Наурызнама • Бүгін, 10:15

Ғасырлар ғибраты

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылған іс-шаралар легі Өскеменде жалғасып жатыр. Кеше Арбатта «Jan ana» көп­балалы аналар қоғам­дық бірлестігінің ұйым­дастыруымен ұлттық салт-дәстүр дәріптеліп, мерекелік концерт болды.

Ғасырлар ғибраты

Суретті түсірген – Аяужан Өтеулинова

«Jan ana» қоғамдық бірлестігі өз жұмысын 2019 жылы ерікті аналар тобы ретінде бастаған. Бүгінде көпбалалы және аз қам­тылған отбасыларға қолдау көр­сетіп, мемлекеттік бағдарла­маларды жүзеге асыруға бағыт-бағдар беріп, құқықтық және психологиялық көмек көрсетіп келеді. Сондай-ақ қоғамдық іс-шараларға белсене қатысады.

Биыл да дәстүрді дәріптеу үшін Наурыз мерекесі қарсаңында ерекше іс-шара ұйымдастырып, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Айта кетейік, қоғамдық бірлестік облыс көле­мінде, әр ауданмен жұмыс жүр­гізеді.

«Қатарымызда көпбалалы аналардан бөлек, ақжаулықты әжелер де бар. Бүгінгі іс-шараға Ұлан ауданының «Асыл әжелер» тобы белсене қатысып жатыр.  Бізде тігін цехы жұмыс істейді. Көрмеге сол цехтан, яғни біздің бірлестік мүшелерінің қолынан шыққан ұлттық киімдер, бұйым­дар қойылды. Қоғам жанашыры әрі ана болғандықтан, ұлттық құндылықтарды бола­шақ ұрпаққа дәріптеу – біз­дің міндет», деді қоғамдық бір­лестік жетекшісі Гүлжамал Бершім­бекова.

Салтанатты іс-шарада ән шыр­қалып, жиналған көпшілік би биледі. Сондай-ақ қонақтар сә­биді бесікке бөлеу рәсімін көріп, әже­лердің ұршық иіргенін, ұлттық киімдер дефилесін тамашалады.

«Халықты қолөнермен, ұлт­тық киімдерімізбен таныстырып, салт-дәстүрден үзінді көрсетілді. Ежелгі дәстүрден басталған дүние, ата-бабамыздан қалған өсиет өз сабақтастығын табуы керек. Сондықтан мұндай іс-шаралардың маңызы зор», деді Ұлан ауданынан келген Гүлзиға Рахымқалиқызы.

Әжелердің бастамасымен, қала әкімдігінің қолдауымен ұйым­дастырылған іс-шара көп­тің көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленді.

 

ӨСКЕМЕН 

Соңғы жаңалықтар