26 Маусым, 2015

Жым-жырт ауылда тұрып жатырмыз

413 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Мен Уәлиханов ауданындағы Жас­қай­рат ауылының негізгі мектебінде кітап­ха­нашы болып қызмет істеймін. Ашығын да, ашынып та айтарым – ауыл жайының мүшкіл халі. Ауыз су, ұялы телефон, ауыл ішін жарықтандыру, жол қатынасы секілді адам өміріне алдымен қажет әлеуметтік мәселелер қанша айтылса да сағызша созылып келеді. «Ауылдың болашағы – жастар» деп жар­ғақ құлағымыз жастыққа тимей жара­па­зан айтқанда кереметпіз. Ал дип­ломды жас мамандарға қалыпты тұрмыс­тық жағ­дай жасау, орнықтыру бас «ауру­ларымыздың» бірі десе де болады. Бүгін­гідей озық техно­логиялар заманында интернет желісін ­пай­даланбау, тіпті, қара­пайым байланыс­­тың­ жоқтығы естір құлақ­қа ұят. Осыдан кейін елді мекендерге жастарды апарып көр! Ауылымыз облыстан, ауданнан шал­ғайда орналасқандықтан, жол қаты­насы да күрмеуі шешілмеген күйінде тұр. Қыста ойқы-шойқы жолдарды белуардан қар басса, жаздың жауынды-шашынды кездерінде белшемізден саз кешіп жүргеніміз. Қақаған аяз бен дүлей борандарда тұрғындардың далада қалып қойған кездері аз емес. Сондықтан болар, сырттан ауылымызға атбасын тірейтін басшылар сирек. Айдың, күннің аманында шақыртып әкелу қиын. Ұзын сөздің қысқасы, біз жым-жырт ауылда тұрып, мимырт тірлік кешіп жатырмыз... Бибінұр ЖАНАТҚЫЗЫ. Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданы.