Егемендіктің елең-алаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен шетелдердегі қазақтардың көші атамекенге бет түзегені белгілі. Сыртта жүріп Отанға деген сағыныш жүректерін сыздатқан қандастарымыздың тәуелсіздік берген мүмкіндікті пайдаланып қалуға асыққаны соншалық, әлі де еңсесін тіктеп үлгермеген, өлара шақтағы қиындықтарды бастан кешіп жатқан Қазақстанға белді бекем буып жеткен болатын. Мұндай іргелі көшке Моңғолиядағы қандастарымыз алғашқылардың қатарында қосылған-ды.
Сол алғашқы лекте келгендердің бір тобы Қобда ауданына табан тіреген еді. Олардың атажұртқа артынып-тартынып жеткен кезіне куә болғанбыз. Осы сексеннен астам отбасының арасында моңғолиялық қандасымыз Мизамхан Кәкейдің шаңырағы да бар еді. Мизамхан аға Сарбұлақ ауылына қоныс теуіп, мемлекет берген жеңілдіктердің игілігін көрді. Қашаннан адал еңбегіне сеніп әрекет ететін ол келе сала сарбұлақтықтармен тонның ішкі бауындай жақындасып кетті. Күрделі кезеңнің ауыртпалықтарын ауылдастарымен бірге көтерді. Мектепте тарих пәнінен сабақ берді. Арғы бетте алған білімі мен тәжірибесінің, ата-баба тәрбиесінен тамыр тартатын білігінің арқасында ұжымға тастай батып, судай сіңді, әріптестері арасында беделге ие болды. Жүре-бара елім деп аңсап жеткен азамат осы жерге тамыр жайды, балалары ержетті, еңсе көтерді, қыз алып, қыз беріскен құда-жегжатты болды. Туған жердің саумал самалына шөлдеп келген сағынышы алдамағанына көзі жетті.
Мизамхан Кәкейдің отбасы үшін ең басты құндылықтар халқымыздың салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті болып саналады. Осы ұлтжандылық қасиеттерінің арқасында алғашқылардың қатарында елге оралып, туған жермен қауышты. Алыста жүргендегі сағынышы арман-мұраттарын жүзеге асыруға мол мүмкіндік берді. Балаларын туған жерде тәрбиелеп, ата-баба топырағын бастырған азамат отбасы бақытын, берекесін, бірлігін ерекше бағалайды. – Осы отбасының береке-бірлігі, ынтымақты тірлігі, еңбекқорлығы мен білімге құштарлығы аудан жұртшылығына ерекше үлгі. Отағасы Мизамхан ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, бүгінгі күні зейнетке шығып, ауданның ардагерлер кеңесінің белсенді де беделді мүшесі, жастардың ақылгөйі болып отырған ардақты ақсақал. Қаймағы бұзылмаған қазақы ортада өскен Мизамхан Кәкейдің отбасында ұлттық құндылықтарға айрықша мән беріледі, халқымыздың қасиетті әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі әдемі сақталады. Өнегелі әулет «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңіне қатысып, үшінші орынды жеңіп алды. Осы шаңырақтың бақуатты тұрмысы мен шуақты тіршілігі ауылдастарын игі істерге ұмтылдырады десем артық айтқандық бола қоймас. Отбасы мүшелері ауданда өтетін мәдени шараларға ұдайы атсалысады, қоғамдық жұмыстардың қақ ортасында жүреді. Мұның өзі отбасындағы тәрбиенің түзулігі, өнегенің өміршеңдігі, – дейді аудан әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова. Отанасы Әзина сырмақ сырып, киіз басып, тұс кілем тоқиды, ұлттық тағамдарды шебер әзірлейді, шеберлігіне ауылдастары тәнті. Қашанда айналасындағыларға білгенін үйретіп, тәжірибесімен кеңінен бөлісуден еш жалықпайды. Апайдың алтын қолынан шыққан бұйымдар түрлі жәрмеңкелердің төрінде орын алады. Мизамхан аға отбасын мұғалімдер әулеті деуге әбден болады. Ұлағатты ұстаз Мизамхан ел балаларын білім нәрімен сусындатып, артынан ерген балаларын да ұстаздыққа баулыды. Бүгін олар ата жолын лайықты жалғастырып жүр. Ұлы Нұрболат спорт мектебінде директордың орынбасары қызметін атқарады. Қызы Әсемгүл бастауыш сынып мұғалімі. Күйеу баласы Айбек – мектеп директоры. Келіні Динара саусағынан бал тамған шебер, аудандық оқушылар үйінде балаларға ұлттық өнердің қыр-сырын үйретіп, түрлі сайыстардың жүлдегері атануда. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас құрақ немерелер де өнер мен спортта алдарына жан салмайды. – Мен Сарбұлақта екінші сыныпты бастап оқып, орта мектепті тәмамдадым. Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің дене тәрбиесі және спорт факультетін бітіріп, мұнай-газ колледжінде еңбек жолымды бастадым. Магистратура бітіргеннен кейін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен осында келдім, қазір Қобда аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары болып жұмыс істеймін. Жолдасым Динара аудандық оқушылар үйінде жұмыс істейді. Отбасымызда ата-анамызға деген құрмет ерекше. Үлкендеріміз қашанда отбасындағы береке-бірліктің ағайын арасындағы татулықтан тамыр тартатынын ұдайы ескертіп отырады. Өздері де алдыңғы толқын салған әдеп, ізгілік,мейірмандықты ұстанып, туысқандыққа сызат түспеуіне бас-көз болып жүреді. Біз де ұяда көргенімізді кейінгілердің бойына өз өнегемізбен дарытуға тырысамыз. Шүкір, бауырларым мен ағайын-жегжат арасындағы қарым-қатысымыз жақсы. Әкем Мизамхан сол ауылдың сыйлы азаматы ғана емес, имамы да. Айналасын имандылыққа, адамгершіліктің ала жібін аттамауға шақырып жүреді ылғи да. Біз ата-анамыздың ақ сүтін ақтауды перзенттік парызымыз санаймыз, – дейді Нұрболат Мизамхан бауырымыз. Мизамхан Кәкей – абыройлы азамат, үлгілі әке, ұрпағына ұлтының асыл қасиеттерін мұра еткен сыйлы жанұяның басшысы. Отбасының ерекшелігі – татулығында, еңбекке деген адалдығында, барлық балалары өз ісіне айрықша жауапкершілікпен қарайды. Қоғамда белсенді көзқарас ұстанады. Мизамхан Кәкей отбасының байлығы мен бақыты – балалары. Сегіз құрсақ көтерген абзал ана Әзина – «Күміс алқа» иегері. Өнегелі отбасының рухани-адамгершілік құндылықтары – ұрпақ тәрбиесі, өмірлік ұстанымы – ізгілік пен адамгершілік, алға қойған асыл мақсаттары – ел игілігіне қызмет етер ұрпақ тәрбиелеу болса, бұл отбасы сол міндетті абыройлы орындап отыр деуге әбден болады. Мизамхан аға мен Әзина апаның барлық балалары өмірден өз орнын тауып, елге қызмет етіп жүрген азаматтар. Мұндай отбасылар жастарға үлгі, қоғамның тірегі екені сөзсіз.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы, Қобда ауданы.