Форум • Бүгін, 08:08

Жақсылыққа жетелеген жиын

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанайда «Жас қол­даушы» деген тақырып аясында жастар форумы өтті. Мыңнан аса студент, волонтерлер бас қосқан іс-шараға облыс әкімдігі, прокуратура, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, бүгін­гі қоғамда «Заң мен тәртіп» қағи­датын орнықтырудың маңызы турасында ойларын ортаға салды.

Жақсылыққа жетелеген жиын

Форум барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов бүгінде елімізде жаңа құндылықтар қалыптасып, халық­тың құқықтық мәдениеті артып келе жатқанын тілге тиек ете келіп, өңірде қылмыстың алдын алу мақсатында және жастарды әлеуметтік қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Әкімнің айтуынша, 2022 жылы облыс аумағында 6 859 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Осы көрсеткішті азайту мақсатында тұрғындардың, соның ішінде жастардың құқықтық жауапкершілігін арттыруға бағыт­­­талған ауқымды жұмыс атқарылған.

«Атап айтқанда, қоғамдық орындарда электрондық бақы­лау құрылғылары орнатылып, полицияның материалдық-техникалық әлеуеті күшейтілді. Жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды автоматты тіркеу жүйелері жақсарып келеді. Соны­мен қатар жастарды жұ­мыспен қамтамасыз ету, тұрғын үй мәселесі де рет-ретімен шешімін тауып жатыр. Кейінгі жылдары Қостанайда заманауи талаптарға сай бірнеше зауыт іске қосылды. «КИА», «Камлит» секілді компанияларда бірнеше мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Бұл – біздің жастарға беріліп отырған зор мүмкіндік. Бүгінде жаңа өнеркәсіп орындарында еңбек етіп жатқан жұмысшылардың 55 пайызын жастар құрайды. Өңірде жүзеге асырылып жатқан «Қостанай жас­тары» жобасы аясында 344 жас отбасы баспаналы болды. Биыл осы жоба шеңберінде тағы 100 жас отбасы пәтер алады», деді Қ.Ақсақалов.

Іс-шараны ұйымдастырып отыр­ған облыстық прокуратура өкілдері жастар ара­сында құқықтық мәдениетті қалып­тастыру мақсатында оқу орындарында түрлі мазмұндағы іс-шаралар өткізген. Осындай кешенді жұмыстардың нәти­жесінде облыста кейінгі үш жыл ішінде қылмыс деңгейі 28 пайызға азайған. Форумда сөз алған облыс прокуроры Марат Сексембаев осы жайттарға тоқтала келіп жастарға ақыл-кеңесін айтты.

«Барлығыңыз – жақсы, жаман­ның не екенін ажырата алатын жас­тасыздар. Алдарыңыздан сан тарау таңдау күтіп тұр. Сон­дықтан әрқайсыңызға алдағы жарқын өмірлеріңізге жол салатын дұрыс таңдау жасай білу маңызды. Өйткені мектеп, университетте сабақта жіберген қателігі үшін біреу «үштік», біреу «төрттік» баға алып жатады. Кейбір қателіктерді түзетуге болады. Кешігіп қалсаң, келесіде кешікпеуге тырысасың, біреуді ренжітсең, кешірім сұрайсың. Ал ересек өмірдегі қателіктің құны мүлде басқа. Кейбір түзетілмейтін қателіктер болады. Өмір деп аталатын бұл сапар адамға бір-ақ рет беріледі. Сондықтан сіздерден өтінерім – әрдайым дұрыс таңдау жасауға ұмтылыңыздар. Иә, бүгін статистика жақсарып келеді. Бірақ кейінгі бес жылда облыста 91 жасөспірімнің сотталғанын айт­пасқа тағы болмайды. Сондық­тан қазірден бастап жақсы мен жаманның парқын айыра біліп, дұрыс жолды таңдау маңызды», деді М.Сексембаев.

Форум аясында «Жас қолдау­шы» тәлімгерлер клубы атты жаңа жобаның тұсаукесер рәсімі өтті.

«Аталған клубты жастарға ақыл-кеңес беретін, қолдау көр­сететін, қиын жағдайда қолұшын созып көмек бере­тін орталық десек те болады. Мақсатымыз – ізімізді басып келе жатқан іні-қарындастарымызға дұрыс бағыт-бағдар беру, жол сілтеу. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік құратын қоғам құруымыз керек. Ал жаза басса, жазаға тартылатындығын әркім білуге тиіс. Бүгінде жастар арасында заңмен тыйым салынған тауарларды таратып жүргендер көп. Оңай олжаға кенелемін деп адасып жаза басқан кейбір замандастарымыз қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып жатыр. Соның бәрін жастарға түсіндіріп, жақсылыққа қарай жетелеп, жөн көрсетуді көздеп отырмыз», дейді клуб мүшесі Саид Ахматжанов.

Іс-шара соңында жастар форумға арнайы келген «Патруль» телехикаясының актерлерімен кездесті.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қай өңірлерде жолдар жабық тұр?

Қазақстан • Бүгін, 09:28