Айтыс Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Ғ.Құрманғалиев атындағы академиялық филармония мен Қадыр Мырзалиев атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының ұйымдастыруымен өтті.
Сөз сайысына көршілес Қырғыз республикасынан, сонымен қатар, еліміздің бірқатар облысынан және батысқазақстандық жергілікті ақындар қатысты.
Айтыстың қазылар алқасына «Отан», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының» басқарма төрағасы, қоғам қайраткері, ақын Жүрсін Ерман төрағалық етті.
Ал айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай жүргізіп отырды.
Сонымен, қазылар алқасының шешімімен Павлодар облысының атынан келген ақын Аспанбек Шұғатай мен бөкейордалық Жансая Мусина айтыстың Бас жүлдесін бөлісіп алды.
І орын Қызылорда облысының намысын қорғаған Мейірбек Сұлтанханға бұйырды. ІІ орынға шымкенттік Нұрлан Есенқұлов лайық деп танылды.
Ал Қырғыз республикасынан келген Арген Биймырза уулу, жымпитылық Бауыржан Ширмединұлы, Ақтөбе облысынан келген Аруна Керімбек халықаралық айтыстың ІІІ орын жүлдесіне ие болды.
Батыс Қазақстан облысы