Қабырғалы қаламгер Ә.Қаңтарбаевтың 2023 жылы жарық көрген бұл туындысы жары Гүлжан Әділғазықызының рухына арналған. Кітапта шым-шытырық оқиғадан гөрі екі жастың арасындағы нәзік махаббат көбірек сипатталған. Мәңгілік махаббат баяндалған. Олай дейтініміз, автор жарымен жасасқан жарты ғасырлық ғұмырын жазған. Кітапты оқып шығып, ой түйген жазушы Бақыт Жалиева драмаласа, жас режиссер Абай Дәулетұлы сахнаға лайықтап, жоғары деңгейде алып шықты.
Сахнада үш Әлібек, үш Гүлжан. Сомдағандары бір рөл, бір тағдыр. Бір сағатқа созылған қойылымда қаншама философиялық астар бар. Әрине, көзбен емес, көкеймен көрген адамға.
Қойылымның түпкі мақсаты жан-жарыңды бағалауға, махаббатты аялауға шақыратындай. Сондай-ақ мынау әлемде мәңгілік махаббаттың бар екенін де ескертеді. Отбасылық құндылық деп ұрандатып жүрген идеологиямыз да осынау қойылымнан көрініс табады.
Астарлы философия деп отырғаным, қойылым соңында Гүлжан дүние салады. Аппақ мата жабылған әйел бейнесі сахна төріне көтеріледі. Міне, осы тұста «саған ақын немесе жазушы, иә болмаса, суретші ғашық болса, өлмейсің» деген сөз еске түсті. Сол секілді Әлібек Қаңтарбаев мәңгілік махаббат рәмізін көрсеткендей болды. Кеше ғана премьерасы өткен лирикалық драма облыстың басқа да аудандарында сахналана бастады. Әр қойылымда ине шаншар орын жоқ деседі жұрт.
ӨСКЕМЕН