Білім • Бүгін, 08:30

Оқушылар қалай тамақтанады?

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осы оқу жылынан бастап оқушыларды тамақтан­дырудың жаңа стандарты енгізілді. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылдың 4 наурызында бекітті. Алайда Солтүстік Қазақстан облысында оқушыларды тамақтандыруды жүзеге асыратын кәсіпкерлермен бағаға келісе алмағандықтан, бұл стандарт өңірде осы жылдың 10 қаңтарынан бастап қана еніп отыр.

Оқушылар қалай тамақтанады?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Облыстық білім бас­қар­ма­сы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова 2025 жылғы бюджет қайта қарасты­рылмайтынын, сондықтан ескі мәзірде көрсетілген бағаның шең­берінде жаңа стандартты енгізу қажеттігін айтқан. Басқа облыс­тар бюджеттерін қайта қарап жат­қанда бұлар неге оны істей алмайтыны белгісіз. Әйтеуір жаңа жылдан кейін қосым­ша ақша тапқан болуы керек, жо­ғарыда айтқанымыздай 10 қаңтардан бастап жаңа стандарт енгізілген.

 Мамандардың айтуына қара­ғанда, жаңа стандарт бойынша оқу­­шылардың ас мәзіріне ет, же­міс, көкөніс сияқты құнарлы тамақ өнім­дерін көбірек қосу қарас­ты­рылған. Әрине, өскелең ұрпа­қ­тың бойына қуат беретін сапалы тағамның бағасы да бұрынғыдан қымбаттау болуы керек. Қазір бір ба­ланы ауқаттандыратын ас мәзірі­нің құны – республика өңірлері бойынша орта есеппен 800 теңге­ көлемінде. Ал облыстық сани­тар­лық-эпидемиологиялық депар­тамент қызметкері Гүлнәр Сейі­това бұл стандартты енгізетін мезгілдің уақыты жеткенін айтады.

«Өйткені осыған дейін мектеп­тердің беріп жүрген тамағы оқу­шы­лардың физиологиялық талабын қанағаттандырмайды. Оның үстіне санитарлық талаптарды бұзуға да жол беріліп келді. Жаңа стан­дарт осыны болдырмайды деп сенеміз», деді ол.

Жаңа стандарт бойынша мектеп асханасында газдалған сусындар, өнеркәсіптік тәтті-дәмділер, шұ­жық­тар, майонез, майлы және майға қуырылған тағамдар ұсыныл­майды. Есесіне көкөніс, жеміс, бұршақ пен басқа дәндердің жар­малары, сүт, ашы­ған сүт өнім­дері көбірек болуы керек.

Сондай-ақ 6–11 мен 12–18 жастағы оқушылардың тамақтану уақыты әртүрлі болғандықтан, олардың жасы­на сәйкес рацион да екі түрлі жаса­лады. Онда бала­ның жасына байла­н­ысты калория­ның, ақуыздың, майдың нормасы сақ­та­луы міндетті.

Жуырда Кәсіпкерлер палата­сының облыстық филиалында мектеп асханаларына қызмет көрсетіп жүрген кәсіпкерлер тарапынан дау туды. Бұлар жаңа стандарт­қа бастапқыда қарсы болған еді. Әрине, оларды да түсінуге болады: жаңа стандартпен қызмет көрсету еліміздің басқа өңірлерінде 800 теңгенің маңында болса, бұлар­ға әлі де сол ескі стандарттың орта­ша бағасы 637 теңгемен қызмет көр­се­тіңдер деген талап қойылған. Бұған қарсы болғандардың арасында белсенділік көрсеткен асханаларды жалға алған кәсіпкерлердің басын біріктірген «Ботақан» ЖС төрағасы Ольга Усольцева. Ол жаңа стандарттағы күркетауық еті мен көксерке балығын, сондай-ақ түрлі-түсті сәбізді табу қиын деп мәселе көтерген. Бұл тағамдарды басқаларымен ауыстыруға болады ғой. Дегенмен кәсіпкерді бәрінен бұрын ақының сол қалпында қал­дырылғаны қынжылтатын сияқ­ты көрінген. Марина Лаптева есім­ді кәсіпкер жаңа стандартты енгі­зуге пештің қызуы жетпейді деген сылтауды да алға тартқан. Қар­сы­лығын осылай білдірген кәсіпкерлер, әйтеуір жаңа стандартты жүрдім-бардым енгізе бастаған.

Ендігі дау – оқушылар жаңа стандартпен дайындалған тағамдарды жемейді, дайындалған тамақтың 80 пайызын қоқысқа тастауға мәж­бүрміз, мұның өзі бюджеттің ақша­сын далаға шашу емес пе деген сыл­таудан туып отыр. Мемлекет мүд­десін ойлағансып отырған кәсіп­керлердің түпкі мақсаты қандай екені белгілі. Даудың басында тағы да сол «Ботақанның» бастығы О.Усольцева жүр. Кәсіпкерлер палатасына өз­дерінің әріптестерін, прокуратура, сани­тар­лық-эпидемиологиялық департамент, білім басқармасы қызмет­керлерін шақырып алған олар ақы­ның өсірілмеген қыжылын жаңа сылтаулармен жаңғыртып берді. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, әрбір дауға бір себепкер болады. Бұл жолғы себеп – мемлекеттік органдардың бірлескен отырысының 19 ақпандағы хаттамасы болып шықты. Онда шенеунік­тер асхананы жалға алған кәсіпкер­лер ата-аналар жиналысында жаңа стандарттың озықтығын түсіндірсін, балалардың жаңа тағамдарға бірден үйренбей, ептеп үйренетінін айтсын деген талап қойған екен. Соны­мен қатар кәсіпкерлер кейбір тағам­дардың неге желінбейтінін анық­тап, оның қорытындысын тиісті шара қолдану үшін облыстық білім бас­қармасы мен санитарлық-эпи­де­миологиялық департаментіне жіберсін делінген.

«Өзі де үркейін деп тұрған жыл­қыға жапырақ шашсаң не жорық» демекші, өзі де ақыны көтермеген­ге қыжылып, сыныққа сылтау іздеп жүрген кәсіпкерлер мына бір бол­машы талапқа «Бұл біздің мінде­тіміз емес» деп өре түрегеліп, қарсы шықты. Кәсіпкерлердің құқын қорғау жөніндегі кеңесте барлық шағым мемлекеттік органға бағытталып, жаңа стандарттың тиім­ділігін ата-аналар мен оқушыларға түсіндіру солардың міндеті емес пе? Олар неге өз міндеттерін бізге жүктейді деген сияқты пікірлерді қарша боратты.

Әрине, тамақтың 80 пайызы желінбейді деген – артық сөз. Өйт­кені оны анықтау үшін арнайы зерттеу керек. Бірақ сол бір санға нағыз шындықтай жабысып қалған О.Усольцева: «Ата-аналар бізді тамақты дәмді қылып жасамайтындай көреді. Біз болсақ бекітілген мәзірмен дайындаймыз, ал оның 80 пайызы желінбейді. Біз дәмді әзірлейміз, барлық мәселе – тамақтың құрамында. Кейбір дәм­дерді балалар аузына да алғысы келмейді», деді.

Кеңес төрағасы, заңгер Инеш Қуанова осы дау жайында орынды пікір білдірді. Ол: «Бизнес субъектісінің міндеті – тамақты сапалы және қауіпсіз дайындау. Ал педагогикалық немесе әлеуметтік зерттеумен айналысу оның міндеті емес», деп тұжырды. Сондай-ақ облыстық СЭД бастығының орынбасары Татьяна Горлова қызмет көрсетушіге тапсырыстың мәзірін жасауды мектеп директоры жүк­тейді. Сондықтан барлық мәселе тапсырыс беруші ретінде директормен шешілуі керек деп қорытты. Соңғы екі адамның пікірімен дау тыйылғандай болды.

 

ПЕТРОПАВЛ 

Соңғы жаңалықтар

Елімізде қай жолдар жабық тұр?

Қазақстан • Бүгін, 09:24