Мұнай бағасы әлдеқашан барлық психологиялық межеден өткен және қазіргі уақытта мұнайшы мамандардың, сондай-ақ экономистердің, қаржыгерлердің, саясаттанушы мен кез келген сарапшының бір де біреуі бағаның қай межеде тұрақтанатынын және жоғарыға қарай қашан жылжыйтынын болжап айта алмайды. Оның болатынын бәрі де біледі, бірақ қашан басталатынын ешкім айтпайды. Біз үшін, Қазақстан ІЖӨ-сінің төрттен бірі мұнай-газ саласымен қамтамасыз етілетінін ескерсек, бағаның құлдырауы сөзсіз, нақты қаржылық тәуекелге әкеп соқтырады.
Мұнайға әлемдік бағаның құлдырауын ескере отырып Мемлекет басшысы соңғы жылдары Ұлттық қорда жиналған қаражатқа жүгінуге шешім қабылдады. Қазір осы резервтерді пайдалануға тиіс болатын кезең туындап келеді. Бұл қаржы қиын уақыттарды еңсеріп, экономикамыздың өсімін ынталандыруға көмектесетін болады, деді Президент Н. Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында.
Ұлттық қорды жүйелі толықтыра отырып, қиын-қыстау уақыттың келуіне еліміз алдын-ала дайындалған болатын. Қазақстан Республикасында әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттігін арттыру арқылы экономиканың орнықты және теңдестірілген өсімін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да жобалар пысықталған болатын.
Мысалы, үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың бірінші бесжылдығы аяқталды. Соңғы айларда баспасөзде осы бағдарлама бойынша қол жеткен нәтижелер, инновациялық өндірістер, жаңадан ашылған мыңдаған жұмыс орындары туралы көптеген мәліметтер жарияланды.
ҮИИДБ-ға сәйкес, 2015 жылға дейінгі кезеңге үдемелі индустрияландыру саясатының негізгі басымдығы, бағдарламада атап өтілген: «қазақстандық қамтуды мақсатты дамыту, кейінгі қайта бөлісу мен өңдеу арқылы шағын және орта бизнес үшін мультипликативті жаңа бизнес мүмкіндіктерімен» экономиканың дәстүрлі экспортқа бағдарланған секторында ірі инвестициялық жобаларын іске асыру болғанын атап өту қажет.
Еліміздің барлық мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту шеңберінде, министрлік бойынша ҮИИДБ-ның ауқымды жобалары ішінен Атырау мұнай өңдеу зауытында салынған хош иісті көмірсутегін өндіретін кешенді (ХКК) атап өткім келеді. Хош иісті көмірсутегін өндіретін кешен мұнай-химия үшін жоғары қосылған құнмен өнімді шығаруға, сондай-ақ жоғары октанды бензин өндіруді ұлғайту үшін шикізат алуға бағдарланған.
Біздің еліміз үшін осынау бірегей іске қосу-реттеу жұмысын бастау жөнінде 2014 жылғы 25 желтоқсанда «Қазақстанды жаңа индустрияландыру» атты жалпыұлттық телекөпір шеңберінде Мемлекет басшысы тапсырма берген болатын.
ХКК көптеген себептерге байланысты бірегей болып табылады. Икемді технологиясын ескерсек, кешен екі бағыттта: отын және мұнай-химия нұсқалары бойынша жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Былай айтқанда, бұл кешен жоғары октанды бензин ресурстарын шығаруға немесе жоғары өңделген мұнай өнімдерін – бензол мен параксилолды шығаруға бағдарланған. Екі жағдайда да мәселе кешенді салғанға дейін біздің мұнай-химия мамандарына қолжетімді болған мұнайды одан да терең өңдеуде болып отыр. Олай болса, ХКК әлеуеті аса жоғары қосылған құнмен жоғары сапалы өнімді шығаруға қабілетті.
Және мұнда еліміздің ішкі нарығы үшін және ең бастысы, әуесқой автомобильшілер үшін өте маңызды сәт боларын атап өту керек. Өткен жылдың отын дағдарысы аса сұранысқа ие ЖЖМ түрлері бойынша біздің ұстанымыздың осалдығын көрсетті. Және бұл олқылық, өкінішке қарай, бүгінде жүргізіліп жатқан біздің мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту аяқталғанға дейін әлі екі жылда толық жойылмайды. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының ішкі нарығын жоғары октанды бензинмен қамтамасыз ету мақсатында Атырау МӨЗ-інде жаңадан салынған кешен осы күні жұмыстың отын нұсқасына, яғни кейін автобензиннің қажетті түрлерін шығару үшін жоғары октанды бензин компоненттерін өндіруге бағдарланған. Келешекте, отандық МӨЗ-ді жаңғырту аяқталған соң және отын тапшылығын жойғаннан кейін кешенді хош иісті көмірсутектер: жылына көлемі 133 мың тонна бензол мен көлемі 496 мың тонна параксилолды өндіруге қайта бағдарлауға мүмкін болады.
Жоғары қайта өңделген өнім әлем нарығында сұранысқа ие. Мысалы, 2013 жылы бензолдың әлемдік тұтыну көлемі 45 млн. дерлік тоннаны құрады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті орташа жылдық өсу қарқыны 3,2% кезінде 1,7 есеге, 76,7 млн. тоннаға дейін арттыру күтілуде. Сондай-ақ, параксилолға да сыртқы нарықтағы сұраныс бензолдан кем емес. Өз кезегінде, бензол мен параксилолды, түпкі өнімді алып одан әрі қайта өңдеу үшін табысты пайдалануға болады.
Өздеріңізге мәлім болғандай, Қазақстан Республикасында өндірілетін мұнай өнімдері 2011 жылғы 18 қазандағы Кеден одағының «Автомобиль және авиа бензинге, дизель және кеме отынына, реактивті қозғалтқыш отыны мен мазутқа қойылатын талаптар туралы» техникалық регламентінің, оның ішінде хош иісті көмірсутегі қоспаларының көрсеткіштері талаптарына сәйкес келуі керек.
ХКК пайдалануға беру халықаралық экологиялық стандарттардың жоғары деңгейіне сәйкес келетін тауарлық өнім шығаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ол бензол және хош иісті көмірсутегі төмен автомобиль бензиндерін пайдалануға байланысты қоршаған ортаға зиянды әсерін азайтуға жағдай жасайды.
Кешенді салу кезеңінде шамамен 3800 жұмыс орны ашылған болатын. Іске қосу-реттеу жұмыстары аяқталып және оны пайдалануға бергеннен кейін тұрақты 177 жұмыс орны ашылатын болады.
Егер Қазақстан бойынша тұтастай мұнайды терең өңдеудің осы заманғы технологиясын ендіру туралы айтсақ, онда бүгінде жүргізіліп отырған отандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту мұнай өңдеу көлемін арттыру есебінен ашық түсті мұнай өнімдерін өндіру көлемімен қатар, ең маңыздысы, оны өңдеу тереңдігі мен сапасын да көздейді.
Мысалы, хош иісті кешенінен басқа АМӨЗ-де осы күні мұнайды терең өңдеу кешенінің (МТӨК) құрылысы жалғастырылуда. Катализді крекинг қондырғысы мен басқа да бірқатар қондырғыларды іске қосу арқылы МТӨК жобасын іске асыру өңдеуді тереңдету есебінен К-4 және К-5 экологиялық класты қозғалтқыш отынның шығарылатын көлемінің ұлғаюын қамтамасыз етеді. Инновациялық үдерістер өңделетін мұнай тереңдігін 84 %-ға дейін жетуге мүмкіндік береді.
МТӨК жобасынан негізгі экономикалық тиімділік тауарлық мазут пен вакуумдық газойлдың шығаруын едәуір қысқаруымен, аса жоғары өңделу дәрежелі мұнай өнімдері – «Регуляр-92», «Премиум-95», «Супер-98», сондай-ақ дизель отынының үлесінің артуымен Атырау МӨЗ-дің тауарлық балансының өзгеруі нәтижесінде қалыптасады.
Және өте маңыздысы, МТӨК іске қосылуымен шамамен 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Осылайша, отандық мұнай өңдеуге инновациялық технологияларды ендіру отандық экономиканың орнықты және тепе-тең өсуін қамтамасыз етіп, әлем нарығында оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға себепкер болып табылмақ.
Ұзақбай ҚАРАБАЛИН,
Энергетика министрінің
бірінші орынбасары.