Өз басым кішкентай кезімнен мал қайырып, ата-анама жәрдемдесіп өстім. Бұғанамыз қатпай жатып, мал шаруашылығының қыр-сырына қанықтық. Төрт жыл бойы мал бағып, одан кейін ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түстім. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидатымын.
Осы саланың кәнігі маманы ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерге үн қосқанды жөн көрдім.
Президент: «Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді оның қадірін білетін азаматтарға ғана беру керек», деп нақты айтты. Бұл – стратегиялық маңызы бар ұстаным. Жер – Жер-ананың аманаты, елдің басты байлығы. Сондықтан жерді пайдалану мәселесіне ерекше мән беруіміз керек. Әрбір ауылдық округ өз аумағындағы әрбір қадам жердің пайдалану есебін мұқият бақылауға міндетті. Ол үшін әрбір жер пайдаланушымен нақты келісімшарт жасалуға тиіс. Келісімшартта жердің көлемі, одан алынатын өнімнің мөлшері, сапасы мен есепке алынатын басқа да көрсеткіштер нақты көрсетілуі қажет. Құжат шаруашылықтың мөрімен бекітіліп, жер пайдаланушының қолымен расталуға тиіс.
Күзгі жиын-терім аяқталғаннан кейін шаруашылық басшыларынан жазбаша есеп қабылданып, ауылдық кеңесте қорытынды жасалуы қажет. Есепте бірде-бір гектар жер назардан тыс қалмауға тиіс. Осылайша, әрбір ауылдық округ бойынша толық әрі нақты мәлімет қалыптасады. Мұндай есеп жүйесі барлық өңірде енгізілсе, мемлекет толыққанды әрі шынайы ақпаратқа ие болады. Заң мен тәртіп үстемдік еткен елде бұл көрсеткіштер мемлекеттің нақты айнасына айналады. Мемлекетке де, халыққа да керегі осы.
Алайда мұндай деңгейге жету үшін қосымша қызметтік құрылымдар қажет. Мәселен, әрбір ауылдық округте статист-маман болуы керек. Бұрын мұндай қызметкерлер болған, мемлекет оларды қамтамасыз еткен. Кейін бұл штаттар қысқартылды. Ал статист бар жерде жалған мәліметке жол берілмейді, көрсеткіштер бұрмаланбайды. Кемшілік те, заңбұзушылық та айқын көрінеді. Нақты есеп – әділдіктің негізі.
Жыл қорытындысы шығарылған кезде барлық деңгейдегі әкімдердің жұмыс деңгейі олардың жерді қаншалықты тиімді пайдалана алғанына қарай бағаланғаны жөн. Баға жетпес байлықты дұрыс игере алмаған басшыға жоғары баға беруге болмайды. Жерді тиімді пайдалану басшы жұмысының басты өлшемі болуы қажет.
Кезінде Мемлекеттік жоспарлау министрлігі болды. Бұл құрылым барлық министрліктің жоспарлау үдерісін үйлестіріп отырды. Әр министрлік өз саласы бойынша жоспар жасайтын, ал Мемлекеттік жоспарлау органы оларды республикалық деңгейде біріктіріп, бекітетін. Ал жоғары басшылық жыл бойы сол жоспарлардың орындалуын қадағалайтын. Бұл – мемлекеттік бұлжымас тәртіп.
Ауыл шаруашылығы министрлігі де өңірлердің жоспарларын ғылыми және өндірістік тұрғыда дәлелденген көрсеткіштерге сай қалыптасуын қадағалауға тиіс. Жергілікті көрсеткіштер ғылым мен өндірісте негізделген деректермен сәйкес болуы қажет. Сонда ғана жоспар нақты әрі орындалатын болады.
Егер ел бойынша осындай жүйелі жұмыстар ұйымдастырылып, жердің мүмкіндігін толық пайдалана алсақ, тиісті өнім көлеміне толық қол жеткіземіз. Нәтижесінде, еліміз мол табысқа ие болады, ішкі нарық қажетті ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз етіледі. Жерді дұрыс игеру – елдің азық-түлік қауіпсіздігінің, экономикалық тұрақтылығының негізі.
Нұрмахамбет АЙТУҒАНОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты