Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жеке сот орындау институтының жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізу мен мемлекеттік сот орындаушыларын кезең-кезеңмен қысқарту көзделген болатын. Осыған орай бүгінде мемлекет жеке сот орындау саласына қолдау көрсету мақсатында сот шешімдерінің атқару үлгісін дамытуға кедергі келтіретін бірқатар кемшіліктерді жоюға күш салуда. Кеше осы мәселе төңірегінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Әділет министрлігінің сот актілерін орындау департаменті директорының орынбасарлары Саида Сағдат пен Сұран Меркібай, сондай-ақ, жеке сот орындаушылары республикалық палатасының төрағасы Сергей Лидің қатысуымен брифинг өтті.
Онда белгілі болғандай, 2016 жылдан бастап жеке сот орындаушыларының қарамағына заңды тұлғалардың пайдасына шешілген сот істері өтеді. Олар барлық аталған өндірістік істің шамамен 20 пайызын құрайды. Сонымен қатар, жеке сот орындаушыларына алимент, жалақы, зейнетақы және мүліктік емес өндірістерді атқаруды тапсыру қарастырылған. Дегенмен, лицензияланған сот орындаушыларының өкілеттігі мемлекет борышкер болған жағдайларда және мемлекет мүддесін көздейтін, яғни көшіру, орналастыру, бұзу, жер телімдерін алу және басқа да өндірістер жеке сот орындау санаттарына таралмайды.
Әрине, жеке сот орындаушылар институты әлеуеті соңғы екі жылда айтарлықтай артып, алда болатын өзгерістерге дайын екенін көрсетті. Мәселен, биылғы 1-жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жеке сот орындаушыларының атқаруында 1,3 трлн. теңгенің 535 мыңға жуық құжаты болса, оның 227 млрд. теңгені құраған 134 мың құжаты қаралып бітті. Сондай-ақ, 21,6 млрд. теңгенің 96 мың құжаты толық қаралды. Жеке сот орындаушыларының көмекшілер санына шектеу қойылмауы оларға актілерді барынша көбірек қарауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жеке сот орындау саласын дамытумен бірге, Ұлт жоспары аясында мемлекеттік сот орындаушылардың санын 2017 жылға қарай 66 пайызға кезең-кезеңмен қысқарту қарастырылған. Ал Әділет министрлігінің сот актілерін орындау департаменті директорының орынбасары Саида Сағдаттың айтуынша, 2018 жылы тек 400 мемлекеттік сот орындаушыны қалдыру көзделген. Бұдан бөлек, Қазақстан азаматтары өзінің мемлекетке қанша қарыз екендігін Әділет министрлігінің сайтынан тексере алады. «Бүгінгі күні Əділет министрлігінің сайтында Қазақстан Республикасы шегінен шығуы уақытша шектелген тұлғалардың жəне борышкерлердің тізімі жазылғандығын айтқым келеді. Сондықтан, егер біреу шетелге шығуды жоспарласа шекарада түсініспеушіліктер орын алмас үшін, сайттан тізімде өзінің бар-жоғын анықтап алуына болады», – дейді Саида Сағдатқызы. Сондай-ақ, «Банктер және банк қызметі туралы» Заңның 50-бабына, сот орындаушыларды борышкер жеке тұлғалардың шоттары жайлы ақпарат алуға мүмкіндігі бар тұлғалар тізіміне қосу туралы түзету енгізу қарастырылуда. Мәселен, Ресей, Грузия, Францияның жеке сот орындаушылары атқарушылық құжат негізінде түрлі тізімдер бойынша банктерге электронды түрде кедергісіз кіре алады. Ал борышкердің банктегі мәліметтеріне электронды кедергісіз кіру құқығы Дүниежүзі Банк атқарушылық өндірісті жетілдіру кеңесі негізінде беріліп отыр. Республикалық палатаның жоспарында жеке сот орындаушыларын және олардың көмекшілерін жыл сайын арнайы орталықта тағылымдамадан өткізу қарастырылған. Оның қорытындысы бойынша маманның біліктілігі айқындалады немесе емтиханнан өтпеген жағдайда лицензиясын тоқтату туралы шешім қабылданады. Өйткені, жеке сот орындау саласы сот актілерін және өкілетті органдардың шешімін жүзеге асыруда жедел және заманауи үлгі ретінде танылса мемлекеттік сот орындаушылар ел мүддесін қорғауына сай борышкерге әкімшілік ықпалын тигізетін соңғы саты болып қала бермек.
Айдар ӨРІСБАЕВ, «Егемен Қазақстан».