Аймақтар • Бүгін, 08:48

Қос емхана құрылысы басталды

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордада бір күнде екі бірдей емхананың құрылысы басталды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Мәжілісі депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысқан игі шара барысында алдымен Титов шағын ауданындағы 400 орындық жаңа емхананың іргетасы қаланды.

Қос емхана құрылысы басталды

Өңір басшысы жиналған жұрт­шылықты жаңа нысан құры­лысы­ның басталуымен құттықтап, өңір­дің денсаулық сақтау саласында атқа­рыл­ған ауқымды жұмысты саралап өтті.

Еліміздің әлеуметтік саясатта­ғы басым бағыттарының бірі – меди­циналық қызмет сапасын арттыру. Құрылысы басталып жатқан жаңа емхана Титов шағын ауданындағы 40 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. №5 қалалық емхананың жаңа ғимаратын салуға 9 млрд 823 млн теңге жұмсалып отыр. Аумағы 9 мың шаршы метрге жететін нысан заманауи талаптарға сай жоғары сапалы технологиялармен жабдықталады.

«Бұл – ана мен бала өмірін сақ­тауға, қазыналы қарттарымыздың денсаулығын жақсартуға бағыттал­ған мемлекет қолдауы. Алдағы уа­қыт­т­а да өңір халқының өмір сапасын арттыруға арналған кешенді жұ­мыс жалғасады», деді облыс әкімі.

Қаланың сол жағалауынан салынатын 500 келушіге арналған екінші емхана тұрғындарға амбула­ториялық-емханалық, диагнос­тика­лық, күндізгі стационарлық ме­ди­циналық қызмет көрсететін көп­са­лалы мекеме болады. Мұнда жалпы және акушерлік-гинеко­логиялық тіркеу, педиатрия, ма­мандандырылған, шұғыл медици­налық көмек, профилактика, мек­теп медицинасы бөлімдері қарас­тырылып отыр.

Жалпы, Сыр өңірінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы бағыттағы нақты көрсеткіштерге тоқталсақ, 2022–2025 жылдары салаға 50 млрд 100 млн теңге қаржы бөлініп, 26 млрд 400 млн теңгеге 40 нысан салынып, пайдалануға берілген. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 10 млрд 700 млн теңгеге салынған 28 нысан халық игілігіне қызмет етіп келеді. Кейінгі жылдары ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған 6 жоба іске асырылды.

 

ҚЫЗЫЛОРДА 

Соңғы жаңалықтар