Қараша айының соңғы он күндігінде өтетін үлкен қажылыққа дайындық көптеген мұсылман елдерінде биылғы көктемде-ақ аяқталды. Ал, бізде негізінен енді-енді қолға алынуда. Жиырма миллион мұсылманы бар Ресейде қажылықпен небәрі екі фирма ғана шұғылданса, ал бізде биыл бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш – 34-ке жетті. Былтыр 17 еді, биыл екі есеге өсті. Ресейдегі екі фирма діни басқармасының қанаты астында қызмет етсе, ал біздегілер әрқайсысы жеке дара, қаржылық жағынан да дербес.
Оның бұлай болуының өзіндік себебі бар. 2000 жылдардың басына дейін біздегі қажылықпен діни басқарманың арнайы бір бөлімі ғана шұғылданатын. Ол кезде қажылыққа барушылар саны да аз еді. Кейін бірте-бірте саны әлдеқайда өсті. Бүкіл ұйымдастыру жұмысымен бір ғана қызметкердің шұғылдануы салдарынан оған көп ауырлық түсті. Бәріне бірдей дер кезінде үлгеруі де мүмкін еместей жағдайға жетті. Осының салдарынан қажылыққа алғаш рет барушы кейбір отандастарымыз сабырсыздық танытты. Оның бір шеті жекелеген ақпарат құралдарында да байқалды. Қажылықпен тікелей шұғылданатын бірнеше штатты ұстауға діни басқарманың қаржылық мүмкіндігі де жоқ-ты. Сол себепті бұл маңызды мәселені өзін-өзі қаржыландыратын жеке, дербес фирмаларға тапсыру қажеттігі туған еді.
Фирмалардың көбейе түсуі өзара бәсекелестік туғызды. Мұның бір жақсы жағы қажылыққа барушыларға қызмет көрсету дәрежесін жақсарта түсуге ықпал етті. Соған орай, бағасының да әркелкілігі бүгінгі нарықтық қатынасқа тән заңдылық. Бағаның жоғарылауына Мекке мен Мединедегі қонақүйлердің деңгейі мен олардың Қағба мен сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітіне қаншалық жақын орналасуы, неше мезгіл тамақтануы, қанша күн болуы, ұшақпен барып-қайтуы тікелей әсер етеді.
Әлбетте, әр фирманың мұнан пайда табуды көздеген мүддесі де барын ескерген жөн. Біздегі қажылықпен шұғылданатын фирмалардың күрт өсуіне осы өз мүдделерін көздеу ниеті басым екені айтпаса да түсінікті.
Әр фирма қажылыққа өз шама-шарқына қарай алдын ала Мекке мен Мединеге алып баратын зиярат етушілердің санына орай қонақүйден орынға келісіп, арлы-берлі қатынайтын автокөлік және ұшақ үшін өзге елдердің тиісті компанияларымен шарт жасасуы қажет. Осы “шама-шарқына қарай” қонақүйден алдын-ала орын алу фирмаларымыз үшін түйткілді мәселеге айналды. Алдын-ала бірнеше ай бұрын қонақүйден тиісті мерзімге орын алып, оның біршама бөлігін төлеуі қажет болса, бұл талапты жекелеген фирмалар орындай бермейді. Адам санын алдын ала келісілгеннен кем апарады да, қонақ үйді шығынға батырады. Өткен жылғы қажылықта осындай семіз сөйлеп арық шыққаны үшін “Асыл мақсат” пен “Ер-Си тур и Ко” фирмаларына Сауд Арабиясы Корольдігі алдағы қажылыққа виза бермейтін болды. Осы екі фирма бұл іс-әрекеті туралы өз кезінде Саудия жағына түсініктеме беруді де қажет деп таппаған. Сондықтан әрбір фирма діни басқармадан алдағы қажылыққа өз шама-шарқына қарай квота сұрағаны және оны мүмкіндігінше орындағаны абзал дер едік.
Биыл дінбасы бастаған Қазақстан делегациясы Сауд Арабиясы Корольдігінде қажылық министрі доктор Абд ас-Салам әл-Фарисидің шақыруымен болып қайтқан-ды. Қазақстан жағының талап-тілегі бойынша бізге жалпы 4 мың орын бөлінді. Егер зиярат етушілер саны мұнан да асып жатса, қосымша сұранысына қарай тағы да орын бөлінбек. Бұл орындар 34 фирманың әрқайсысының өтінішіне қарай бөлінуде. Саудия жағы біздегі фирмалардың көптігіне алаңдаушылық білдіріп, мүмкіндігінше 2-3-тен бірлесіп қонақүйіне орналасуын және оның әрқайсысымен емес, тек қажылық миссиясы арқылы ғана байланысып қызмет ететінін білдірді. Мұның өзі фирмалар арасында тағы бір күрделі мәселені туындатты. 2-3 фирма өзара келіскен жағдайда барлық ұйымдастыру шаралары мен тиісті қаржы төлеміне оның біреуі ғана жауапты болуға тиіс. Қажылықты өткізуде көп жылдық тәжірибеге ие фирмалар бұл салаға енді ғана кіріскеніне сенім арта алмауынан бұларды біріктіріп, санын кеміту талабының орындалуы қиынға соғуда. Тәжірибелі фирмалардың тәжірибесіздігі сенімсіздік білдіруінің себебін түсінуге болады. Сол 2-3-нің атынан Саудия жағының тиісті орындарымен осы тәжірибелі деген фирма ғана келісімшарт жасасады. Демек, әлі уақыт сынынан өтпеген тәжірибесіз фирмалардың бүкіл қызметі үшін де заң алдында сол жауапты. Егер тәжірибесіз фирма квотадағы адамын жинай алмай қалса, оның шығыны үшін де жауапты. Тәжірибесіз фирманың өз қызметін тиісті деңгейде атқара алмауынан алдын ала көзделген төлемдерін төлеуге шамасы да жетпей қалуы мүмкін.
Міне, күрделі қиындық туындатты деуіміз де сондықтан. Осыған қатысты өз шама-шарқына сенбейтін, келешегі бұлыңғыр, қаржылық мүмкіндігі шектеулі жаңа фирмалардың тез арада өз қызметін жалғастыру не жалғастырмау туралы нақты бір шешімге келуі қажет.
Тағы бір ескерер жағдай, Саудия жағы бірқатар фирмаларымыздан зиярат етушілердің Арафат пен Минадағы шатырларға қаламмен де, тіпті шегемен де тырналап жазу жазып (мысалы, өзінің аты-жөнін атап, қай күні, қай айда, қай жылы болғанын, қайдан келгенін) кеткендігі үшін өтемақы талап етіп, өндіруде. Бұл зиярат етушілеріміздің парасаты мен мәдениетінің деңгейіне сын. Кешегі кеңес тұсында сүйегімізге сіңген осынау жаман әдеттен әлі күнге арыла алмай келе жатқанымыз өкінішті-ақ! Бұл үшін фирмалардың күйгені өз алдына, ал еліміздің атына да елеулі сын айтылуы қайбір абырой дейсіз.
Бұл мәселелер жуырда фирма жетекшілерінің қатысуымен өткен діни басқармадағы басқосуда жан-жақты талқыланды. Оған ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі мен ҚР Мәдениет министрлігі Дін комитеті төрағасының орынбасары Жанболат Мұхаммедқалиев және тағы басқа да жауапты қызметкерлер қатысып, өз ойларыменен бөлісті.
Зиярат етушілер биыл да қажылыққа тек жолаушылар ұшағымен барып қайтпақ. Бұған көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан секілді өз ұшақтарымен барып-қайту мәселесі біздің ел үшін шешуі қиын түйінге айналғалы қашан?! Осының салдарынан фирмаларымыз шетелдік әуе компанияларына жалынып, солардың қызметін пайдалануға мәжбүр. Олардың кейбірі алдын ала жасалған келісім шартқа қарамастан, онда көрсетілген уақытты сақтай бермеуінен Алматы әуежайынан солай қарай дер кезінде ұша алмай жолаушыларды иіріп қойса, ал Жидда әуежайынан бері ұшпай тағы күттіріп қоюы өкінішке орай ұшырасып қалуда. Мәселенің байыбына бармаған кейбіреулер бұл үшін діни басқарманың атына сын айтып жатады. Діни басқарма сол қажылықтың шартына орай өтуі үшін зиярат етушілерді алдын ала мешіттерде дайындап, түрлі түсінік жұмыстарын жүргізеді. Ал қажылық кезінде әр фирмада білімді де білікті имамдардың болып бағыт-бағдар, ақыл-кеңес беруін қамтамасыз етумен келеді. Бұл дәстүр биыл да өз жалғасын таппақ. Қажылық туралы кітапшалар шығып жатса, ал мешіттерде мұсылманның осынау бесінші парызы туралы уағыздар айтылуда. Діни басқарманың басылымдарында тиісінше насихатталуда.
Әр фирма өз зиярат етушілерін тауып, тарту үшін жаппай жарнама жасауға кірісті. Сонымен, үлкен қажылық үшін дайындық қызу қолға алынды.
Оңғар ӨМІРБЕК, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы.