10 Шілде, 2010

ЭКВАТОР БЕЛДЕУІНЕН ӨТКЕНДЕ

514 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
(ЕҚЫҰ ТӨРАҒАЛЫҒЫНЫҢ ЕКІНШІ ТОҚСАНЫ ХАҚЫНДА) Қазақстан ЕҚЫҰ-дағы төр­ағалығын әу бас­тан-ақ салиқалы әрі қарқынды бас­таған еді. Жалпы, “Кәрі құрлықпен” қа­тар Еуразияның да қауіпсіздігін қамтамасыз ете­тін бұл ұйым, сарапшылардың пікірінше, осыған дейін мұндай “шапшаңдығымен” көзге түспеген еді. Қазақстанға төраға тізгіні тигенше аталған ұйым әлемдегі болып жатқан оқиғаларға белсенді атсалыса бермей, өзінің жалпы тұжырымдамасы мен түйіндемелерін меңзеп қана отыратын жағдайлар сон­шалықты сирек емес еді. Әлем саясатшылары мен сарапшы­лары­ның пікірін ескерер болсақ, қазір Қазақстан өзінің төрағалық міндетін абыроймен алып келе жатыр деуге толық негіз бар. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының бірінші тоқ­саны­ның қорытындыларын саралаға­ны­мыздан бері әлемде көп жәйт­тер өзгеріп үлгерді. Сонымен қа­тар, ұйым төріндегі қызметіміздегі басымдықтардың тізімі де ұлғайды. Соның барлығын рет-ретімен талдап көрейік. Әрине, ең бірінші кезекте ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төраға­лы­ғы­на айтулы сын болып түскен Қыр­ғызстандағы дүрбелең ойға келеді. Ағайын әрі көршілес мем­лекеттің басына түскен бұл сы­наққа біздің бейтарап қарап қал­майтынымыз және тиісінше ықпал ететініміз белгілі. Қазақстан өз төрағалығы ая­сын­да Ауғанстанды оңалту мәсе­ле­сін, Әзірбайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ жайы, Ресей мен Грузия арасындағы, Приднестровье және басқа да шешімі табылмаған текетірестерді жекелеп қарастыруға бел байлаған болатын. Бұлардың барынша тез арада оңалуына тек қана біз емес, бүкіл әлем мүдделі. Естеріңізде болса, Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қырғызстанда болған оқиғалардан кейін дереу Ресей Президенті Д.Медведевпен және АҚШ Президенті Б.Обама­мен келіссөздер өткізіп, аталған мәселені шұғыл түрде қарастыруға кіріскен болатын. Солардың нә­ти­жесінде, Қ.Бакиев Қырғызстаннан шығарылып, сол сәтте үлкен қан­тө­гіске жол берілмеді десек, ешқан­дай артық кетпегеніміз. Өз кезегінде, ЕҚЫҰ-ның Іс ба­сындағы төрағасы ретінде Қ.Сау­дабаев та Қырғызстандағы жағ­дайды тұрақты қалпына кел­ті­руге барынша үлесін қосты және қосып келеді де. Отандық дипло­ма­тияның қабылдаған шаралары уақтылы әрі тиімді болды және олар ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер және шетелдік сарапшылар тара­пы­нан жоғары бағаланды. Атап айтқанда, оқиғалар орын алғаннан кейін артынша Қ.Саудабаев БҰҰ, Еуроодақ, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымы, Ресей, АҚШ, Германия, Испания, Фран­ция, Түркия секілді халықаралық қауымдастықтың беделді мүшеле­рінің өкілдерімен телефон арқылы сөйлесіп, бірқатар кеңесулер өткізу арқылы Қырғызстанға қатысты қолға алынған шараларды тиімді үйлестіруге қол жеткізілді. Дер ке­зін­де Ж.Кәрібжанов ЕҚЫҰ төр­ағасының арнайы өкілі болып та­ғайындалып, халықаралық қауым­дас­тық жіберген бітістірушілердің қатарында бірінші болып Біш­кек­ке барды. Сонымен қатар, оның мис­сиясына Іс басындағы төраға­ның тапсырмасымен ЕҚЫҰ Хат­шы­лығының қақтығыстардың алдын алу жөніндегі орталығының директоры Х.Зальбер қосылды. Венада ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің жедел отырысы өткізіліп, дереу Бішкектегі Ұйымның Орталығына тиісті нұсқаулар берілген болатын. Сондай-ақ, Қ.Саудабаев­тың өзі 7-8 сәуірдегі қақты­ғы­с­тар­дан кейін оншақты күн ғана өткен кезде Қырғызстанға сапар шеккен алғаш сыртқы істер министрі еді. Онда ол жан-жақты, толық әрі шы­найы ақпарат алу мақсатында Уақытша үкімет басшылығы мен шетелдік дипломаттарға қоса, сая­си партиялар мен азаматтық қо­ғамның жетекшілерімен де кез­де­сіп, қалыптасқан жағдайға ықпалы елеулі тұлғалардың пікірлерін білді. Мемлекетіміз бауырлас елге тұ­рақты көмек көрсетіп келеді. Бү­гін­гі күні, жоғарыда атап өткен­дей, Қазақстан, Ресей және АҚШ-тың бірлесе отырып Қырғыз­стан­ның тақтан тайдырылған прези­денті Қ.Бакиевті елден дер кезінде алып шығуы азаматтық соғыс қа­те­рінен сақтап қалды. Ал жақында орын алған оқиғаларды саяси астары бар азаматтық қақтығыстан гөрі ұлтаралық шиеленісті шы­мыл­дық қылған қылмыстық топ­тардың террорлық әрекеттеріне жатқызуға болады. Қазақстан қырғыздардың жа­қын көршісі ретінде, ағайындас халық ретінде гуманитарлық кө­мек көрсетуге атсалысып келеді. Со­лардың қатарына Қырғызстан­дағы егін науқаны тоқтап қалмас үшін, сөйтіп қырғыз халқына қи­ыншылық одан бетер түспес үшін Қазақстан тарапынан 3700 тоннаға жуық жанар май берілгендігін жатқызуға болады. Сонымен қоса, Қ.Саудабаев пен Р.Отунбаеваның қол жеткізген келісімдеріне сәй­кес, қазіргі таңда Қырғыз Респуб­ли­касының өтпелі кезеңдегі Пре­зи­денті Р.Отунбаева еліне қажетті көмек пен оларды жеткізу жолда­рын қарастырып, бізге ұсыныс­тарын даярлап жатыр. Әңгіменің тоқетерін айтқанда, осы мәселелердің барлығына Қа­зақ­стан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде әлем қауымдастығының көңілін аудартып, басқа да халықаралық ұйым­дарды бірлесе жұмыс жасауға шақырып, Қырғыз еліне белсенді көмек көрсетулеріне ықпал етуде. Алайда, өз елі ішіндегі ұлтара­лық татулықты қамтамасыз етуге біз дербес мемлекет ретінде бол­сын, халықаралық ұйымның құ­рал­дары арқылы болсын тікелей әсер ете алмаймыз. Біріншіден, бұл мемлекеттің ішкі шаруасына қол сұғушылық болады. Екіншіден, мемлекеттің ішкі тыныштығы тек мемлекет бас­шылығы мен халқының өз қо­лын­да. Ешқандай мемлекет, еш­қан­дай халықаралық ұйым сырт­тан келіп, мемлекет басшыларына қалай басшылық жасау керектігін, халыққа қалай дұрыс өмір сүру керектігін үйретіп кете алмайды. Сондықтан да Қ.Саудабаев өзінің мәлімдемелерінде Қырғызстан билігін эмоцияға берілмей, халық­тың қамын ойлауға, ал халқын төзімділік танытуға шақыруда. “Дағдарыс жағдайындағы ме­нед­жментті” атқарумен қатар, рес­ми Астана сондай-ақ ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етуінің екінші тоқ­са­нын­да бірнеше халықаралық дең­гей­дегі ірі шаралар өткізген болатын. Атап айтқанда, 14-15 мамыр күндері Алматыда өткен ЕҚЫҰ Пар­ламенттік Ассамблеясының Тран­сазиялық форумы қазақ­стан­дық төрағалықтың елде өткен ал­ғашқы ірі іс-шарасы болды. Он­да­ған Еуропа, Азия, Америка мем­ле­кеттерінен жиналған халық қа­лаулылары Қырғызстандағы шие­ле­ніс пен Ауғанстанда бейбіт өмір­ді қалпына келтіру, Еуразия кеңіс­тігіндегі экономикалық байланыс­тар­ды нығайту мен адам құқық­тарын қорғау секілді мәселелерде “Кәрі құрлық” пен Азия елдері арасындағы ықпалдастықтың тиім­ділігін арттыру жолдарын тал­қылады. Арада бір ай өте, 10-11 маусым аралығында адам құқықтары мен демократия тетіктеріне қатысты ЕҚЫҰ аясындағы тарихи шешім қабылдануының мерейтойына орай Данияда “ЕҚЫҰ Копенгаген құ­жа­тының 20 жылдығы: қазіргі жағдайы және келешегі” атты кон­ференция ұйымдастырылған болатын. Біздің білуімізше, халықаралық стандарттар негізінен халықтың жағ­дайын жақсартуға, адам құқық­тарын қорғауға, өмір сүру сапа­сы­ның деңгейін арттыруға, халық ал­дында ашық әрі шынайы басқару саясатын жүзеге асыруға, бір сөз­бен айтқанда, билік пен халық ара­сындағы жайлы қатынас орна­туға бағытталған. Ал аталмыш құ­жат­ты халықаралық стандартқа ен­ген, адам құқықтарын қамтамасыз етуге арналған ереже деп қарас­тыруға болады. Сондықтан да бұл конферен­ция барысында делегаттар ЕҚЫҰ-ның барлық аумағында Копенга­ген құжатында көрсетілген қағи­да­лар­дың сақталуының жалпы үде­рі­сін қарастырды. Сонымен қатар, құжатта көрсетілген міндеттеме­лер­ді жүзеге асыру барысында мүше мемлекеттердің кезігетін мә­селелері айқындалып, бұл мәсе­лелерді шешуге және міндеттерді жүзеге асыру барысында олқы­лық­тарды азайтуға арналған шаралар талқыланды. Аталған шара ұйым басшы­ла­ры­на демократия, заңның үстем­ді­гі, ұлттық азшылық және ЕҚЫҰ азаматтық өлшемі бойын­ша ЕҚЫҰ-ның ұстанымдарын одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік берді. Тағы да бір аса ірі шараға ке­ле­тін болсақ, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші мемлекет ре­тінде Қазақстанның басты басым­дылықтарының бірі төзімділік, кемсітпеу және мәдениетаралық үнқатысу тақырыптарын алға тарту екенін атап өткен абзал. Осы орайда, 29-30 маусым ара­лығында Астанада ұйымдасты­рыл­ған ЕҚЫҰ-ның төзімділік пен кем­сіт­пеу жөніндегі жоғары дең­гейдегі конференциясы айтылған сөздердің іс жүзінде өмірге келуі десе болады. Конференцияның негізгі мақ­саты – ЕҚЫҰ шеңберіндегі тиісті міндеттер мен құндылықтарды жүзеге асыруға атсалысу. Конференция барысында қан­дайда болсын дін немесе ұлт өкіл­деріне бағытталған төзімсіздік пен кемсітуге қарсы күрес жолдарын талқылауға ерекше көңіл ауда­рыл­ды. Қатысушылар ашық үнқатысу арқылы өзара түсіністік мәселесін алға тартуда және төзімсіздік көрі­ністеріне қарсы тұруда заң шы­ғару­шы құрылымдардың, құқық қорғау органдарының, білім жүйе­сінің және БАҚ-тың атқарар рөлін талқыға салды. Жалпы, қоғамдағы төзімділік пен кемсітпеушілік мәселесін шешу өте күрделі іс. Біз, яғни Қа­зақ­стан, ЕҚЫҰ шеңберінде бұл мәселені көтеріп, осыған басым­дылық беріп, жаңалық ашып отырған жоқпыз. Бірақ әлі күнге дейін халықаралық қауымдастық арасында да, жекелеген мемле­кет­тер ішінде де шешімі табылмаған қиын жағдайларды ескере отырып, елімізде жинақталып үлгерген, ұлтаралық және дінаралық келісім саласындағы шын мәнінде баға жет­пес тәжірибемізді дүниеге көр­сете біліп, өзгелерге төзімділікпен қа­рау және ешбір кемсітпей, ке­рі­сінше шынайы достықпен бір­лесе өмір сүрудің құндылықтарын насихаттап жүргенімізді шетелдік әріптестеріміз өте орынды деп санайды. Тағы бір ескеретін жағдай, ағым­дағы жылдың екінші тоқ­са­нында қазақстандық төрағалықтың тарапынан ЕҚЫҰ-ның өзінің дәс­түрлі ықпалдастық шеңберімен шек­телмей, көршілес аймақтарда ұқсас мақсаттарды көздейтін ха­лықаралық ұйымдармен байла­ныс­тарды нығайтуға зор көңіл бөлінді. Осы орайда, ең алғашқы болып Азия мен Таяу Шығыста қауіпсіздік пен ынтымақтастықты ілгерілету үшін құрылған екі ұйым еске түседі. Ал егер Ислам Кон­ференциясы Ұйымында отандық дипломатия өзінің бітімгерлік, үйлестіруші қабілеттерін таныту үшін қызу дайындық үстінде бол­са, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (Азия Кеңесі деп қысқартады) аясында Қазақстан өз төрағалығын абы­рой­мен өткізіп, Беделді бірлес­тіктің тізгінін бауырлас Түркия еліне тапсырып үлгерді. Ислам Конференциясы аясын­да ЕҚЫҰ-мен салиқалы ықпал­дас­тық орнату арқылы “Кәрі құр­лықтың” кейбір елдерінде орын алған исламофобияға бірлесе төтеп беру жөніндегі Қазақстанның жыл басынан бері күн тәртібіне енгізіп отырған ұсыныстары басқа мем­ле­кеттер тарапынан толық қолдау тапты десе болады. Осындай қыз­мет­тің маңызын жете түсінетін ИКҰ бас хатшысы Экме­ле­дин Ихсаноглу 6 мамырда Вена­даға ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңе­сі­нің алдында сөз сөйлегенде Еуро­па мен мұсылман әлемінде діні өзгешелердің бір-біріне төзімділігі тек ашық та адал үнқатысу арқы­лы ғана нығая алатынын және осы қадамдарға Қазақстан қосып жүрген үлес зор екенін қадап айтқан болатын. Екі бірлестік арасындағы ықпалдастық тақырыбын 18-20 мамырда Душанбеде өткен Ислам Конференциясы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 37-ші отырысына ЕҚЫҰ-ның басшысы ретінде қатысқан Қанат Саудабаев та дәлелді түрде жалғастырған еді. Келешекте ЕҚЫҰ мен ИКҰ ара­сында өзара тиімді қарым-қаты­нас­тардың дамуына жол ашылды дей аламыз. Осы күнге дейін отандық дип­ло­матияның ең басты жетістігі бо­лып саналып келген Азия Кеңе­сінің биыл 8 маусымда Ыстам­бұл­да өткен үшінші саммиті негізін Президент Нұрсұлтан Назарбаев қалаған бірлестіктің тарихында қай жағынан қарасаң да үлкен белес болды. Қазақстан тарапы сыни көзбен қарағандарға назар аудармай, мәпелеп шыққан халық­аралық жоба бүгінде өз елдерінде соның аясында маңызды іс-шара­лар өткізіп, барынша белсенді түр­де атсалысуға мүдделілік танытып жүрген әлемнің ең алпауыт құрлығының 20 мемлекеті мүшелік ететін Азия Кеңесі бүгінде құр­лықтық қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын бірден-бір беделді бірлестікке айналды. Дәл осы Ыстамбұл саммиті алдында Жайығымызбен іспеттес, Азия мен Еуропаны қосатын Босфор жағасында Азия Кеңесі мен ЕҚЫҰ-ның алғаш бірлескен іс-шарасы өткізілген болатын. “XXІ ғасырдағы Еуразия қауіп­сіз­дігі және экономикалық ын­тымақ­тас­тық” семинарына қатыс­қан он­даған мемлекеттердің өкіл­д­ері екі бірлестік арасында ке­шенді ық­палдастық орнату ар­қылы, құр­лық­аралық қауіп­сіздік плат­формасына жол ашылуы ықтимал деген пікірді қолдады. Қалай болатынын көре жатармыз, бірақ халқымыз “Жақ­сы сөз – жарым ырыс” деп бекер айтпаса керек. Бір қуаныштысы, ЕҚЫҰ басындағы Қазақстанның қызметі жақсы ниетпен шектелмей, нақты істермен де айшықталуда. Төраға­лық­тың екінші тоқсанының қо­рытындылары осыны дәлелдейтін секілді. Экватор белдеуінен өткенде Қазақстан төрағалығы кемеліне келе түсті дей аламыз. Нұрбек ЖОЛТАЙҰЛЫ.