Осы ретте қаламын ұлттық өнерге қанықтырған, әдет-ғұрып пен наным-сенім тақырыбын шығармашылығына арқау еткен суретші Исатай Исабаевтың қабілеті – иллюстраторлық қырын сөз етеміз. Қазақтың жаны мен даласын суретпен кескіндеген оның қолтаңбасы тарихи шығармаларға бояу қосты. Батырлар жыры мен лирикалық-эпостық поэмаларға сериялық суреттер жасады. «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» жырлары мен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Мұңлық-Зарлық» махаббат дастандарындағы безендірулері пластикалық формаларға тұнып тұр. Отыз алты жыл баспа саласында табан аудармай еңбек еткен суретші шығармашылығында ұлттың этнографиясын кестелеп тізіп шыққандай көрінеді. Шебер безендірген «Қазақ эпосы», «Қазақ тұрмыс салты» топтамасы мен «Жырау», «Жекпе-жек», «Қыз қуу», «Айтыс» секілді шығармаларды көркемдеуі оқырманға етене таныс болса керек.

1967–1970 жылдары автордың Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезов мұрасының желісімен жасаған топтама туындылары да әдеби ортада есте қаларлық оқиға болды. Әрине, кейін тарихқа айналды. Абай поэмасының желісінде суреттелген автолитографияларынан терең психологиялық толғаныс сезілді, нәзіктік те байқалды. Ал «Қазақ халқының тұрмысы» атты офорт техникасындағы суреттері жаңа бағыттың бастауы, мол ізденістің нәтижесі деп бағалады өнертанушылар.
Иә, суретші отандық авторлардың әдеби шығармаларын иллюстрациялауда өзіндік стилімен ерекшеленді. Әсіресе 1916 жылғы Амангелді Иманов бастаған күрескерлік оқиғаға арналған Мақан Жұмағұловтың «Қыран қазасы қияда» романын безендіруі жарқырай көрінді. Сондай-ақ Хамит Ерғалиевтің «Жылдар, жылдар...», Сәуірбек Бақбергеновтің «Мейірімді анам» кітабына, Хамза Есенжановтың «Көп жыл өткен соң» романына, басқа да көптеген шығармаға салған иллюстрациялары Исабаевты кітап иллюстраторы ретінде танытты. Ал Дулат Бабатайұлының шығармаларына арналған кітапқа салынған иллюстрацияларынан күрделі бейнелер көрінді. Келесі бір ерекше топтамасы Ә.Оспановтың «Жанқожа батыр» романына салған суреттері болды.
Өнертанушылар 1984 жылы жарық көрген Ілияс Жансүгіровтің «Таңдамалысын» суретші шығармашылығындағы шоқтығы биік еңбекке балайды. Туған жер топырағынан қуат алған қылқалам дәл осы кітапта ерекше бояулармен қанықты, өзгеше от шашты.
Өнертанушы Санжар Сырғабай автор туралы бір мақаласында иллюстратордың балалар әдебиетіне қосқан еңбегіне тоқталады.
«И.Исабаевтың мол мұрасының ішінде, әрине балалар кітабын иллюстрациялаудағы еңбегін атап өткен жөн. Соның бірі – белгілі жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Біз де бала болғанбыз» кітабына жасалған суреттер топтамасы. Бұдан бөлек, балалар әдебиетін суреттеуге терең бойлау «Балдырған» журналында қызмет еткен жылдарымен байланысты болды. Оның 1959 жылдан бастап 1996 жылға дейін жалғасқан «Балдырған» журналымен ұзақ мерзімді ынтымақтастығы жарқын мұқабалар мен қызықты иллюстрациялардың дүниеге келуіне себеп болды. Суретшінің мұрасы кітаптар мен журналдардың үлкен спектрін қамтыды. Оның иллюстрациялары әдеби шығармалардың беттерін безендіріп қана қоймай, оқырманды шабыттандырғаны сөзсіз», дейді өнертанушы.
Көркем шығарманы иллюстрациялау – сөзді суретпен баяндаумен бірдей. Әрине, шеберлік – басты талап. Бет-беттік көркем сөзді бір суретке, бір детальға, бір бейнеге сыйдыру да өнер. Сөз бен суреттің бір-бірінен бөлінбей, жымдаса үндесіп, қабысып тұруы екібастан белгілі. Осы бір кішкентай өзендей үнсіз аққан кітап безендіру арнасында Исатай Исабаевтың қолтаңбасы жарқырай көрінеді. Иллюстратор еңбектері көркем шығармадан бөлек, суретіне ұзақ үңіліп, оны да «оқу» керек екенін ұғындырады.