Кәсіпкер • Бүгін, 08:25

Тотықұс асырағанның ұпайы түгел

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тараз қаласының тұрғыны тропикалық тотықұстарды өсіріп, табыс көзіне айналдырып отыр. Былтыр қайтарымсыз грантқа қолы жеткен Нұржан Нұрмаханұлы құс шаруашылығын дамытуға айрықша ден қойып жүр. Өңірде алғаш боп тотықұс өсіруді қолға алған азаматтың жаңа қадамына қызығушылар аз емес.

Тотықұс асырағанның ұпайы түгел

Тараздық Нұржан Нұрма­ханұлының өткен жылы шілдеде шағын кәсіп ашып, нәсібін айыруға деген құлшынысы арта түскен. Құс шаруашылығын өркендетуге ден қойған ол арнайы жоба жасап, құзырлы мекемелерге ат басын бұрыпты. Тотықұс өсіремін деп талап қылған 37 жастағы азматтың айрықша жобасы комиссия тарапынан мақұлданып, нәтижесінде 1,5 млн теңге шамасында грант иегері атанады. Қазір оның иелігіндегі тотықұстың саны 200-ден асыпты.

Деректерге жүгінсек, тотықұстардың ең кішкентайлары 15-25 жыл аралығында өмір сүретін көрінеді. Әйтсе де, олардың ірілері бір ғасыр жасайды деседі. Ал төрткүл дүниедегі ең жады мықты тотықұс шамамен 400-ге жуық сөз жаттап алған көрінеді.

Осындай сан түрлі дерек тараздық азаматтың тың кәсіпті қолға алуына себеп болса керек. Қазір африкалық тотықұстарды асырап отырған Нұржанның құс кепесінде Амадина, Розелла, Пенанта, Корелла секілді тропи­калық тіршілік иелерінің он шақты түрі бар. Нұржанның айтуынша оларды күтіп-баптаудың мехнатынан, рахаты көп. Өйткені ол бұл жұмысты жанындай жақсы көріп істейді.

ва

«Қолға алған жобамды жан-жақты зерделеген комиссия төрағасы бастаған азаматтар идеямды айрықша деп бағалапты. Ол кісілердің мұндай сөзі мені шабыттандырды десем, артық айтқандық болмас. Жалпы, құс өсіру – сүйікті ісім. Ал сүйікті шаруаң қосымша табыс көзіне айналып жатса, оның несі айып? Кепедегі құстарға жемін беру, суын беру, астын тазалау секілді кішігірім жұмыстың ешқандай қиындығы жоқ. Қайта сол арқылы табиғаттың айрықша жаратылысы мен адам арасындағы байланыс түзеле түседі деп пайымдаймын. Бір сөз­бен айтқанда, қолға алған бастамамды жақсы көремін. Құстардың әр қи­мылы көзге ерекше көрінеді», дейді кәсіпкер.

Мамандар кел­тір­ген дерекке сен­сек, тотықұстар ырғақ­ты айрық­ша сезіне алады екен. Содан да болар, деле­бесін қоздыратын музыкаға билей жөнеледі. Ал Аустралияда тоты­құстарды сөйлеуге үйрететін арнайы мек­тептер бар. Бәлкім, мұндай мекемелер болашақта біздің елде де ашылатын шығар. Кім білсін...

Нұржан Нұрмаханұлы асырап отырған тропикалық тіршілік иелері тазалыққа айрықша назар аударатын көрінеді. Олар өздеріне жайлы атмосферада ғана қанат қағады. Ал кәсіпкердің бұл істі қолға алуына имек тұмсықты құстардың тез көбейетіні түрткі болған көрінеді. Айтуынша, жылына үш рет балапан басады екен. Жұмыртқаны жарып шыққан кореллалардың дені екі айдың бедерінде кәдімгі тотықұсқа айналып шыға келеді. Бір сөзбен айтқанда, жылдам өседі.

Кәсіпкердің айтуынша, кепедегі құстар дәл қазір балапан басып жатыр екен. Ерте көктемде тотықұс саудасы қыза түсетін түрі бар. Нұржан әр құсты 2 мың мен 60 мың теңге аралығында саудалауға бел буып отыр. Осылайша, кіріс көзін арттырмақ. Өткен жылы Тараз шаһарында жалпы саны 215 азамат жаңа жобасын сәтімен қорғап, 400 АЕК шамасында грантқа ие болыпты.

ап

Тараз қалалық мансап орталығындағы мамандардың айтуынша, жаңашыл бағыттағы азаматтарды қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасады. Өйткені жаңашыл бағыттағы азаматтар тарапынан сұраныс жеткілікті. Осы жылы қайтарымсыз грант сомасы 1 млн 700 мың теңге шамасында болмақ. Ал бұл грант жеті санаттағы азаматтарға беріледі. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындар да бар екен.

Жалпы, қайтарымсыз гранттың шарапатын көрген азаматтардың саны жыл өткен сайын артуы көңіл қуантады. Жаңа іске бел буғандардың дені тың жобалармен келіп, комиссия мүшелерін таңдандырып жүр екен. Мұның өзі кәсіп бастаймын деген тұрғындардың арасында ізденіс ізіне түскендердің көп екенін аңғартса керек.

 

Тараз

Соңғы жаңалықтар

Ұстаздық ғұмыр белесі

Ұстаз • Бүгін, 08:43

Тотықұс асырағанның ұпайы түгел

Кәсіпкер • Бүгін, 08:25

Әділеттілік тұжырымдамасы

Референдум • Бүгін, 08:23

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:20

Ертістің ен тоғайына түлкі оралды

Жануарлар • Бүгін, 08:15

Мемлекет дамуының жаңа кезеңі

Референдум • Бүгін, 08:13