15 Тамыз, 2015

Трансшекаралық өзендерді пайдалану мәселелері талқыланды

393 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

05-05-14-reka_shagan

Бейжіңде Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Су шаруашылығы министрінің орынбасары, Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясының қытай жағынан тең төрағасы Цзяо Юнмен кездесу өткізді, деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында су ре­сурс­тары саласындағы ынтымақ­тас­тықты дамыту және Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында транс­шекаралық өзендерде су бөлу келісімі жобасына қатысты бірлес­кен жұмыс мәселелері бойынша пі­кір алмасылды. Тараптар Транс­шекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясының жұмысына оң баға берді. 2003-2015 жылдары комиссияның 12 мәжілісі өткізіліп, олардың қорытындысы бойынша маңызды уағдаластықтар мен нәтижелерге қол жеткізілді. Өткен жылы құрылған сарап­шылардың арнайы жұмыс тобы айналысатын ҚР мен ҚХР арасында Трансшекаралық өзендердегі су бөлу келісімінің жобасы бойынша белсенді жұмыс басталды. Сарапшылардың бірінші мәжілісі 2015 жылдың наурызында Алматыда өтті. Осы жылдың қыр­күйегінде Бейжің қаласында келісім жобасын келісу бойынша сарапшылардың екінші мәжілісін өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Ш. Нұрышев: «Қазақстан-Қытай трансшекаралық өзендер мәселелері бойынша бірлескен жұмыстың басты мақсаты – екі мемлекет басшылары арасындағы уағдаластықтарды іске асыру болып табылады. Бұл мәселелер ерекше бақылауға алынып және жоғары деңгейдегі кездесулер барысында үнемі талқыланып тұрады», – деді ол. Ал Цзяо Юн қытайлық тарап екі ел арасындағы көпжақты стратегиялық әріптестік қарым-қатынастары шеңберінде Қазақстанмен бұл бағытта ықпалдастықты нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.

«Егемен-ақпарат».