14 Мамыр, 2015

Головкиннің жекпе-жектері «Қазақстан» телеарнасынан тікелей көрсетіледі

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақстан» РТРК Геннадий Головкиннің жақын арада өтетін екі жекпе-жегін тікелей эфирден көрсету құқығына ие болды. egemen (1)

Қазақстандық кәсіпқой боксшы­ның америкалық кіші Вилли Монро­мен кездесуін «Қазақстан» телеарнасы тікелей эфирден мамыр айының ортасында көрсетеді. 17 мамыр күні таңертең аталған телеарна биылғы жылғы басты бокс айқастарының бірі – орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин мен орта салмақта «Boxcino-2014» турни­рінің жеңімпазы 28 жастағы кіші Вилли Монромен жекпе-жегін Лос-Анджелес қаласынан тікелей эфирде ұсынады. 17 мың адам сиятын Лос-Андже­лестің (АҚШ) жаңартылған «The Forum» аренасынан үлкен бокс кеші 17 мамырда сағат 07.00-де «Қазақ­стан» телеарнасынан көрсетіледі. Ал Головкин мен кіші Монроның кездесуін шамамен таңғы 09.00-де тама­шалауға болады. Ескерте кететін нәрсе, тікелей эфирден беріл­ген жекпе-жекті жіберіп алған жан­күйерлер трансляциялардың қайталауын 17 мамыр күні күндізгі және 18 мамыр күні кешкі уақытта «Кazsport» телеарнасынан көре алады. Г.Головкин – Қарағанды қаласы­ның тумасы, қазақстандық бокс­шы, 2003 жылы әуесқойшылар арасында әлем чемпионы және 2004 жылы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері. Қазақстан Респуб­ликасының еңбек сіңірген спорт шебері, еліміздің 7 дүркін чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы. 2013 жылы 24 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессия­сында боксшы өзінің шығу тегі тура­лы: «Ұлтым туралы сұраған кез­де, мен былай деп жауап беремін: Әкем – орыс, шешем – кәріс, ал мен – қазақ­пын! Менің барлық жеңісім еліме арналады, менің халқыма, Президентіме арналады!» деген болатын. Головкиннің екінші жекпе-жегі, болжам бойынша, қыркүйек айына жоспарланып отыр. Нақты күні, өткізілетін орны мен қарсыласының есімі әлі белгісіз.

Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».