Медицина • Бүгін, 08:50

Неонатология бөлімшесінің оңалту жұмысы

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекетіміз балаларға алғашқы деңгейде кешенді медициналық көмек көрсетуді дамытуға күш салып отыр. Соның бір дәлелі, был­тыр шілде айынан бастап Медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарының 80%-ында педиатриялық бөлімшелер құрылды.

Неонатология бөлімшесінің оңалту жұмысы

Былтыр қыркүйек айында Ал­­ма­тыдағы балаларға шұғыл меди­циналық көмек көрсету ор­талы­ғында жаңа туған нәрестелерді күтіп-баптайтын заманауи нео­натология бөлімшесі ашылған еді. Өйткені кейбір сәбилер ауыр жағдайда дүниеге келеді де, шыр етіп туған сәттен бастап жансақтау бөліміне түседі. Айталық, бір жылда осы орталықта 235 нәресте емделсе, олардың 52-сіне туабітті даму кемістігіне байланысты шұғыл операция жасауға тура келген. Кішкентай пациенттердің көбейе түсуі бөлімше мүмкіндіктерін кеңейте отырып, озық технологиялармен жабдықталған жаңа орын ашуды талап етеді. Сол тұрғыда орталық базасында жаңа туған нәрестелерді жансақтау жағдайында күтіп-баптауға арнал­ған мамандандырылған бөлімше жасақтау кезек күттірмейтін мәселенің біріне айналды.

Жақында орталық директоры Әлібек Смағұлов өткен жылы атқарылған жұмысқа  есеп бере келіп, жаңадан ашылған неонатология бөлімшесінің жай-жапсары жөнінде де жан-жақты баяндады. Бөлімше бір мезетте 16 сәбиге көмек көрсете алады. Жедел түрде жет­кізілген нәрестелерге жансақ­таудан кейінгі қарқынды ем-домға қоса, ерте оңалту қызметі жүргі­зіледі. Бөлімше ашылғалы бері 103 жаңа туған нәрестеге медициналық көмек көрсетілді.

Сондай-ақ былтырдан бері орта­лықта жаңа туған шақалақтан бастап 18 жасқа дейінгі балаларды емдейтін 12 орындық оториноларингология, жақ-бет хирургиясы бөлімшесі тәулік бойы қызмет көрсете бастады. Алғашқы бес айда 83 балаға шұғыл, жоспарлы көмек көрсетілді. Мұндай бөлімшелердің ашылуы көрсетілетін медициналық көмектің аясын кеңейтуге серпін беріп отыр.

Былтыр 140,6 мыңнан астам бала медициналық көмек алды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 22,5%-ға көп. Жоспарлы түрде еліміз­дің әр шалғайынан келген 1500-ден астам кішкентай пациенттерге мамандан-дырылған хирургиялық, консервативті көмек көрсетілді.

Былтыр орталықта дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды есепке алуды қамтамасыз ететін госпитальдық фармация бөлімшесі де ашылып, халықаралық GPP стан­дартына сай екендігін растай­тын сертификат алды. Жыл қорытын­дысында орталық ең жоғары аккредитациялық санатқа ие болып, еліміздегі «Үздік балалар стационары» деп танылды.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар