Мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында ғылым бөлімінің маманы орманда түлкіні фотоға түсіріп алған.
«Түз тағысының қайта оралуы экожүйеде қолайлы жағдайлар қалыптасып отырғанын білдіреді. Әрі орман жүйесінің қолайлы жағдайының маңызды көрсеткіші. Бұл жыртқыштар кеміргіштердің санын реттеп, табиғи тепе-теңдікті сақтауда ерекше рөл атқарады», дейді мекеме мамандары.
Орманшылардың айтуынша, түлкі – ең ақылды әрі бейімделгіш жыртқыштардың бірі. Есту қабілеті өте жақсы жетілген, тіпті қар астындағы болмашы сыбдырдың өзін аңғарып, жемтігінің орнын дәл анықтай алады. Қыста терісінің қылшықтары бұрынғыдан да үлпілдеп, тығыз бола түседі екен. Бұл оны кез келген қақаған аяздан сенімді қорғайды.
Мамандар «Ертіс орманының» жабайы табиғатының соншалықты бай әрі алуан түрлі екенін, оған тұрғындар ұқыппен, жанашырлықпен қарау маңызды екенін айтады. Бұған дейін орман аумағында аппақ реңдегі жоңғар атжалманы (Phodopus sungorus) да көзге түскен. Бұл жануардың орман алқабында кездесуі де ерекше жайт деп танылып отыр.
Павлодар облысы