Айтайын дегенім...
Бүгінде елімізде “Балапан” бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Бірақ ол проблеманы бір десте шешіп тастай алмайтыны түсінікті. Осы ретте Қазақстанның өзге қалаларындағыдай, Семейде де балабақшалар қажеттігі туындап тұр. Ата-аналарға бәрібір, тілі орысша ма, қазақша ма, таңдап жатуға шама жоқ, әйтеуір балаларын балабақшаға іліндірсе болғаны. Міне, екі жылдан бері сәбилерді балабақшаға беру үшін кезекке жазатын қалалық білім бөлімінде арнайы жұмыс ұйымдастырылуда. Қазірдің өзінде онда тізім бойынша балабақшаға баруы тиіс 5000-нан астам бала кезекте тұр. Тіпті өткен жылы балабақшаларға орналастырылған 600 баланы есепке алмағанның өзінде, дәл қазірге дейін туған сәбилерді туа салысымен кезекке жазып қойыпты. Басқа амал жоқ. Былтыр 2-4 жас аралығындағы 500-дей баланың ғана балабақшаға орналасу мүмкіндігі болды. Жүздеп емес, мыңдап жазылған кезекке қарап, жағдай егер осы күйде қалса, балалардың көпшілігі балабақшаның не екенін білмей өсуі мүмкін.
Шынына келгенде, Семейдегі көптеген балабақшалар оңтайландыру кезінде сатылып, жекешелендіріліп кеткен. Қазір ол жерлерде шағын және орта бизнес нысандары, түрлі мекемелер орналасқан. Сондықтан да жаңа ғимараттар салынса, бұл жақта педагог кадрлар жеткілікті.
Өткен жылдың тамыз айында “Юность” кентінде 320 орындық жаңа балабақша ашылды. Әзірше бұл теңізге тамған тамшы іспеттес. Семейліктер өздерінің әлеуметтік жағдайларына сәйкес, балаларын ақшасын аздау төлейтін мемлекеттік балабақшаларға орналастырғысы келеді. Қала бойынша мұндай балабақша саны – 12. Жекеменшікте 3 балабақша бар, бірақ онда ақы 19-25 мың теңге көлемінде. Қалалық білім бөлімі мамандарының хабарлауынша, балабақшаларға орналастыру үшін қазір арнайы комиссия жұмыс істеп жатқан көрінеді. Қалай десек те, Семейде балабақшалар мен бөбекжайлар саны артса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, осы кезде біреу тәрбиеші жалдап, ал біреулер балаларын ата-апаларына немесе таныстарына тасып әуре болып жүргені рас.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, СЕМЕЙ.