жеткізілді. Енді ел бейбіт даму жолына түседі деуге негіз бар.
Екіншіден, “Корфу процесі” жалғасу үстінде. Ол Ұйымға қатысушы мемлекеттер өзара сенімді нығайтып, ЕҚЫҰ-ның тиімділігін арттыруға көмектесетін маңызды тетіктердің бірі болып табылады. Бұл, әсіресе, Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік мәселесінде маңызды. Корфу процесіне байланысты жүргізілген ашық үнқатысу барысында ЕҚЫҰ үшін аса көкейкесті он мәселе талқыланды. Бұлар трансұлттық қауіп-қатерлер, жанжалдар, қауіпсіздік пен қару-жараққа бақылау орнату, экономика мен экология, гуманитарлық сала, өлшемаралық қадамдар мен оның тиімділігі, Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік, т.б.
Іс басындағы төрағаның жолдауы бойынша сөз саптаған М.П. де Бришамбо қорытындысында Ұйым аясында шешімін күткен өткір мәселелер бойынша өтуі үстіміздегі жылдың қазан айына жоспарланып отырған ЕҚЫҰ саммитіне үлкен үміт артылатынын атап өтті.
“Егемен-ақпарат”.