Ұл-қызының болашағының баянды болғанын қалаған халқымыз бұл күнді ғашықтардың бас қосып, сезімін білдіретін уақыты деп санаған. Себебі олар алтыбақан теуіп, ауылдың алты ауызын айтып, бір-бірімен ойнап-күліп, таңның атқанын бірге тосқан. Жігіт ұнатқан қызына «Селтеткізер» беріп, отау құруға әзір екенін тұспалдаса, бойжеткен «Ұйқыашар» әзірлеп, келісетінін жеткізген. Осылайша, бағы жарасқан ғашықтардың ән мен биі, ойын-сауығы түннiң бiр уағына дейiн созылған.
«Әз болмай, мәз болмайды» демекші, малдың тұяғы көкке жетіп, төлдеп жатқанда, қыстың ауыртпалығын артқа қалдырған бозбала наурызбен бірге жарқырап, бар сәнді киімін дайындап, «Селтеткізерге» сезімін білдіруге бойжеткенді шақырады. Әрине, жігіт өз тарапынан сүйектен, ағаштан жасалған қазақы ою-өрнектермен көмкерілген күміс зергерлік бұйымдарды әзірлеп немесе айна, тарақ, әтір су алғызып сыйға тартатын болған. Қыздар жігітті ұнатса, жас малдың етіне уыз қосып, дәмділеп тамақ дайындап, «Ұйқыашар» берген. Осылайша, 21 наурыздан 22 наурызға қараған түні көз ілмей Жаңа жылдың алғашқы таңын күткен. Сөйтіп, күн мен түннің теңелген шағында жігіт пен қыздың жүрегі де табысып, болашақ үлкен отбасын құруға алғашқы қадам жасалады. Жастар жағы бастаңғы жасап, ақ дастарқан басында емін-еркін қалжыңдасып, ән-жыр айтысып, тойлаған.
Ұлт тарихымен жасап келген «Селтеткізер» мен «Ұйқыашар» қазақ халқының Наурызға ертеден дайындалатынын аңғартып тұрғандай. Үлкендер соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға саламын деп сақтаған. Бойжеткендер болса кесте, орамал тiгiп, бозбалалар жағы ағаштан тұрмыс бұйымдарын жасап, темiрден сәндiк бұйымдарын соққан. Мұның бәрi – күн мен түн теңесетiн шақта кәдеге асатын «ұйқыашар», «селтеткiзер» жоралғыларының сый-тартулары.
Халқымыз дәстүр мен тәрбиені, махаббат пен сұлулықты ұштастыра білген көреген ұлт. Бабаларымыз «Селтеткізер» мен «Ұйқыашар» дәстүрін инабаттың және кіршіксіз сезім мен таза махаббаттың шуағы деп қабылдаған. Жастардың бірін-бірі ұнатып, мөлдір сезімін дәстүр арқылы білдіруі де осының айғағы болса керек. Ертеден айттырылып қойған қызын көргісі келген жігіттің өзі аталған дәстүрдің ережелерін ұстанған. Әрине жігіттің берген «Селтеткізерін» бойжеткеннің жеңгелері сұлулығын, ақылы мен көркем мінезін, иба-инабатын қалай бағалағанын сынап, ата-енесіне тойдың алғашқы хабарын жеткізетін болған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Наурыз» еңбегінде: «Бір құдайдан басқаның бәрі бірінен-бірі туып, өсіп-өнбек. Туып, өсіп-өнетұғынның бәрі де қартаймақ, өлмек. Көк байы да, жер қатыны. Солай болғаны үшін: «Көктен жаудырсын, жерден өндірсін», дейді. Аспанда бұлтқа бұлт шағылысады, сөйтіп жаңбыр жауады. Жаңбыр көп жаумайтын жылы бұлт қысырап қалды деп күні бұрын айтып отырушылар болады. Жаралған жанды-жансыз бәрі де жұп жаралған. Жұп мәнісі ерлі-байлы деген сөз», деп топшылайды.
Сондықтан «Селтеткізер» мен «Ұйқыашар» дәстүрін жалғастырып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайық! Ертеден-ақ жылына бір-ақ рет тойланатын Наурыз – махаббатқа тұнған жүректер лүпілінің гүл жаратын мезеті. Жастардың бір-біріне ұяң сезімін білдіруге мүмкіндік берілген тамаша күн.
Әсет ПАЗЫЛОВ,
Мәшһүр Жүсіп музейінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Жаңажол ауылы