Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Бірақ бұл үрдістің цифрлық кеңістіктегі көрінісі әркелкі. Біз осы жолы ресми органдардың сайттарына тоқталғымыз келіп отыр. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен құқықтық салмағы бар әжептәуір порталдарда қазақша орашолақ жазылған материалдарды көріп көңіліміз түседі. Пунктуациялық қателерді есепке алмағанда, сөзі жайдақ, сөйлемі сойдақ мәтіндерден мәйекті мағынаны сүзіп алу қиын. Кейбір ақпараттар көрші елдің тілінен көзсіз көшірілгені анық аңғарылады. Ондай сапасыз жазба, әлбетте, дұрыс оқылмайды. Қаралымы өте аз болады. Қандай да бір ресми ақпаратты қазақ тілінде тұшынып оқи алмаған адам еріксіз басқа тілдегі нұсқаға жүгінеді. Осы тақырып төңірегінде пікір білдіріп жүрген қоғам белсендісі Қуаныш Әділханұлы мына мәселеге назар аударуды сұрайды. Оның айтуынша, ресми сайттардың құрылымы әлі де мемлекеттік тілдің толыққанды қолданылуына бейімделмеген.
«Мәселен, салық төлеушілерге арналған қызметтер порталын алайық. Сілтемесі былай рәсімделген: «cabinet.kgd.gov.kz». Мұндағы «kgd» атауы орыс тіліндегі «комитет государственных доходов» тіркесінен алынған. Бұл порталдың бастапқыда орыс тілінде әзірленіп, кейін қазақ тіліндегі нұсқасының қосылғанын білдіреді», дейді Қ.Әділханұлы.
Уәжді сөз. Біз өз тарапымыздан «Біріңғай жинақтақтаушы зейнетақы қорының» сайтын да жоғарыдағы санатқа қосқымыз келеді. Интернет-ресурста бұның сілтемесін «enpf.kz» деп табасыз. Бұл да «единый накопительный пенсионный фонд» тіркесінің аббревиатурасы.

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтер арқылы лицензиялар мен рұқсат құжаттарын онлайн түрде алу мен рәсімдеуге арналған цифрлық жүйе бар. Сайтының атауы – «e-License.kz». Ағылшын тілінен енген «рұқсат», «еркіндік» мағынасына саяды. Тілімізді ағылшынша бұрап айтқаннан гөрі, жүйені «e-Ruqsat.kz» дей қойсақ, иманымызға қайшы емес қой? Кейбір «данышандар» қазақтың төл әріптерінен құралған сөзді сайттың, мекеменің ресми атауына жақындатқысы келмейді. Бақсақ, өзге тілді пайдаланушыларға қиын соғатын көрінеді. Бірақ азаматтардың мемлекеттік органдарға хат жолдайтын платформаны орыс та, ойрат та емін-еркін «e-Otinish» деп айтып жүр ғой. Ономастика саласының ғалымдары да ағылшын сөздерін жөн-жосықсыз тіркей беру тілге қатты зиян шектіретінін айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ ағылшынша сөз қосылған атау «заманауи», «беделді» көрініп, қағынан жеріген құландай жүрген күйіміз осы.
Тағы бір мәселе. Мемлекеттік интернет-ресурстарда қызметтер үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) ұсынылады. Бұл қолжетімділік тұрғысынан оң қадам екені анық. Алайда соған қарамастан, аталған ресурстардың басым бөлігінде басты бет әдепкіде орыс тілінде ашылады. Қазақ тіліндегі нұсқаға өту үшін пайдаланушы тінтуірін тағы да түртуі керек. IT-мамандары бұның себебі – еліміздегі мемлекеттік сайттардың архитектурасы көптілділік функциясына бейімделмегенінде дейді. Сала сарапшысы Гүлжан Төлеуқызы цифрлық жүйенің логикасын былай түсіндіреді:
«Көп жағдайда сайттың құрылымы бір тілге негізделіп жасалады да, қалған тілдер соған тәуелді күйде жұмыс істейді. Яғни қазақ тіліндегі нұсқа дербес өнім ретінде емес, негізгі нұсқаның қосымшасы ретінде қарастырылады. Соның салдарынан ақпарат бір тілде жаңарса, екіншісінде кешігіп беріледі немесе сол күйі қалады», дейді маман.
Бұл әсіресе контентті басқару жүйесінде анық көрінеді.
«Ақпаратты жариялау, жаңарту және түзету үдерістері әр тілде бөлек-бөлек жүргізіледі. Ортақ байланыс болмаған соң, бір материалдың бірнеше нұсқасын қатар ұстап тұру қиындайды. Нәтижесінде, қазақ тіліндегі мазмұн көбіне кейін қалып қояды», дейді Гүлжан Төлеуқызы.
IT-маманы сайт жүйесін жаңаша жобалау керектігін алға тартады. Бірнеше тілде тең синхрондалатын жүйені жасақтай алсақ, ақпарат қазақша да, орысша да бірдей деңгейде әрі уақтылы оқылады. Хош, қанша жерден сайттың ішкі жүйесін әңгіме еткенімізбен, түпкілікті жауапкершілік қашан да адамда ғой.
«Қолында Мәрияның өткір қайшы» дегендей, бұқара халыққа жарияланатын әрбір материал редактордың қолымен түзеліп, қателігі күзеліп отыруға тиіс. Қазір мемлекеттік тілде дұрыс сөйлеу һәм жазу бағытында, терминологиялық және құжаттамалық бірізділікті қалыптастыру мақсатында бірқатар онлайн платформа жұмыс істейді. Мемлекеттік органдағы баспасөз хатшысы білмейтін сөзін, таппаған терминін сол ресурстардан оп-оңай қарап алса болады. Былайша айтқанда, бұл – ашық әрі қолжетімді анықтамалық құралдар. Осындай жобаларды жүзеге асырып отырған «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы». Орталықтың қоғаммен байланыс бөлімінің менеджері Жарқынбек Жұмаәділ бұл ресурстардың маңызын былай түсіндіреді:
«Бұл платформалар ең алдымен практикалық қолдануға бағытталған. Яғни мәтін дайындайтын маманға күнделікті жұмыста нақты көмек беретін құралдар. Мәселен, «Termincom.kz» – ғылым, білім, техника, экономика және қоғамдық-әлеуметтік саладағы терминдердің бірыңғай республикалық базасы. Мұнда бекітілген атауларды қарап қана қоймай, жаңа терминдерді саралауға да мүмкіндік бар. «Emle.kz» – дұрыс жазу нормаларын тексеруге арналған ыңғайлы құрал. Кез келген сөзді теріп, емлесін нақтылауға болады. Ал «qujat.kz» сайтында қазақ тіліндегі құжат үлгілері топтастырылған. Қажетті құжатты қарап, соған сүйеніп жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Ал «qujat.kz» – іс қағаздарын қазақ және орыс тілдерінде сауатты әзірлеуге арналған үлгілер базасы. Мұнда түрлі құжаттардың дайын нұсқалары мен оларды толтыруға қатысты ұсынымдар берілген», дейді Жарқынбек Жұмаәділ.
Сайып келгенде мұндай ресурстарды тиімді пайдалану қазақ тіліндегі ресми жазбалардың сапасын арттыруға және контент дайындайтын мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.